Қаржылық пирамиданың белгілері қандай?

Қаржылық пирамида дегеніміз (кейде оны инвестициялық пирамида деп те атайды) – жаңа адамдарды тарту арқылы, солардың қаражаты есебінен өзге қатысушылардың табысын қамтамасыз ету әдісі. Яғни, пирамиданың бірінші қатысушыларына табыс кейінгі қатысушылардың салымы есебінен төленеді. Көп жағдайда соңғы қатысушының қаражаты қайтарылмайды.

Қаржы пирамидасының белгілері

Пирамидадағылар жаңа қатысушы тартқанда жоғары табыстылықты, кез келген жағдайда ақша кірістілігін, мансаптық сатыда жылдам көтерілу туралы уәде береді. Таныс адамдар арқылы жарнама жасап, түрлі тренингтер жүргізеді.

Соңғы уақытта олар интернетте белсенді жұмыс істеп жатыр. Өздерінің қаржылық пирамида екенін бүркемелеудің жаңа әдістерін де шығарған. Мысалы, олар өздерін онлайн ойындар деп атайды, онда ағаш отырғызу және өсіру қажет, немесе, жануарларды сатып алу, оларды өсіру және кейіннен сату, өзара көмек кассасы, ақша тумбочкалары және тағы сол сияқты. Алайда, бірінші кезеңде нақты ақша сомасын салу, ал екінші кезеңде – жаңа қатысушыларды шақыруға құрылған әдістер ұсынады. Яғни, қаржылық пирамида жүйесімен жұмыс істейді.

Қаржылық пирамидаға қарсы заң

2014 жылдың 17 қаңтарында  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрған және  оның қызметіне басшылық жасаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217 бабы бойынша, мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ оның қызметiн жарнамалаған адамға әкімшілік жаза да қарастырылған. Ол жеке тұлғаға 150, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне 600 айлық көрсеткіш есебіндегі айыппұл.

Пирамида түрлері

Қаржылық пирамиданың екі түрі бар:

  • Көпдеңгейлі пирамида
  • Понзи

Көпдеңгейлі пирамидада әр жаңа қатысушы алғашқы салым салады. Ол ақша оны алып келген, оны алып келуге кеңес берген адамның арасында бөліске түседі. Артынша, жаңа қатысушы да дәл сол сияқты артынан 2 адам алып келуі керек. Олардың да ақшасы дәл осылай бөлінеді.

Понзи жүйесінда жаңа адам тартудың қажеті жоқ. Ол «сарафанное радио» арқылы жұмыс істейді. Оның алғашқы мүшелерінің табысы өте жоғары. Осыны естіген адамдар өздері-ақ жүйеге қосылуға өтініш білдіреді екен. Аталған жүйе 1920 жылдары АҚШ-та бастау алған.

Әйгілі «МММ» қаржылық пирамидасы осы Понзи жүйесі арқылы жұмыс істеді. Кейбір дереккөздерде аталған пирамиданың Ресейде 10-15 млн салымшысы болғаны айтылады. Бұл пирамида да өз салымшыларын алдап, пайда тауып келген. Алайда, оның негізін салушылардың бірі Сергей Мавроди бұнымен келіспейді. Оның айтуынша, «МММ»-ді мемлекеттік органдар таратқан. Өкінішке орай, пирамида тараған кезде жүз шақты адам күйзелістен өмірімен қоштасқан екен.

Қазақстандағы қаржылық пирамида

Бұндай фактілер Қазақстанда да тіркелген. Биылғы жылы елімізде қаржы пирамидаларын құру бойынша 15 қылмыстық іс қозғалды. Оның үшеуі сотқа жіберілсе, он екісі сотқа дейінгі өндіріс кезеңінде.

Солардың бірі — Р. А. Зиатдиновқа, И. А. Зиатдиновқа, Р.Ф. Ахмадулинге, Д.С. Ксенофонтовқа, А. Черненкоға  және  И.О.Тұрсынбаевға қатысты қозғалған қылмыстық іс.

Тергеу барысында  Р.А. Зиатдиновтың 2014 жылы тамыз айында қаржылық пирамида құрып, азаматтардан қаражат жымқыру мақсатында Ресей азаматтары И.А. Зиатдиновпен , Р.Ф, Ахмадуллинмен және Д.С. Ксенофонтовпен бірге келісім жасағаны анықталды.

ОЛар «ФинСтатус» ЖШС атты компания құрып, клиенттерді жинау үшін бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама берген. Олар екінші деңгейлі банктерде несиелері бар азаматтардан қарызын толық жауып беретінін айтып, несиенің 40 пайызын алып отырған. Алайда, бұндай қызметті орындауға мүмкіндік беретін ешқандай коммерциялық жұмыспен айналыспаған. Үздіксіз түсіп отырған қаражаттың жартысын қылмыстық топ мүшелері компания есепшотынан шешіп, өздерінің жеке мұқтаждықтарына пайдаланып, жартысын клиенттердің ай сайынғы несиелерін жабуға жұмсаған. Осылайша, көзбояушылық жасап келген.

Сот-экономикалық сараптамасы аталған «ФинСтатус» компаниясы 2014 жылдың желтоқсан айынан 2016 жылдың 10 ақпаны аралығында барлығы 1824 келісімшарт жасап, оның 1720 келісімшарты бойынша, 638 млн 39 мың 409 теңге сомасында қаражат алған.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, халықтың бұндай пирамидаларға алданып қалуының басты  себептері қаржылық-кредиттік заңнама саласындағы білімнің жеткіліксіздігі, ақшаны ұстау мәдениетінің төмен деңгейі, сондай-ақ азаматтардың ақша жинауы және инвестициялауы болып табылады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда қаржылық пирамидалар заңсыз деп танылып, дүние жүзінің 39 елінде тыйым салынған.