«Түркі әлемі: тарихи-мәдени атлас» ғылыми еңбегі таныстырылды

Онлайн-офлайн режимде өткен басқосу барысында Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемі: тарихи-мәдени атлас» атты ғылыми еңбектің таныстырылымы өтті.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзімен жарық көрген бірегей басылым әйгілі саяхатшылар мен жиһанкездер жасаған көне карталар мен байырғы бабаларымыздың мол мұрасын көрсететін маңызды мәліметтерді қамтиды.

Айта кету керек, атлас Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының мазмұнына негізделген алты тақырыптық  бөлімге жүйеленген.

Конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Ұйым басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген ұстанымын Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемі» атласы ғылыми тұрғыда айқындай түсетінін айтты.

Түркі әлемінің алғашқы тарихи-мәдени атласын таныстыру рәсімнен кейін сөз алған ТүркПА ұйымының бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов оқырманға жол тартқан бірегей басылымды жоғары бағалап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламалық мақаласындағы орамды ойлардың тарихы ортақ бауырлас елдердің баршасы үшін маңызды екенін айтты.

Бұдан кейін сөз алған Түркі кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы тарихи шекаралар туралы әңгіменің тарихтың еншісінде қалуы керек екенін  атап өтті.

Әзербайжанның алғашқы премьер-министрі Гасан Гасанов сақ-скиф дәуірінен бастау алатын  қазақ тарихының тамыры тереңде екеніне тоқталды.