Бақылаушылардың сапасын да қадағалау керек. Былтыр ұйқысын қандырып сағат 10-11-де келген бақылаушылар да болды. Сол күні өткен Геннадий Головкиннің жекпе-жегін көремін деп сайлау учаскесін тастап кеткендер де кездесті. Провакацияға барған бақылаушылар да болды. Ісіне адал азаматтар да кездесті. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы бақылаушы ретінде жарғысында адам құқықтары мен бостандықтарымен айналысу ісі көрсетілген ұйымдар жіберіледі деген ұстанымын білдірді. Бұл — дұрыс бағыт. Нақты адам құқықтары саласында еңбек етіп келген, тәжірибелі де осы салада айтары бар ұйымдар іске кіріседі деген сөз. Кәсібилік пен сапа артады. Шетелде бақылаумен айналысатын 20-30 жылдық тарихы бар ұйымдар да бар. Тәжірибесі мол, әділін жеткізеді. Біз де бақылаушыларды бір институт ретінде қалыптастыратын, құндылық ретінде сапалы деңгейге көтеретін қадамдар жасауымыз керек, – деп жазды Бауыржан Серікбаев.
Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялардың да әр сайлау учаскесінде бір бақылаушыдан өзінің сенімді өкілдерін жібере алатынын мәлімдеді.
Бұл да — өркениетті елдердің барлығында бар тәжірибе. Дұрыс. Енді қалғаны саяси партиялар да республика бойынша сайлау учаскелерін толығымен жабуға тырысуға тиіс. Ел бойынша 10 миллион 800 мыңнан астам сайлаушы бар екен. Әр азамат дауыс беріп әрі бақылаушы болып белсеніп жатса, бұл процесс бізді демократия талаптарына жақындата түседі. Сондықтан сайлауда белсенді болайық ағайын. Дауыс беріп, оның есептелуін де бақылайық, – дейді белсенді.
Сондай-ақ қоғам белсендісі Самат Нұртазаның пікірінше, пандемияның салдарынан сайлау процесі халыққа қызық болмауы мүмкін еді, бірақ тәуелсіз бақылаушылар осы іске бір жаңа демократияшыл леп бергендей болып отыр.
Орталық сайлау комиссиясының қаулысы бойынша, бақылаушы болғысы келген Мемлекеттік емес ұйымдардың жарғысында азаматтардың құқығын қорғау, ой-пікір, ар-ождан бостандығын қолдау туралы баптар болуға тиіс. Бұл либерализация мен демократизацияның шыңы деп толық айтуға қисын бар. Алайда кейбір «демократиясымақ» ұйым осындай игі істің өзінен «қысым» сезініп жатыр екен. Кеше ғана ит пен мысықтың саудасымен жүргендер, бүгін ел тағдырын шешумен әлек. Әр ұйым өз ісімен айналасу керек десең, «қысым көрсеткен жауыз» боласың да, шығасың… Тоқ етері, 2019 жылғы президент сайлауында 11 000 бақылаушы қатысқан еді, сондықтан саяси белсенділік жылдан жылға ұлғайып келеді. Сол себепті Орталық сайлау комиссиясы кез келген азаматқа бақылаушы болу үшін қажет құжаттар тізімін жариялады. Ол — заман талабы. Демократия ережесі. Қауіпсіздіктің қажеттілігі. Сайлау өз арнасымен, заң аясында, Конституциялың заңнамасына сай өтетініне күмәнім жоқ. Адекват қоғам — бостандық пен тұрақтылықты таңдайтыны сөзсіз, – деп жазды ол.