Таңшолпан Бегалықызы, редактор:

Таңшолпан Бегалықызы
Таңшолпан Бегалықызы. Фото: Еркебұлан Рысдәулетов

Төтенше жағдай енгізілерден 1-2 күн бұрын ғана еңбек демалысына шығып едім. Жұмысқа сәл кейін қосылдым. Ауылда туыс көп болғандықтан, қашықтан жұмыс істеу өзіме қиын болды. Үйдегі бала-шаға шуынан ойымды жинақтай алмай, бір мақаланы бір күн, кейде одан көп уақыт жазатынмын. Төтенше кезең аяқталып, жағдай оңалғанда Алматыға келдім. Спикерлерден сұхбатты, комментарийді онлайн алып үйреніп қалыппын. Қолына қаламды қазір алған жас тілшіге ұқсап, «тірі» сұхбатқа барудан қорқақтап, қобалжып жүрдім. Тіпті телефон шалғаннан гөрі комментарийді әлеуметтік желімен, электрон поштамен алған ыңғайлы көрініп кетті.

Қазір жұмыс істеу машығымды қалпына келтіру үшін қайта сұхбатқа бара бастадым. Әр сұхбат алдында үйден көп уақыт өткізіп, енді ғана қонаққа бара жатқандай қуанып шығамын. Сұхбаттан соң адаммен бетпе-бет отырып сөйлескеннің қалай болғанда да артық екенін түсінемін.

Бұрын 9-дағы жұмысқа бару үшін үйден 1-1,5 сағат бұрын шығатын едім. Демек 2 сағат бұрын оянуым керек болатын. Қазір жұмыс басталардан 15-20 минут қана бұрын оянып, өзімді жұмыс күніне дайындаймын. Арнайы киім киюдің де қажеті жоқ. Үйден шықпасам, күні бойы пижамамен жүре беремін. Қалаған уақытта тамақ ішіп, дүкенге шығып келемін. Бастысы ылғи онлайнда болуым керек. Ноутбуктан шаршағанда, 10-15 минут көзімді жұмып, демаламын. Қазір осы режимге қатты үйреніп кеттім, ертең бұл жағдайдан шығу қиынға түсіп жүре ме деп қорқамын.

Бұрын офиске барып жүргенде, «онсыз да отыратын жұмыстамын ғой» деп, 1-1,5 сағат автобуста тұрып барып, дәл солай қайтатын едім. Қазір автобусқа мінсем, бірден аяғым талады. Мұның бәрі «жұмыс қашықтан  ғой» деп еркінсіп кеткенімді сездірді. Сондықтан қазір таңертең жаттығу жасап жүрмін.

Үйден жұмыс істеп жатқанымда, жалқаулыққа есе жіберіп жүргенімді байқап келем. Қашықтан жұмыс істегенде сыртқы әлеммен байланыс пен үйде болудың тепе-теңдігін бұзып алыппын. Үйде отыруға үйреніп алғаным сонша, достарым қыдыруға, демалыста тауға шығуға шақырса да, барғым келмейді. Ең қиыны – жұмыс істеуге деген шабыттың азаюы. Оған да жалқаулығым кінәлі. Қазір жалқаулықты біртіндеп жеңіп келемін.

Үй жинау, ет тұздау, тамақ істеу деген сияқты «ірі» тірліктерді жұмыстан кейін істеймін. Жұмыс арасында ыдыс жуылмай тұрса да істемеймін. «Жұмыс маңыздырақ, өйткені еңбегіме ақы алып отырмын, олай болса оным мүмкіндігінше адал болуы керек» деп ойлайтын шығармын. Тек әлеуметтік желіге, посттарға алаңдап кетуді қоя алмай жүрмін. Сағат 18.00-ден кейін ғана босаңси аламын. Күні бойы тізіп қойған шаруаға сол кезде кірісемін.

Ақжарқын Қыдырханова, редактор:

Ақжарқын Қыдырханова. Фото жеке архивінен

Офиспен салыстырғанда үйде жұмыс істеген өзіме тиімсіз. Себебі үйде адамның көңілін аулайтын, назарын бөлетін дүние көп. Концентрация жоғалады. Бір жұмысты бірнеше бөліп істеуге тура келеді. Үйде жұмыс істеуге арналған бөлек бөлмең болып, сонда барып отырмасаң, оңай емес. Әйел үйде тамақ істейді, қонақ күтеді. Баласы болса, тіпті қиын.

