Студент билетін енді Egov.kz порталынан алуға болады

Студент билеттері электрон форматқа ауысты. Құжатты eGov сайтынан және eGov mobile қолданбасынан алуға болады.

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі Facebook-те хабарлады.

Жеке электрон құжаттарды сақтау бойынша “Цифрлық құжаттар” сервисі eGov mobile қолданбасының басты бетінде орналасқан. Электрон студент билеті осы сервистің ішінде. Қосымшада ЭЦҚ немесе бір реттік құпия сөз арқылы авторизациядан өту қажет.

Барлық жоғары оқу орны мен колледждер қағаз түріндегі студент билеттеріне қыруар қаражат жұмсайды. Орташа есеппен әр студент билеті 1000-1200 теңге аралығында тұрады. Студенттерге арналған жеңілдіктерді пайдаланатын қағаз құжаттардың шынайы екенін растау қиындық тудырып жататыны белгілі. Ал eGov mobile қосымшасында құжаттың шынайы екенін Электрон үкімет растайды. Сондықтан студент билеттерін сандық форматқа ауыстыру тек ақша үнемдеп қоймай, сонымен қатар студент мәртебесін растау кезінде ыңғайлы, – деді білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари.