«Алтын жұмыртқа туатын тауықты сойма»: «Мани» кітабындағы ережелер

Бодо Шефердің «Мани немесе қаржы әліппесі» кітабы 1999 жылы шыққан. Кейбір басылымда бұл кітапты балаларға арналған деп сипаттап жазады. Себебі кітапта Кира есімді кішкентай қыздың оқиғасы, күнделікті өмірде ақша табу, оны жинау, сақтау мәселесі өте жеңіл түсіндіріледі.

Алайда бұл кітап тек балаларға арналған шығарма деген сөз емес. Оны кез келген жастағы адам оқып, өзіне қажет кеңестерді қолдана алады.

Оқиға қалай басталды?

12 жасар Кира лабрадор тұқымдас жаралы итті тауып алады. Бірнеше күннен соң оны Мани деп атай бастайды. Кішкентай қыз жаңа досына бірден бауыр басып кетеді. Екеуі оңаша серуендегенде Кира иттің сөйлейтінін және қаржы туралы көп білетінін байқайды. Сол күннен бастап Мани қожайынына ақша табуды, оны дұрыс ұстауды, белгілі бір мақсатқа жинауды, сақтауды үйретеді. Себебі кішкентай Кираның қарыздан көз ашпай жүрген ата-анасына көмектескісі келетін еді.

Мани ең бірінші Кираға «Не себепті бай болғым келеді?» деген сұраққа 10 жауап жазып келуді тапсырады. Оның ішінде «ақшам болса, велосипед, компьютер сатып аламын», «ата-анама көмектесемін» деген сияқты 10 себеп болады. Әрі қарай Мани бұл тізімнен ең негізгі, ең қажет деген үшеу дүниені таңдап алуды сұрайды.

Көп адам өзіне не қажет екенін нақты білмейді. Қолында бар дүниені емес, қазір өзінде жоқ, бірақ өте қажет зат туралы ойлай береді. Не қажет екенін білмесе, арманына жете бермейді. Өзіңе не керек екенін нақты көрсетіп жаз, — дейді Мани.

Кира дәптеріндегі ең маңызды үш себепті таңдап алады.

Осыдан кейін оған сол армандарының орындалуы жайлы ойланып, мақсатына жеткен сәтін көз алдына елестете жүру керек болады.

«Арман дәптері» мен «Арман сандықшасы»

«Арман дәптеріне» адам не қалайтынын, қажет нәрсесін жазады, суретін жабыстырады әрі оны ойлап, елестетіп жүруі керек. Бұл — «Арман картасына» ұқсас тәсілдің бірі. Ал ең негізгі арманына жету үшін оның әрқайсына жинақ сандықшасын арнайды. Соған қолында бар, үнемдей алған қаражатын салып отырады.

Ұнайтын әрі қолдан келетін іспен айналысу

Адам арманын жүзеге асыру үшін қаражат табудың көзін білуі керек. Ақша әкелетін жұмысы оның қабілетіне қарай таңдалып алынғаны жөн. Ең бастысы, іс адамға ұнауы керек. Мысалы, жануарларды жақсы көретін, хайуанды күтіп-баға алатын жанға неге осы жұмыспен айналыспасқа? Көршілердің итін қыдыртып келуді сұрап, ол үшін аздаған қаражат алса, арман сандықшасына үнемі қаражат салып тұра алады.

Адам өзіне ұнайтын, қабілетін ашатын істі тапса, оны әрі қарай дамытып, тапсырысын көбейтуі керек. Жалғыз өзі үлгермесе, қасына көмекші жалдай алады.

Өзіне сенімді болу

Адам мақсатын жүзеге асыруы үшін өзіне сенімді болуы керек. «Өзіңе деген сенімді қалай арттыруға болады?» деген сұраққа Мани «Жетістік күнделігін» жазуды ұсынады. Адам өзіне деген сенімді арттыру үшін күнде барлық ісін, жеткен нәтижесін жазып отыруы қажет. Мысалы, «Арман сандықшасын ашып, ішіне осынша теңге салып қойдым. Арман картасын жасадым. Манидың маған айтқанын бірден түсініп, орындап жүрмін».

Жұмысты кедергі, қиындыққа қарамастан орындау керек. Адам адамнан осы қабілетімен озады. Күн тәртібі өзгеріп, басқа тірлік көбейіп кетсе де, негізгі іс пен арманға жету тәсілі өзгермеуі керек.

