Басты бетҚоғамПрезидент: Қазаққа...

Президент: Қазаққа ұлан-ғайыр аумақты ешкім сыйға тартқан жоқ

Президенттің айтуынша, шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс беруіміз керек. Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажет.

Бұл туралы мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жазды.

Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз — ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек, — деп жазды ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан шекарасы толығымен шегенделгенін баса айтты.

Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны дүниежүзі жұртының мойындауы кейінгі бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмаған. Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді, — делінген мақалада.