БАӘ кәсіпкерлері Сайрам ауданының қауын-қарбыз шырыны мен тұздығына аса қызығушылық танытқан

Біріккен Араб Әмірліктерінің кәсіпкерлері Сайрам ауданында жасалған қауын-қарбыз шырыны мен тұздығына аса қызығушылық танытқан. Қарбыз бен оның қабығынан жасалған тәттілерге сұраныс артқан Сайрам ауданында осылайша қалдықсыз өнім өндіру қолға алынған.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тиісті сала басшыларына бақша дақылдарын өңдеу бойынша арнайы жобаны әзірлеп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Сайрам ауданына іссапары аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесінде болды. Онда жергілікті диқандар мен жеміс-жидек, көкөніс және бақша дақылдарын өңдеумен айналысатын кәсіпорын өкілдері түрлі өнімдерін ұсынып, ауыл шаруашылығын дамыту тұрғысында ой салар жоспарларымен бөлісті. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы өнімдеріне аса бай өңірде әсіресе оларды өңдеу ісін дамыту қажеттігін атап өтті.

Мәселен, «Южанка» ЖШС осыдан екі жыл бұрын тозып тұрған зауыт ісін қайта жандандырып, көкөніс пен бақша дақылдарының 20-дан астам консервіленген өнімдерін шығара бастаған. Зауыт иелері Үкімет тарапынан қолдау тауып, 11 млн. теңге көлемінде субсидияға жаңа құрал-жабдықтар сатып алған. Қауын — қарбыз тәттілерін шығаратын кәсіпкерлер таяуда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына жаңа өнімдерін жолдаған. Отандық өнім өндірушілер алдағы уақытта әлемдік нарықты бағындыруды көздейді.

Биыл ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары 52 мың га жерге егілді. Жалпы өнім көлемі 73,5 млрд.тг –ге жетіп, көрсеткіш 103,3 % құрады. Негізгі капиталға 5,1 млрд.тг тартылған.