Респонденттеріміз:

  • Жаңа жыл сіз үшін қандай мереке? Бұл күнді қалай қарсы аласыз?
  • 2020 жылы несімен есте қалды? 2021 жылдан не күтесіз?
  • Сиыр жылы туған достарыңыздың, таныстарыңыздың мінезі қандай? Олардың сізге ұқсайтын тұсы бар ма?

деген сұрақтарға жауап берді.

Гүлбаршын Ибраимова, 1961 жылы туған:

Гүлбаршын Ибраимова қызы және немересімен
Гүлбаршын Ибраимова қызы және немересімен. Фото жеке архивінен

Мұсылман қауымы үшін Жаңа жыл – Наурыз мейрамы деп есептеймін. Дегенмен ескінің жаңаға ауысатын кезі ретінде Жаңа жылды да жақсы көремін. Биыл карантин шараларына байланысты ұжыммен тойлауға тыйым салды. Сондықтан бұл күнді жылдағыдай отбасыммен, немерелеріммен үйде қарсы аламын. Немерелерім “Аяз ата қашан келеді?” деп асығып жүр. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын.

2020 адамзат тарихында ауыртпалығымен есте қалады. Небір жайсаң жандарымыздан айырылдық. Өзім қызмет еткен білім ордаларында биыл жарияланған карантин шараларын осы уақытқа дейін көрмеген едік. Сонда да пандемияға қарамастан елімізде жақсы жаңалықтар да болды. Өзіме келер болсам, биыл зейнетке шықтым, немерелерім дүниеге келді. Сиыр жылы дүниеге келгендіктен мен де келер жылдан сиырдың жайлылығын күтемін. 2021 жыл қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай, заманымыздың басы болады деп сенемін.

Менің замандастарым, құрдастарым – 1961 сиыр жылы туғандар. Бір жылда туған адамдардың басқалардан ерекшелігі, табиғатының ұқсастығы көрініп тұратын сияқты. Өйткені өзімнің құрдастарымнан жайлы мінез, ақкөңіл, кеңпейілділік көремін. Ұжымда өзімнен кейін келген, сиыр жылы туған жастар да қызмет етіп жатыр. Олардан да жомарттықты, келісіммен жұмыс істейтін, дауласпайтын жайсаң мінезді байқаймын. Сонымен қатар сиыр жылы туғандардың өз жұмысына адалдығы, мінезінің аңғалдығы байқалып қалады. Олардың барлық қыры болмаса да, арасында кей мінезімен маған ұқсайтындары бар.

Есенкелді Қазбек, 1985 жылы туған:

Есенкелді Қазбек
Есенкелді Қазбек. Фото жеке архивінен

Жаңа жылға күнтізбе басы, жыл ауысатын мереке деп қараймын. Бұл күнді аса тойлай бермеймін, бірақ үй ішімізбен жиналып, балалардың көңілі үшін дастархан дайындап, атап өтеміз.

2020 өте күрделі жыл болды. Бұрын-соңды болмаған жағдайға тап болдық, халық қиналды, карантинді көрді. Бәріміз бұл жылды ауыр кезең болды деп есептейміз. Дегенмен жақсы жаңалықсыз қалмадық. Үлкен қызым мектеп табалдырығын аттады. Бармаса да, қашықтан сабақ оқып жүр.

2021 жылдан Алланың бергенін күтеміз. Бұйырса, құрылысты бітіріп, 2021 жылы жаңа үйге кіргелі отырмыз. Құдай қаласа, сиыр жылында үшінші балам дүниеге келеді. Жұбайым екеуіміз ұл күтіп отырмыз. Негізі сиыр молшылықтың белгісі ғой. Сондықтан 2021 жақсы жыл болуы керек. Сиыр сүт береді, тұрмысқа жайлы. Қиын-қыстау кезде Зеңгі баба баласы адамзатты талай аман алып қалған.

Ойланып қарасам, сиыр жылы туған құрдастарым ашық-жарқын екен. Ешкімді жат көрмей, бәрімен тең араласа біледі. Бірақ қырсықтау келеміз, сиыр сияқты сүзегенбіз. Жұбайым да өзім сияқты сиыр жылы туған. Мінезіміз ұқсас.

