Басты бетҚоғамНұр-Сұлтанда жаппай...

Нұр-Сұлтанда жаппай төбелес салдарынан екі адам қаза тапты

22 желтоқсанда сағат 23.30-да «102» арнасына Бетон зауыты аумағында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Дереу оқиға орнына полиция қызметкерлері келді.

Төбелес салдарынан ауруханаға екі ер адам жеткізілді. Біреуі кеуде қуысынан атыс жарақатын алса, екінші адам қарын тұсынан пышақ жарақатын алып, салдарынан екеуі де қайтыс болды. Полиция қызметкерлері қаза тапқандардың жеке басын анықтады. Олар Қызылорда облысында туып-өскен 39 және 44 жастағы ер адамдар болып шықты.

Сонымен бірге ауруханаға 24 жастағы жігіт атыс жарақатымен жеткізілген.

Жанжал қарыз міндеттемелерінің салдарынан туындаған. Соңы төбелеске ұласып, суық және атыс қарулары қолданылған.

Оқиғаға қатысқан 11 адам анықталып, ұсталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.