Басты бетЖаңалықтарОрталық сайлау...

Орталық сайлау комиссиясы үндейді

Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы қазақстандықтарға үндеу жариялады:

Құрметті сайлаушы!

Егер сіз 18 жасқа толған және сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауға құқығыңыз бар.

Сіздің сайлаушылар тізімінде болуыңыз сайлауға қатысуға конституциялық құқығыңыздың іске асырылуының кепілі.

Сайлаушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар дайындайды.

Нақты сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңіз сізді сайлаушылар тізіміне енгізуге негіз болады. Сайлау учаскелерінің шекаралары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 2020 жылғы 5 қарашадан кешікпей жарияланады.

Әр сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Егер сіз 2020 жылғы 10 желтоқсанға дейін сайлау күні тіркелген жеріңіз бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға бара алмасаңыз, мекен-жайыңызды әкімдікке айтып, сайлаушылардың тиісті тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініш қалдыра аласыз.

Егер тұрақты тіркелген жеріңізден тыс елді мекенде болсаңыз және бір жерге уақытша тіркелсеңіз, 2020 жылғы 10 желтоқсаннан кешіктірмей, сайлау күні өзіңіз дауыс беретін учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініш қалдырып, уақытша болатын жердегі әкімдікке жүгінуге құқылысыз.

Құрметті сайлаушы!  Құқықтық сауатыңызды ашыңыз және сайлау құқығыңызды іске асырыңыз! 2020 жылғы 26 желтоқсаннан бастап барлығыңызға өз сайлау учаскеңіздегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі.

сайлау
Инфографика: Орталық сайлау комиссиясы