Басты бетЖаңалықтарМәулен Әшімбаев...

Мәулен Әшімбаев жастармен пандемия сабақтарын талқылады

Жиында сөз алған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев  қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жастардың егемендікті сақтаудағы және мемлекеттілікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.

«Желтоқсан – халқымыз үшін қастерлі ай. Сондықтан бұл ай тек той-думанға себеп болмауы керек. Керісінше, желтоқсанда өткеннен өнеге алып, бабаларға тағзым етіп, тәуелсіздіктің қадірін зерделеуіміз қажет. Әсіресе, өздеріңіздей жастар елімізді нығайту және дамыту үшін жұмыс істеуге тиіс. Жастардың ең басты миссиясы – елге қызмет ету, елді жаңа белестерге жеткізу. Елге қызмет ету деген билік тұтқасын ұстап, шенеунік болу деген сөз емес. Сіздер әрқайсыңыз өз салаларыңызда жетістікке жетіп, биіктен көрінсеңіздер – елдің дамуына қосылған ең үлкен үлес сол», — деді Сенат Спикері.

Мәулен Әшімбаев пандемия сабағына қатысты өз пікірімен бөлісті. Атап айтқанда, ол қоршаған орта мен материалдық ресурстарға ұқыпты қараудың маңыздылығына тоқталды.

«Табиғат пен қоршаған ортаға деген көзқарас өзгеруі керек. Ел Президентінің тікелей қатысуымен бүгінде экологиялық қозғалыс қарқын алуда. Мемлекет басшысының бұл бастамаларын қолдау маңызды. Адамдардың және бүкіл мемлекеттің күнделікті өміріне Sustainable Development – орнықты даму қағидаттарын енгізу қажет. Пандемияның басты қорытындыларының бірі – табиғатқа ұқыпты қарауды дамытып, тұтынушылық мінез-құлық үлгілерінен арылу», — деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының пікірінше, биылғы жылдың тағы бір сабағы – күнделікті өмірде адами қатынастарға басымдық беру.

«Пандемия кезінде елімізде қиын жағдайға тап болған жандарға риясыз көмектесуге дайын жауапты адамдар көп екеніне бәріміз көз жеткіздік. Кеше ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы еріктілер жылының жабылуында бұл туралы жан-жақты айтқан болатын. Расында да, біз отандастарымыздың игі істерімен мақтана аламыз. Біздің қоғам, шын мәнінде, өте жауапты екенін және қазақстандықтар қандай да бір адамдар тап болатын проблемаларға немқұрайлы қарай алмайтынын көрсетті», — деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Сенат Спикері пандемия салауатты өмір салтын қалыптастыру қажеттілігін көрсеткенін атап өтті. Әсіресе, иммунитетті көтеруге назар аударып, жаман әдеттерден бас тарту және спортпен шұғылдану маңызды екеніне тоқталды.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев пандемия қорытындыларының бірі ретінде – базалық кәсіптердің маңыздылығын атады.

«Базалық мамандықтарға құрметпен қарап, олардың кез келген мемлекет үшін маңыздылығын түсіну қажет. Пандемиямен күресте біздің бүкіл қоғам дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне, коммуналдық қызмет жұмысшыларына сүйенді. Беделді көрінген кәсіптердің артынан жүгіре берудің қажеті жоқ. Адамдар мен қоғамға қызмет етуге мүмкіндік беретін мамандықтарды таңдау қажет. Адам бақытының негізі – жасампаздық және адамдардың игілігі үшін пайдалы істер атқару», — деді Сенат Төрағасы.

Соңында Мәулен Әшімбаев жастарға үлкен мақсаттар қоюдың, өз бетінше тынымсыз еңбек етудің маңызын айтты, сондай-ақ мемлекеттік институттар олардың бастамаларына әрдайым қолдау, қажетті көмек көрсетеді деп сендірді.

Іс-шара барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «ZEREN» жобасының қорытындылары мен жастарды қолдау бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы айтып берді.

«Жоба аясында жастар түрлі сала бойынша оқыту платформаларына қатысып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. 2500-ға жуық жастар өкілдері жобаға қатысып, білім алды, кәсіби мамандармен кездесіп, ой-пікір алмасты», — деді Аида Балаева.

«Open Talks» шарасына еліміздің барлық өңірлерінен жас еріктілер, экологиялық белсенділер, медициналық және ғылыми қызметкерлер, президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері, жастар бірлестіктерінің көшбасшылары, волонтерлар, «Болашақ» стипендиаттары, колледждер мен ЖОО студенттері қатысты.

Іс-шара жемісті ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін 2020 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттаумен аяқталды.

«ZEREN» жобасы 2018 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бұл — бизнес-жобаларды іске асыруға, Қазақстанның түкпір-түкпірінен белсенді және талантты жастарды анықтауға, олардың басын қосуға арналған алаң.