27 қарашада Үкімет 2007 жылдың 2 қазанында шығарған № 873 қаулысына өзгерістер енгізді.
4-тармақтың «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидалары» туралы бірінші бөлігі енді мынадай болып өзгерді:
Мемлекеттік Туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана (орнатуы, орналастыруы) алады, — делінген қаулыда.
Еске салайық, 2020 жылдың 27 қазанында Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында Парламенттің бірқатар депутаттары мен патриот азаматтардың Мемлекеттік Туды кеңінен қолдану туралы айтқан ұсынысын қолдайтынын жазды.