«Айбын – 2020» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аяқталды. Аталған шараның салтанатты жабылу рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында Тұңғыш Президент күні қарсаңында өтті. Жылда дәстүрлі түрде өткізілетін жиын биыл алғаш рет онлайн-форматта өткізілумен ерекшеленді. Яғни, барлық қатысушылар әскери жиынды тікелей эфирде тамашалады.
Екі айға созылған жиынға 585 адам қатысып, онлайн-форматта 39 команда жарысты. Қатысушылар жиын барысында әскери қолданбалы спорт түрлерінен, интеллектуалдық және шығармашылық сипатта өзара сайыс өткізді.
Жарыстық қорытындысына сәйкес, республикалық сайыста Түркістан облысы, Арыс қаласының «БАРЫС» əскери-патриоттық клубы жүлделі ІІ орынды иеленсе, «ҮЗДІК ЖАС САРБАЗ» номинациясын осы команданың мүшесі Қуаныш Абдибек Мейрамбекұлы иеленді.
Жеңімпаз командалар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және құнды сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, конкурсанттарға шараға қатысқаны туралы сертификат табысталды.
Айта кетейік, Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті 2020 жылдың қорытындысы бойынша тəртіп жағынан ҚР ҚК ең үздік департамент атанды.