Клиент сеніміне ие болғысы келетін букмекерлер пилот жобаға қатыса алады. Құмар ойындары саласын реттейтін заң осы жазда қабылданды, келер жылдан бастап күшіне енеді. Енді нарықта не өзгереді, салаға реформа не үшін қажет болды?

4 қаңтардан бастап ойыншылар мен букмекерлер қарым-қатынасының жаңа алгоритмі былай болады:

Біріншіден, бәстесушілер немесе беттерлер Бәсті есепке алу орталығына жеке басын куәландыратын және басқа да тиісті құжаттарын әкеліп, тіркелуі қажет. Жүйеге қосылған букмекер кеңсесінде де, Бәсті есепке алу орталығында да немесе электрон-цифр қолтаңба арқылы онлайн да тіркелуге болады.

Екіншіден, бәстесуші үшін жеке әмиян жасалады, ойыншы әмиянды онлайн да, терминал арқылы да толтыра алады.

Үшіншіден, ойыншы бекітілген тізімнен букмекер кеңсесін таңдайды. Тізімде бар компания оның заңды жұмыс істейтінін білдіреді, осылайша бәстесуші заңды компаниялар атынан пайда көріп жүрген алаяқтардан қорғалады. Бұл қандай да бір дау туындаған кезде беттерге де, букмекерге де сотта мәселенің ақ-қарасын ажыратуға ықпал етеді — бар мәміле тәуелсіз құрылымда тіркеліп тұрады.

Төртіншіден, ойыншы сайтта букмекер кеңсесін таңдағаннан кейін Бәсті есепке алу орталығы оның шотына ақша аударады, сома ойыншының есепке алу жазбасында көрініп тұрады, ол сол бойынша бәс тігеді, пари бекітеді, тағы басқа. Букмекер кеңсесі ұтысты да оның шотына аударады, ойыншы оны өзіне ыңғайлы әдіспен: картасына немесе электрон әмиянына аударып ала алады.

Ойын бизнесі

Саладағы өзгерістің пайдасы қандай?

Жаңа тәртіп саладағы заңсыз қаржы айналымына тосқауыл қоюмен бірге ойын процесіне кәмелетке толмағандар мен сот құмар ойындарына әуес деп тапқан адамдардың — лудомандардың араласуына жол бермейді. Мұндай адамдар жүйеге тіркеле алмайды.

Орталыққа тіркелген бәс атаулының бәрі ашық болады, лудоманиясы бар адамдар анықталып, оларға психологиялық көмек беру ісі жолға қойылады. Бәсті есепке алу орталығы жұмысынан түскен табыс лудомандарға арналған психологиялық қызметті қаржыландыруға жұмсалады.

«Курсив» іскерлік басылымының мәліметінше, Қазақстанда букмекер кеңселері мен тотализаторлардың бір жылдағы қаржы айналымы 600 миллиард теңгеге дейін жетеді. Бұл шамамен 45 мың жаңа Toyota автокөлігінің құнына тең. Дегенмен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы бұл нарық бюджетке 16,5 миллиард теңге салық түсірген, яғни мемлекет органдарына айналымның 170 миллиард теңгесі ғана көрінеді, қалғаны көлеңкеде.

Бәсті есепке алу орталығы келер жылдан бастап күшіне енетін заң бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделімен құрылған: Мәдениет және спорт министрлігі мемлекет органы ретінде бақылау функциясын атқарады, инвестиция, техникамен қамту және ұйымдастыру ісі Бәсті есепке алу орталығының мойнында. Орталық өз қаржысына құрылған, оған бюджет ақшасы жұмсалмайды. Жаңа құрылымның экожүйесіне ойыншылардың жеке басын сәйкестендіру, төлемін қабылдау, өңдеу, оларға төлем төлеу, төлем жүйесі қызметкерлерінің жеке кабинетін жасау және Ұлттық банк пен салық органдарына мәлімет беру кіреді.

Бұған дейін нарыққа қатысушылардың кейбірі «Жаңа заңнама бойынша шамадан тыс салық төлеуіміз мүмкін» және «Енді серіктес төлем жүйелерінің қызметін пайдалана алмайтын болдық» деген қауіп айтқан еді. Дегенмен бизнеске бұл жағынан қиналуға негіз жоқ: төлем жүйелері Бәсті есепке алу орталығына қосыла алады, елде салық режимі өзгермейді, букмекерлерге салынатын салық көбеймейді, әрі комиссияны енді беттерлер төлейді.

Ойын бизнесі өзге елдерде қалай реттеледі?

Ойын бизнесіндегі ақша айналымын реттейтін оператор өзге елдерде де бар. Ресейде бірнеше жылдан бері дәл осындай екі ұйым жұмыс істейді. РФ Бірінші өзін-өзі реттеу ұйымының мәліметінше, мемлекет бақылауынан тыс нарықтың үлесі 2017 жылы 60-70% болса, 2018 жылы 40%-ке дейін азайған. Жуырда Мемлекеттік думаның экономика саясаты жөніндегі комитеті елде құмар ойындары үшін бірыңғай реттеуші құруды көздейтін заң жобасын мақұлдады.

Беларусьте 2012 жылдан бері Ойын бизнесі саласындағы мониторинг орталығы жұмыс істейді. Мемлекеттік емес ұйым арнайы компьютер-касса жүйесінің күні-түні жұмыс істеуін қадағалап, уәкілетті органдарға ойын нысандарының қызметі туралы мәлімет ұсынып отырады.

Швейцарияда ойын бизнесімен 2019 жылдың қаңтарынан бастап Swisslos және Loterie Romande деген екі ұйым ғана айналысады. Салада заңсыздық болмауын Comlot квазимемлекеттік ұйымы қадағалайды.

Финляндияда бәс атаулыны Білім министрлігі қадағалайтын Veikkaus мемлекеттік компаниясы өткізеді. Кәсіпорынның жылдық табысы 1 миллиард евроға жақын, бұл қаражат спортты қолдауға және лудоманиямен күреске жұмсалады.