Ақтоты Райымқұлова туды балконға ілуге қатысты талаптарды айтты

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекеттік Туды пайдалану тәртібін түсіндірді.

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, жеке және заңды тұлғалар Мемлекет Ту стандарттарын бұзып, пайдалана алмайды. Мемлекеттік Ту көлеміне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуге тиіс.

Мемлекеттік Туға қойылатын нысандардың, мөлшердің және техника талаптарының бұзылуы ұлттық стандарттарға сай келмеу болып есептеледі. Мемлекеттік Ту стандартқа сәйкес келмеген жағдайда Үкімет айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР кодексі бойынша ұлттық стандарт талабына сай келмейтін Мемлекеттік Туын заңсыз дайындағаны үшін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туын қорлау нысанасы ретінде пайдалана алмайды, – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.

Енді азаматтар Мемлекеттік Туды тәуліктің қараңғы уақытында жарық құралдарын пайдаланбай-ақ қолдана алатын болды.

Сонымен қатар жеке тұлғаларға осы Қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік Туды бірқабатты және (немесе) көпқабатты ғимараттарда экстерьер нұсқасында орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалану мүмкіндігі берілді. Бұдан былай жеке тұлғалар ғимараттарда орналастырылатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын тәуліктің қараңғы уақытында жарық құралдарын қолданбай пайдалана алады, – деді Ақтоты Райымқұлова.

Қазақстандықтарға патриоттық сезімдерін білдіру үшін еліміздің Мемлекеттік Туын ғимараттар мен балкондарда ілуге рұқсат етілді. Қаулыға премьер-министр Асқар Мамин қол қойды.

Еске салайық, 2020 жылдың 27 қазанында Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында Парламенттің бірқатар депутаттары мен патриот азаматтардың Мемлекеттік Туды кеңінен қолдану туралы айтқан ұсынысын қолдайтынын жазды.