Әсем Ілесбай, 1997 жылы туған:

Әсем Ілесбай
Әсем Ілесбай сіңлісімен. Фото жеке архивінен

Жаңа жыл мен үшін – басты әрі ерекше мерекенің бірі. Себебі осы күні ата-анаммен, бауырларыммен бас қосамын. Алматы немесе Еуропа болсын, қайда жүрсек те, сол күні үйге бару бәріміздің міндетіміз болып кетті. Отбасымда әсіресе мен Жаңа жыл мерекесін күн санап күтемін, оның ойдағыдай өтуіне атсалысамын. Өзім Алматыда тұрғасын мереке қарсаңында үйге баруды, отбасыммен бірге болуды маңызды деп білемін. Жаңа жылды отбасыммен бірге қарсы алып, дастархан басында төрт көзіміз түгел жиналуды жыл сайын асыға күтемін.

2020 бәрімізге үлкен сынақ болды. Пандемияның кесірінен қанша адам жақынынан айырылды. Карантинге байланысты кәсібі жүрмей, жұмысы тоқтап қалғандар бар. Ауыр болса да, өзім үшін ерекше жылдардың бірі. Анам қатты ауырса да, аяққа тұрды. Өзім де сырқаттандым, бірақ бәрі жақсы болып кетті. Сонымен қатар биыл тұрмысқа шықтым. Бұл осы жылдың үлкен тосынсыйы болды. 2020 өмірімде ең бақытты жылдардың бірі болып есімде қалады.

2021 жылы дүниежүзінің әр тұрғынына мықты денсаулық тілеймін, ешкім ауырмасын. Бұл тұста тек физикалық денсаулықты емес, ментал саулықты да айтып отырмын. Себебі пандемия салдарынан ментал денсаулықтың маңызды екені байқалып келеді. Оған тек қуаныштымын. Жан-дүние сау болса, адамның тәні де ауырмайды. Биыл өзім материалдық заттарға, дүние, байлық жинауға көңіл бөлмейтін болдым. Одан да маңыздырақ дүниелердің барына көзім жетті. Рухани байлық бәрінен артық сияқты. Адамдар рухани кемелдене берсін. 2021 жыл рухани дамитын, жандүниенің байлығына қол жеткізетін жыл болсын.

Өзім сияқты сиыр жылында туған құрдастарым – мықты, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын адамдар. Екіншіден, олар әрнәрсені көңілге тез алады, нәзік, жүрегі жұмсақ. Сырттай мықты, ержүрек болып көрінгенімен тез ренжіп қалуы мүмкін.

Заңғар Төлеген, 2009 жылы туған:

Заңғар Төлеген
Заңғар Төлеген. Фото жеке архивінен

Жаңа жылды отбасымызбен үйде, көңілді қарсы аламыз. Бәріміз ас ішеміз, оливье жейміз. Сосын кәуап жасайтынымыз бар. Жаңа жылда алыста оқуда жүрген және тұрмыстағы әпкелерім үйге келеді. Сол күнге дайындаламыз, үйді сәндейміз, сыйлық жасаймыз. Былтыр үйдегі әпкем, інім, қарындасым – бәріміз ақша жинадық та, көп тәтті сатып алдық. Сосын олардың сыртын арнайы орап, тілек жазып, жақындарымызға сыйладық.

Тышқан жылы ерекше есімізде қалады. Себебі біз қашықтан оқи бастадық, кластастарымызды көрмедік, форма кимедік. Сондықтан оқу жылы да бізге қызықсыз болды. Оның үстіне онлайн сабақ миға қонбайды, тез-тез оқып, далаға асығып тұрамыз. Бірақ биыл жақсы жаңалықтар да болды. Әпкем босанды, тағы екі әпкем тұрмысқа шықты.

2021 жылдан көп жаңалық күтемін. Коронавирус кетсе екен, мен шетелге көп қыдырсам екен. Түркияға барғым келеді, себебі ол жақта тарихи ескерткіш көп. Сондықтан келесі жылы вирус кетсе екен деп тілеймін. Пандемия бітсе, адамдар бір-біріне қыдырады, туыстар бір-біріне қонаққа барады, адамдар маскасыз жүреді, бәрі табиғатқа демалуға шығады.

Менің 2009 жылы туған достарым ақкөңіл, қамқор, бір-біріне көмектесіп жүреді. Өзім де ақкөңілмін. Бірақ олардың ұмытшақ мінезін байқадым.