Мен кейде жұмысты түнде істеймін. Оның ыңғайы келмесе, таңертең ерте тұрып, бітіремін. Жас ана болсаң, үйде отырып, біраз нәрсеге үлгересің. Жұмыс та істеледі, балаға да қарайсың. Бірақ екі жақ бірдей күшті бола қоймайды. Соған байланысты «Жұмысты бүгін дұрыс істемедім ғой» немесе «Үйге, балаға онша қарай алмадым» деген ойда жүресің.

Жұмысты өзіме ыңғайлы етіп алдым, бір жағынан біздің сала қашықтан істей беруге мүмкіндік береді. Сондықтан бала қараусыз қалмайды, әрдайым қасымда. Жылап қалды деп уайымдамаймын. Дегенмен баламен жұмыс істеген оңай емес.

Наргиза Аршидин, редактор:

Наргиза Аршидин
Наргиза Аршидин. Фото жеке архивінен

Өзіме онлайн жұмыс істеген ұнады. Бірнеше артықшылығын атап өте аламын. Біріншіден, уакытты тиімді пайдалануға болады. Қазір түске дейін жұмысымды атқарып, түстен кейін басқа шаруамен айналысуыма мүмкіндігім бар. Барлығын бір телефон немесе ноутбукпен жасауға болады. Екіншіден, кептеліске тап болмаймын. Өзіме Алматының кептелісінде тұру азап еді. Автобуспен кеңседен үйге жеткенше бір жарым сағат кететін. Жұмыста сергек отырсам да, осы кептеліс барлық энергиямды алып коятын. Үйге әлсіреп келетінмін. Тамақ ішуге, үйдегі басқа шаруаларды реттеуге, тіпті достарыммен кездесуге көңіл қошым болмайтын. Қазір олай емес. Үшіншіден, кез келген жерде жүріп, жұмыс істей аламын. Ата-анамның, жақынымның жағдайын сұрап, бір құшақтап келген жақсы емес пе? Бұрын демалыстарда ғана ауылға бара алатынмын. Қазір алдын ала 3-4 сұхбат алып, әрі қарай компьютерімді құшақтап, ата-анама жолға шығамын. Оларға да менің қазіргі жұмыс істеу форматым ұнайды.

Бұрын тек тыныш жерде жұмыс істей алатын едім. Кеңседе немесе кешке бәрі ұйықтап қалғанда мақала жазатынмын. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Ауылдағы үйде де, қаладағы пәтерде де бәрі үйден сабақ оқиды, жұмыс істейді. Таңнан кешке дейін абыр-сабыр. Сол атмосферада да жұмыс істеуді үйрендім. Бұл да онлайн жұмыстың маған берген жақсы тұсы шығар. Не дегенмен кез келген жағдайда жаза білу – журналистің міндеті.

Еңлік Сақтан, редактор:

Еңлік Сақтан
Еңлік Сақтан. Фото: Айгүл Хожантаева

Бір рет офисте отырып, «Жұмысты үйде істеген қалай болар екен? Жалқаулықты жеңіп, жақсы істеймін бе әлде ерініп, деградацияға түсем бе?» деп ойладым. Бір уақыт үйде отырғым да келіп кетті. Содан тілегім орындалып, аяқасты наурызда үйден жұмыс істей бастадық. Сол кезден күн тәртібі бұзылды. 9-ға сәл қалғанда ұйқыдан тұрамын, жұмыс істеп отырып, басқа нәрсеге алаңдап кетемін. Бірақ уақыт өте тәжірибе де жинап алдық. Өзіме тапсырылған жұмысты тез істеп, өткізіп, басқа уақытты ізденуге арнайтын болдым.

Үйде жұмыс істеу —  кәдімгідей сынақ. Ересек адам ретінде жауапкершілік алуға, ешкім қадағаламайтын жерде жалқаулықты жеңіп, дер кезінде істеуге дағдылануға мүмкіндік береді. Пандемия адамның қаншалық дисциплинаға мән беретінін көрсетіп жатыр деп ойлаймын. Бұрыннан бүкіл жұмысын нақты ұйымдастыра алатын адам болса, оған қазір оңай шығар. Ал үнемі талап еткенді істеп, басқа кезде босаңситын адамдарға қашықтан жұмыс істеу — кішігірім мектеп. Меніңше, қашықтан жұмыс істеу бұрынғыдан да көп қабілетті талап етеді.

