Айгүл Құрманғазықызы, желтоқсан оқиғасының куәгері:
Жұрт ашынды
Негізі, оқиға 17 желтоқсан таңертең басталды ғой. ҚазМУ-дің қалашығында сағат 10.00-11.00-де студенттер жинала бастады, мән-жайдың бәрін түсіндірді. «Қазақпын» деген студент жатақханада жатқан жоқ қой, сабақта да болған жоқ. Сол күні Брежнев алаңына келдік, қазіргі Республика алаңы. Тимирязев көшесінің бойымен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін салып бәріміз келдік.
О баста жастардың бейбіт шеруімен басталған жиынды таратпақ болған биліктің іс-әрекетінен ештеңе шықпады. Содан соң өкімет қарсы милиция мен әскер күшін шығарып, алаңдағы жұртты күшпен басып-жаншуға тырысты. Қолында шоқпарлары бар, қалқандары бар әскерлер тұрған халыққа бірден тап берді. Жұрт басында бірнеше рет қашты, содан кейін ашынды ғой, енді…
Нұрзия Мұханбеталиева, желтоқсан оқиғасының куәгері:
Басыма таяқ сарт ете қалды
Кешкі сағат сегізге қарай алаң жастарға толып кетті. «Менің Қазақстаным» және «Атамекен» әнін орындады.
Оларды трибунаға жақындатпады. Біраз зиялы қауым өкілі келіп, жастардың қайтуын сұрады. Солардың ішінде Роза Бағланова да бар болатын. Ол жылап тұрып: «Қарақтарым, босқа қырылып қаласыңдар, тараңдар!» деді. Бірақ оған жастар көнбеді. «Бір күнде ұлттың тағдырын неге шеше салады, Қонаевтың өзі шығып айтсын, өз аузынан естиміз, демократия қайда?» деп айғайлай бастады. Бірақ жастардың талап, тілектеріне құлақ асқан ешкім болмады. Қонаевты да ешкім көре алмады.
Айқай-шу басталғанда мұздай киінген, түрлері сұсты, барлығы да еңгезердей, қолына қалқан ұстаған солдаттардың дәл алдында тұрған болатынмын. Қандарын ішіне тартып, сазарып тұрған түрлері әлі көз алдымда. Менің де басыма таяқ сарт ете қалды. Иығымнан, жамбастан тиген соққы есеңгіретіп жіберді. Талып қалыппын.
Форма киген бір өзге ұлт өкілі орнымнан тұрып, қашып кетуіме көмектесті. Үйге түнгі 22.00 шамасында келдім. Басымды пәтерде бірге тұратын бір қыз таңып берді. Тымақтың ішіндегі жарамды жасырып, аяғымды ақсай басып, ертесіне жұмысқа шықтым. Өйткені біреу біліп қойса, жұмыстан шығып қалар едім. Осылайша бір ай тымақ киіп жүрдім. Көпке дейін шашымды да тарай алмадым.
Серікбек Арынғазин, желтоқсан оқиғасының куәгері:
Басыма тапанша тіреп, «мойында, шыныңды айт» деді
Қан-жоса болды бұл жер. Машиналардың өртенгенін, өрт сөндірушілердің су шашқанын көзбен көрдік. Түнгі сағат екіде бір ғимараттың ішіне қашып кірдік, ақыры соның ішінде ұсталып тындық. 17 жаста болатынмын, ұсталғандарды тоқпақпен, шынжырмен аямай ұрып-соқты, қыздарды жанды жерден әдейілеп соққылағанда…
Басыма тапанша тіреп, «мойында, шыныңды айт» деді. Байлап қойып сабады. Өзіміздің қазақ азаматтар жанын сала қимылдады ғой, солар қатты ұрды енді… Мен үш күн жаттым түрмеде, қайта бір адвокат ағайдың, жасы үлкен кісі болатын, сол кісінің көмегінің арқасында 3 күннен кейін босап шықтым. Ол кісі қазір бар ма, жоқ па білмеймін, үлкен алғысымды айтар едім. Сол кездегі тәртіп бойынша комсомолдан шығарылдық, содан соң оқудан да айрылдық. Келесі, 1987 жылы жазда армияға кеттім. Әскерге барғаннан кейін де бір жылдай ұмыта алмай жүрдім, көрген азап-сұмдықтар, қыздарды сабағаны түсіме кіріп, шошып оянатынмын… Армияда да бізге ерекше қарады, алты ай оқу-жаттығуда болғанда қолымызға автомат бермеді. Алматыдан барғандар үшін саяси сабақты бөлек өткізетін.
