«Сбербанк» Жаңаөзендегі инкассаторға жасалған қарақшылық шабуыл туралы Instagram-парақшасында мәлімдеме жасады.
Шынында да, 2020 жылдың 3 желтоқсаны күні кешке «Сбербанк» бөлімшесінің жанында банк үшін инкассация қызметтерін ұсынатын үшінші тарап компаниясының инкассатор көлігіне шабуыл жасалды. Шабуыл кезінде инкассатор көлігінің жүргізушісі жалғыз өзі, банк бөлімшесіне кіріп кеткен әріптестерін күтіп тұрған. Шабуылшылар инкассатор қызметкерлерінің бұған дейін басқа ұйымдардан жинаған қаражатын ұрлаған, — делінген банк таратқан хабарламада.
«Сбербанк» клиенттерінің қаражаты толық қауіпсіздікте екенін айтты.
Алдын ала ақпаратымыз бойынша, шабуыл салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. «Сбербанк» қылмыскерлер анықталып, кінәлілер жазасын алады, қаражат иелеріне қайтарылады деп үміттенеді және осы қылмыстың тезірек ашылуына көмек береді, — делінген жазбада.
Айта кетейік, қарақшылық шабуыл туралы ақпарат әлеуметтік желіде сәл бұрынырақ тараған еді. YEDILOV ONLINE Telegram-парақшасы Жаңаөзенде 3 желтоқсан күні пышақ ұстаған 4 адам инкассатор көлігіне қарақшылық шабуыл жасағанын хабарлады.
Қылмыскерлер жалпы сомасы 62 532 542 теңге, 19 696 доллар, 495 450 рубль салынған үш қап пен Kaspi мультикассетасын алып кеткен. Инкассатор жүргізуші шабуыл жасаған көлікке 5 рет оқ атқан, — деп жазды YEDILOV ONLINE Telegram-парақшасы.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Kaspi bank бөлімшесіне қарақшылық шабуыл жасалды. Алматы полиция департаменті қылмысты жасады деген күдікпен 1985, 1986 және 1992 жылы 3 ер адамды ұстады.