Үйде жұмыс істеудің жақсы тұстарын айтсақ. Бұрын бір жерге баруға киініп, боянып барып шығатын едік. Ал үйде осы нәрсеге уақыт құртпайсың, орнына ұйықтап алуға немесе басқа тірлігіңді бітіруге болады. Екіншіден, мегаполистегі кептелістен шаршамайсың. Жұмыс пен үйге жетемін деп күнде қанша сағатты құртатын едік. Автобустағы адамның көптігі, көшедегі кептеліс кәдімгідей қажытатын еді. Соны көрмей жүрміз. Үшіншіден, жұмыс арасында уақыт тауып, отбасыңмен, жақындарыңмен шай ішуге, кешке бірге фильм қарауға күшің жетеді. Жалпы туған ауылыңа немесе құрбыларыңның үйіне кетіп қалуға болады. Физика жағынан жүк аз. Сосын жұмысың жеңілдей бастағанда, майда-шүйде тірлік істеп отырғанда, подкаст тыңдауға, сериал қосып қойып, арасында қарап отыруға болады.

Журналистерге қиынырақ тұсы – онлайн сұхбат алу. Кездесіп әңгімелескендей болмайсың, экранның арғы жағындағы адам өзің қалаған нәрсені айтпауы да мүмкін. Кездескенде бәрі басқаша, бір сұрақты бірнеше рет қойсаң да, керек ақпаратты аласың. Сосын жаңа адаммен танысып, пікірін тыңдап, көңіл-күйің жақсарады. Қазір кездесіп сұхбаттасуды қолға алып жүрміз. Әрдайым жүзеге аса бермейді, себебі мамандар да онлайн сұхбат бергенге үйренген сияқты.

Сонымен қатар ұжым болып, бір жерде отырғанға жетпейді екен. Әріптестерімнің әзілін, әңгімесін сағынамын. Жаңалықтар мен тақырыптарды бірлесіп, талқылайтын едік. Чаттағы әңгімелер бәрібір өмірдегідей көңіл-күй сыйламайды. Оның үстіне үйде отырмайтын адам едім, қазір сыртқа шығуға өзім сылтау ойластырамын. Байқауымша, біразы офисті сағынып жүр. Бірақ нағыз шаршау офиске қайта шыққанда болатын сияқты. Биліктегілер ұйымдардың барынша қашықтан жұмыс істеуін сұрап отыр. Бұның бәрі өз қауіпсіздігіміз үшін. Бірақ үйде отырып деградацияға, депрессияға ұшырап қалмау керек. Ол үшін әркім өзіне ыңғайлы режим бекітіп, бос уақытта қалаған ісімен айналысуы керек деп ойлаймын.

Димаш Зиядин, бас редактор:

Димаш Зиядин
Димаш Зиядин. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Өзім аса қинала қойған жоқпын. Компьютерге қадалып үйде отырдың не, кеңседе отырдың не — бәрібір. Мессенджермен жазысқаның, онлайн ресурстарда жұмыс істегенің еш өзгермейді. Оның үстіне, күнделікті сегіз сағат бойы тапжылмай отырғанға қарағанда уақытты әлдеқайда тиімді жұмсауға болатынын түсінесің. Алайда бұл форматтың бірнеше кемшілігі көрініп-ақ қалды:

  • Ортақ кеңістік жоқ. Мәселе бір шаңырақтың астында бірнеше сағатты бірге өткізуде. Әріптестеріңнің бет-жүзін көруде. Тек жұмыс туралы чаттаса бермей, бір ауық басқа тақырыптарда әңгімелесіп, «көр-жер» дүниені сөз қылуда. Ұжым үшін бұл үлкен маңызға ие.
  • Коммуникацияда бейвербал қарым-қатынастың аса маңызды екенін ескерсек, WhatsApp-тағы жазғанымыз көп ретте эмоцияны, түпкі ойды, шын айтпағыңды жеткізе алмай дал қылады. Тіпті телефон шалып, яки видеобайланыспен шығып сөйлессең де, жеткіліксіз болып жатады.
  • Жоғарыда айтылған уақытты тиімді жұмсау мәселесі. Ә дегенде осыны мида ұстап, игеріп әкетпесең, «Уақыт бар ғой» деген жалған дәме жарға жығуы мүмкін. Әйтпесе кептелісте тұрмаудан «үнемдеп» қалған бір-екі сағатыңды басқа болымсыз дүниеге құртып қою оп-оңай.

Ең басты кеңес — үйден арнайы жұмыс орнын ыңғайлап қою. Ол жерде баланың ойыншығы, жұмсақ жастықша, буы бұрқыраған мәнті секілді үйге тән, алаңдататын дүниелер болмауы керек. Үстел, жайлы орындық, қызметке керек-жарақ — болды. Бәрі тақыл-тұқыл болғаны жөн.