Мырзақұл Әбдіқұлов, Желтоқсан оқиғасының куәгері:
Марқұм Қайрат Рысқұлбековпен бір камерада отырдық
Мен отырған жерге екі айдан кейін бір қазақтың баласын алып келді. Көз жасы мөлтілдеп ол мені құшақтап алды, мен де «Кім болса да, қандасым ғой» деп бауырыма тарттым, білген ақылымды айтып, өзімше жігерлендірдім. Бұл марқұм Қайрат Рысқұлбеков екен. Ол мені «Мырзаға» деп атайтын. Екі айдан аса бірге отырдық, кейін екеуімізді екі камераға бөліп жіберді. Көршілес камералар болғандықтан, айқайлап сөйлесіп тұратынбыз. Оның қойын кітапшаларын алғаш шығаруға да жәрдемдескен мен болдым, бұл туралы да айтпайтынмын.
Зонадан қашып шықтым. Оған «Айналайын, еш қиналма, алдыңнан күтіп аламын» деп кеткен болатынмын. Бір жыл бойы оны іздедім. Кейін сол камерада отырған екі жігіт Қайраттың Семейде өлгенін айтып келді.
Әрине, бірге отырған кезде біраз пікірлестік, әңгімелестік, бірақ марқұм боп кеткен адамның әңгімесін айтып, жарияға жар салу, оның әруағын қозғауды дұрыс емес деп санаймын. Тек бір айтатыным, Желтоқсан туралы Қайраттарға хабар берген сол Сәулет-құрылыс институтының қызметкері Әркен Уақ болатын, бірақ Қайрат КГБ-да беттестірген кезде ағамызды сатпаған, оның өзінің мұғалімі екенін айтпаған. Әркен ағамыз өле-өлгенше осы үшін Қайратқа риза болып кетті.
Марат Ақжігітов, Желтоқсан оқиғасының куәгері:
Мүгедек болып қалдым
Қарағанды педагогикалық институтының Жезқазғандағы бөлімінде оқып жүргенмін. 18 желтоқсан кешке жатақханада жиналыс болды. Онда алаңға 400-дей адам барамыз деп шештік. Ертесіне таңғы онда шықтық. Алаңға жақын кішкене көшелердің бірінен өтіп бара жатқанымызда, солдаттар бізді тосып алып, соққының астына алды. Ештеңе түсіндірген де жоқ. Ал жастар болса, бас сауғалап қаша бастады.
Алаңда таңғы тоғызда барлық күштік құрылымның жиналысы болған екен. Біз осыны ескермеппіз. Бір ғана бұйрықпен жастарды алаңнан қуып шығып, түрмеге жапты. Қолында қысқа сапты сапер күрегін ұстаған солдаттар жолындағыларды аямай жаншып келеді. Сөзге келместен ұра бастағандықтан, қарсыласуға да шама келмеді. Кезек маған да келіп жетті. Басымнан тиген соққыдан есімнен танып қалдым.
Есімді жисам, милиция автокөлігінің ішінде екенмін. Жанымда форма киген жас жігіт отыр. Менің ес жиғанымды көріп, «тез қаш» деді. Мен де жарылған басымды қолыммен ұстап, сүйретіле қаша жөнелдім. Жолда жатақханада тұратын қыздар кездесіп қалып, көмектесіп, жарамды таңып берді.
