Абай атындағы ҚМАОБТ “Корсар” балетіне шақырады

28-29 қараша күндері Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жаңарған "Корсар" балет қойылымының премьерасы болады.

Француз композиторы Адольф Аданның “Корсар” балет қойылымы ҚМАОБТ-нда бірінші рет қойылып тұрған жоқ. Бұрын қойылым 1996-2006 жылдары театр репертуарында болған.

28 қараша, яғни бүгін балет өнерін бағалайтындар үшін үлкен тосынсый болғалы тұр. “Корсар” балетінің жаңа нұсқасы театр сахнасында қойылады.

Қоюшы-хореограф – Гүлжан Түткібаева, қоюшы-дирижер – Ерболат Ахмедияров. Қойылымда корсарлардың жолбасшысы Конрад ролінде Архат Әшірбек, құл саудагері ролінде Рүстем Иманғалиев, Медора ролінде Гүлвира Құрбанова болса, Әли болып Мұхтар Жұманиязов ойнайды.

Балетмейстер Гүлжан Түткібаеваның айтуынша, қойылымның бұрынғы нұсқасы үш актыдан тұратын өте көлемді еді.

Біздің дайындаған нұсқамызда қойылым екі актыдан тұрады. “Корсар” балет қойылымы үшін біз төрт топты дайындадық. Себебі барлық артистің ұзақ үзілістен кейін жұмысқа шығып, бұрынғы тіршілікке келгенін қаладық. Театрымыз үшін, труппамыз үшін, солистерімізге актерлық дарыны мен техникалық мүмкіндіктерін барынша айқын көрсетуге мүмкіндік беретін өз нұсқамызды ұсынғымыз келді. “Корсар” – романтикалық-шытырман оқиғалы балет. Біз көрермен өзін осы спектакльдің ішінде жүргендей сезінгенін қалаймыз. Балетке арналған костюмдерді Ресейдің халық суретшісі Вячеслав Окунев жасады, – деді балетмейстер Гүлжан Түткібаева.

Қойылымның жаңа нұсқасына бірнеше ай дайындық жүрген. Театр директоры Ая Қалиеваның айтуынша, балеттің жұмысы музыка материалдарын жинаудан басталады. Спектакль музыкасына материал жинау жарты жылға созылыпты. Сонымен қатар сахнада қолданылған бүкіл бұйым театр цехында дайындалған. Қойылымның көркемдік жетекшісі – итальян суретшісі Уильям Орланди. Дегенмен сызбаларды жүзеге асыруға өзі қатыса алмаған. Көркемдік жетекшінің көмекшісі болып суретші Есенгелді Тұяқов тағайындалыпты.

Италия суретшісімен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе. Ол бізбен байланысқа шығып, бәрін өзі қадағалауы керек еді. Жағдайына байланысты бізбен әрі қарай байланыса алмады. Сондықтан оның сызбаларымен мен жұмыс істедім. Суретші болсам да, мен оған ассистент ретінде көмектесіп, идеяны жүзеге асырдым. Қанша жыл тәжірибем болса да, мұндай көлемдегі қойылымды алып көрмеген едім. Декорацияға жаңа материалдар қолданылды, бірақ біз тарихтан, классикаға айналған бұйымдардан алыс кетпедік. Мұнда техникалық жағынан күрделі сызбалар пайдаланылды, – дейді суретші, көркемдік жетекшінің көмекшісі Есенгелді Тұяқов.

ҚМАОБТ директоры Ая Қалиева балет пен операны салыстырғанда біріншісі арзанырақ шығатынын айтты. Себебі операда бишілер тобы, опера орындаушылары және хор өнер көрсетеді. Сол операға дайын бишілер балетте де билей алады.

Оның үстіне операның декорациясы күрделі әрі үлкен болады, балет декорациясы ондай емес. Дегенмен “Корсарға” біраз қаражат салуға тура келді. Басында мемлекеттен 20 миллион бөлінген. Бұл қаражат жетпей, театр ұжымы демеушілерге жүгіндік, – дейді Ая Қалиева.

“Корсар” балеті 160 жылдан астам уақыт бойы дүниежүзінде бағаланып келеді. Адольф Аданның тағы бір әйгілі шығармасы “Жизель” балетімен қатар ол дүниежүзі балет репертуарының алтын қорына кіреді.