Қарызға қатысты 4 ереже

Адамдар қарыз алып, соған көп назары мен энергиясын жұмсайды, тезірек құтылуға тырысады. Жауып тастау мақсатында жалақысының жартысынан көбін қарызға жұмсаса, адам өмірі қиындай береді. Сондықтан қарыз төлеуге қатысты төрт ережені есте сақтаған дұрыс:

  1. Кредит картасын қолданбау керек. Себебі адамдар бұл картамен төлегенде, алған қарызынан көп ақша жұмсайды.

2. Несиені мүмкіндігінше баяу төлеу керек. Өйткені адам несиені неғұрлым тезірек төлегісі келсе, ай сайынғы төлем соғұрлым көп болады. Соның кесірінен күнделікті жұмсайтын қаражаты болмай, тығырыққа тірелуі мүмкін. Бұл адамның көңілсіз жүруіне де алып келеді.

Мысалы, жыл сайын негізгі қарыздың тек 1%-ін қайтарып отырса, онда пайыздық төлем несиенің өзінен үш есе көп болады. Алайда адамдар қарызды тез төлеп, бітіру үшін банкпен ірі төлем туралы келісімге келеді. Сосын ай сайын несиені қиналып төлеп, өзіне ақша жетпей жүреді. Несие алған адамның отбасында бірнәрсе істен шықса немесе жаңа көлік қажет болса, мұның бәрін төлеу үшін жаңа несие алуы керек.

3. Үшінші кеңес тұтынушы қарызына қатысты. Бұл — үйге қатысы жоқ қарыз. Мысалы, адам жаңа көлік, жиһаз, теледидар немесе тек күнделікті шығын үшін несие алады делік. Мұндайда 50-50 ережеcі сақталуы керек. Бұл ереже бойынша адам тапқан табыспен негізгі шығындарды жабады. Содан қалған қаражатты екіге бөліп, жартысын ғана кішігірім несиеге жұмсайды. Ең дұрысы — несиеге зат сатып алмау.

4. Адам дүкеннен бірнәрсе көргенде, оны сатып алғысы келгенде, өзінен «Бұл маған шынымен керек пе?» деп сұрауы қажет. Тіпті бұл сөзді әмианға жазып қоюға болады. Сонда адам сатып алар кезде тағы да ойланып, қымбат әрі қажетсіз тауарды алудан бас тартады. Бұл тәсілдің ақшаны жинап, сақтауға да көмегі көп.

«Тауық» техникасы немесе ақшаны жинап отыру

Кітапта «Тауық техникасын» мынадай әңгімемен түсіндіреді. Бір шаруа өмір сүріпті. Оның тауығы бар екен. Бір күні шаруаның тауығы алтын жұмыртқа туады. Шаруа қуанып, алтын жұмыртқаны зергерге апарады. Зергер жұмыртқа шынымен алтын екенін айтып, шаруадан сатып алады. Шаруа көп қаражатқа кенеліп, кешке мол дастархан жаяды. Бірнеше күн осы оқиға қайталанады. Бір күні шаруа тауықтың алтын жұмыртқаны қалай тауып жатқанын айта алмайтынына ашулана бастайды. Себебі ол ондай жұмыртқаны өзі де жасап, сатқысы келеді. Ашуланғаны сонша шаруа бір күні тауығын сойып тастайды. Енді шаруаның тауығы да, алтын жұмыртқасы да жоқ. Әңгіменің түйіні: саған алтын жұмыртқа әкелетін тауықты сойма. 

Ақша тапқан сайын адам оны жаратуды ойлап тұрады. Бірнәрсеге жұмсап қоймай тұрғанда оны көбейтуге болатынын еске түсіру керек. Адам табысының белгілі бір бөлігін жинап отырса, жақсы өмір сүруге, арманын орындауға және көбірек саяхаттауға ақшасы болады. Сонымен қатар ол ақшадан да пайда көру әбден мүмкін. Міне осы ақша — тауық. Ал алтын жұмыртқа — сол ақшадан түсетін пайда.

Инвестиция

Табыстың белгілі бір бөлігін, ең тиімдісі жартысын жинап, оны инвестицияға салған дұрыс. Бұл баяу процесс болғанымен қаржыны көбейту жағынан өте тиімді. Инвестиция — өте үлкен іс. Бұл тақырыпты тереңірек зерттеп, үнемі ізденіп отыру керек. Сонымен қатар «Мани немесе қаржы әліппесі» кітабында Бодо Шефер инвестицияға құйған ақшаны жоқ деп есептеген дұрыс екенін айтады.