Жекпе-жек спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіров есімі берілді

Нұр-Сұлтандағы Жекпе-жек спорт кешені даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров есімімен аталатын болды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те хабарлады.

Берік Уәли бұл шешімнің қалай қабылданғаны туралы тарқатып жазды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын осы Жекпе-жек орталығының іргетасы қаланып жатқанда Жақсылық ағамыз үлкен ұлы Жандоспен бірге құрылыс басталғалы жатқан жердің жанынан өтіп бара жатады. Енді ғана қазығы қағылып жатқан жерге қарап «Осы қазаққа, қазақ спортына, қазақ күресіне бір кісідей-ақ еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Әсіресе, Одақтың даңқы дәуірлеп, біздің ұлт өкілдерінің бәйге алмақ түгілі, өзгемен тең тұруының өзі мұң болып тұрған шақта Олимпиаданың жүлдесін жұлып алдым. Онымды бүгінгі қазаққа міндет қылмаймын, әрине. Ол кезде жастықтың буымен білінбеген де екен. Қазір әлі күнге өзімнің ізімді басатын жігіттердің шықпағанына қарағанда, сол 80-дегі Олимпиада маған да оңайға соқпаған екен-ау деп ойлаймын. Енді бір арманым бар, шіркін, осы Жекпе-жек орталығының құрылысы бітіп, менің атымды берсе ғой, арман жоқ еді-ау» деген екен. Жандос «Ой, әке-ай, бұл қай уақытта салынып бітеді дейсіз? Оған дейін кім бар, кім жоқ? Қандай шешім қабылданады? Білмейміз ғой» деп қоя салады. Жақсылық ағамыз бақилық болып кеткеннен кейін жоғарыдағы әңгіме мемлекет басшысына жетеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бірден қолдайды. Тиісті орындарға тапсырма береді. Сөйтіп, күні кеше ғана Үкіметтің ресми қаулысы шықты. Жекпе-жек сарайы ресми түрде Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың атымен аталатын болды. Балуан ағамыздың аруағы разы болсын! «Ер есімі, ел есінде» деген осы!, — деп жазды Берік Уәли.

Жақсылық Үшкемпіров
Фото: Берік Уәлидің Facebook-тегі парақшасынан

Берік Уәлидің айтуынша, Жандос Үшкемпіров — қазір Жекпе-жек сарайының директоры.

Кеше Үкімет қаулысы шыққаннан кейін Жандос құрдасым хабарласып, сүйінші сұрап, ақжолтай хабарын жеткізді. Мен де осы қуанышты өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім, — деп жазды Берік Уәли.

Еске салайық, Жақсылық Үшкемпіров 2020 жылы 2 тамызда қайтыс болды.