Бізді бірнеше күн бойы жатақханадан шығармай қойды. Басқан ізімізді аңдыды. Ақыры сұрақ-жауап кезі келді. Оқудан да, комсомол ұйымынан да шығарды. Ал комсомол билетінен айырылсаң жұмыс табу қиын. Әупірімдеп жүріп, бір жыл жұмыс істеп, сосын қайта кешкі ауысымдағы оқуға қабылдандым. Бітірген соң туған жерім Жамбыл облысына қайтып кеттім. Алайда сол жеген таяқтың салдарынан үшінші топтағы мүгедек болып қалдым.
Юрий Беккер, сот үкімін тыңдап тұрған төртеуді суретке түсірген фототілші:
Менің балаларым университетте оқиды. Бұл оқиғалардың зардабын жетерліктей тарттым!
Алтынай Асанова, Ләззат Асанованың анасы:
Ләззатыммен қоштастым
Түскі кез болатын. Есіктің алды «қызыл жағалы» адамдарға толып кетті. Қолдарында екі қағаз бар: бірінде «қыздарыңыз нашар» делінген; екіншісінде «қыздарыңыз қайтыс болды» деп жазылған.
Бәрінің артында бір-бір адам. Менің де аузымды қақпайлап, сүйекті аштырғысы келмеді. Бірақ мен оған көнбедім, денесін аштырып көрдім. Байқағаным, төрт мүшесі түгел сау, тек шүйдесі ғана ойылған. Менің ойымда бесінші қабаттан құлаған адамның денесі мұндай болмайды деген алғашқы күдік пайда болды. Сол күні ұйықтамай таңға дейін Ләззатыммен қоштастым.
Шаяхмет Оразымбекұлы:
Ерболды аяусыз тепкінің астына алды
Сырт киімдері жыртылып, иықтарына төгілген шашы қобыраған қос бойжеткенді ығына алып қорғаштай шегінген Ербол бұларға құтырған итше ақырып жетіп келіп, онды-солды келтегін сермеген сауыттыны аяқтан шалып кұлатты да, қасындағыларға «тез қоршаудан шығалық» деп қолынан жетелеп, қарсыдағы көпқабатты үйдің қалқасына қарай жүгірді. Бұлар қарулылар қоршауынан жүгіріп өтіп, тар көшенің бойымен төмен қарай түсе бергенде, арт жақтан естілген зілді дауысқа жалт қараса, қолында сапер күрегі бар екі формалы қуып келеді екен. Ербол қыздарға: «Ештеңеге қайырылмай тез жүгіріп, үлкен көшеге шығып кетіңдер» дегенше, өкшелеп келіп, көзіне қан толған қарулы екеу бас салып, Ерболмен айқаса кетті. Қолына, иығына тиген күрек соққыларына карамастан, арпалысқан Ербол оларға біразға дейін алдырмады. Ұзынтұрасын жамбасқа салып, алып ұрды. Тұра бергені сол еді, басына сарт ете түскен соққыдан әп-сәтте көзі қарауытып сала берді. Бар күшін жиып, төніп келген екінші соққыға қолын төсеп үлгерді. Бірақ, аяғы тайғанап, сүрініп құлады. Осы сәтте орнынан әрең тұрып үлгерген ұзынтұра жүгіріп келіп, Ерболдың басына ауыр затпен салып қалды. Қапыда қалган албырт жас гүрс етіп құлады. Аяушылық пен мейірімділік атаулыны ұмытқан әлгі екеуі былапыт сөздерді карша боратып, құлап түскен Ерболды аяусыз тепкінің астына алды. Ауыр соққылардан Ербол есін жоғалтты. Одан әрі не болғанын білмейді. Есін жиып, кірпігін көтеруге ғана шамасы келгенде, байқағаны — маңында тұрған ақ халатты дәрігерлер еді.