Басты бетЖаңалықтарАбдуллах Гүл:...

Абдуллах Гүл: Нұрсұлтан Назарбаев — түркі әлеміне қызмет еткен қайраткер

«Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде Абдуллах Қазақстан президентімен тығыз достығына не себеп болғанын айтты.

«Ұзақ саяси өмірімде және 7 жылдық президенттік қызметімде Назарбаев мырзамен бірге етене жақын жұмыс істеу мүмкіндігім болды. Мен оны жақынырақ таныдым. Арамызда берік достық орнады. Мен ол кісі туралы ойымды үш тармақта түйіндегім келеді. Біріншіден, ХХ ғасырдың ең маңызды саяси оқиғаларының бірі саналатын Кеңес Одағының ыдырауы кезеңінен бастап, Назарбаев мырза бүгінгі тәуелсіз, дамыған, заманауи Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде қазақ халқына көреген Ұлы көшбасшы бола білді. Тұңғыш Президент ретінде ол шекаралары шегеленген, тұрақты және сенімді мемлекет құрды. Қазақстанның ресурсын тиімді пайдаланып, экономикалық және әлеуметтік жағынан қуатты мемлекет ретінде Орталық Азияда тұрақты даму мен өрлеуін қамтамасыз етті», — деді Абдуллах Гүл.

Ол Тұңғыш Президенттің әсіресе білімге, ғылымға үлкен мән беріп, Қазақстан жастары отандық және шетелдегі ең үздік білім-ғылым ордаларында оқуына жағдай жасап, оларды болашаққа дайындағанын атап өтті.

«Екіншіден, құрметті Назарбаев өзінің ең мықты кезеңінде яғни саяси жағынан тұғыры биік кезеңде, қазақ халқының және бүкіл мемлекеттік институттардың қолдауы мен адалдығына ие бола тұра, елінің болашағы үшін үлкен парасатпен президенттік қызметінен өз қалауымен бас тартып, жаңа буынның жолын ашты. Бұл – саяси тарихтағы сирек кездесетін оқиғаның бірі. Қазақ халқының бұл шешімді әрдайым зор ризашылықпен жадында сақтайтынына сенімдімін. Назарбаев мырза елінің даму жолымен демократиялық елге айналуына, демократиялық құндылықтарға деген сенімнің артуына және парламенттік жүйенің күшеюіне, билік тармақтары арасындағы теңгерімді орнықтыруға бар күшін салды. Халықаралық саясатты терең түсінетін шебер саясаткер ретінде Назарбаев бұл қадамдарды саналы түрде жасады. Ол расында да ардақтауға лайық бірегей тұлға!», — деді Абдуллах Гүл.

Ал түркі халықтарының ақсақалы мәртебесіне ие болған үшінші аспект — Түркі кеңесінің құрылуы.

Үшіншіден, Құрметті Назарбаев мырза – Түркі әлемін жүрегімен сезініп, оған ақыл-ой, парасатымен қызмет еткен қайраткер. Мен мұны өзім куә болған адам ретінде айтып отырмын. 2010 жылы Түркі кеңесін бірге құрдық. Мен оны күллі түріктің ақсақалы деп мәртебе тұттым. Құрметті Назарбаев мырзаның сарабдал саясатында Түркі әлемінің алдымен мәдени-гуманитарлық және экономикалық, содан кейін саяси ынтымақтастықта болуы – оның ең басты мұрат-мақсаты. Осы тұрғыда Қазақстан әрқашан барлық игі бастамалардың ұйытқысы болып, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Аса мәртебелі, құрметті бауырыма зор денсаулық, амандық тілеймін. Қазақ халқының болашағы баянды және жарқын болатынына сенімім мол. Түрік-қазақ қатынасы да, Түркі әлеміндегі Қазақстанның өз алдына бөлек орны да әрдайым тұғырлы, күшті бола берсін, өрлеп өркендей берсін!, — деді Абдуллах Гүл.