Еңбек министрлігі: Зейнет жасы өзгеретіні туралы ақпарат жалған

Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мұның фейк екенін хабарлады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнет жасы — 63, әйелдер үшін — 59,5 жас, одан әрі 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп көбейеді.

2014 жылы бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 2018-2027 жылдар аралығында әйелдердің зейнетке шығу жасын жыл сайын 6 айға біртіндеп көбейту көзделген.

Бірақ мұндай өзгерту 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге қатысы жоқ. Олар зейнетке 53 жаста, ал Семей полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жаста шыға алады.

Ведомство азаматтарды жалған ақпаратқа назар аудармауға және оны тек ресми дереккөзден алуға үндеді. Сонымен бірге жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жазаланатынын еске салды.

Еске салайық, Қазақстанда зейнетке шығу жасының өзгеретіні туралы фейк бұған дейін де тарады. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпаратты жоққа шығарды.