Мәселен, классикалық экономика теориясын қалаушылардың бірі Адам Смит (Adam Smith) пен Джон Стюарт Милль (John Stuart Mill) экономикаға кейде мәдени фактордың өзге факторларға қарағанда көбірек ықпал жасайтынын айтады. Ал Карл Маркс қоғамда қалыптасқан мәдениеттің экономикалық қатынастарға тікелей әсер ететінін айтқан.
Мәдениеттің экономикалық өсімге әсері жайлы алғаш 1958 жылы Эдвард Бэнфилд (Edward Banfield) зерттеу жүргізген. Ол экономикасы нашар елдердің мәдени жүйесі де әлсіз деп тұжырым жасады. Айтуынша, өндірісі мол Италияның солтүстігі индустриялды даму жолына ерте түсіп, ескі әдетті ұстанушы оңтүстік аймақ артта қалды. Ал 1993 жылы АҚШ саясаттанушысы Роберт Патнэм (Robert Putnam) альтруисттері көп қоғам саяси жағынан белсенді, мемлекеттік құрылымы берік деген гипотеза ұсынды. Тарихшы және экономист Дэвид Ландес (David Landes) ұлттық экономиканың өсуі ел азаматтарының еңбекке, толеранттылық пен адалдыққа, білім мен ғылымға қызығушылығына байланысты дейді.
Жапон экономисі Иосихара Кунио «Жапонияның дамуына себеп болған факторлардың бірі – оның мәдениеті. Жапон халқы материалдық құндылық атаулыға көбірек мән береді, еңбексүйгіш, білім мен ұжымдық еңбекке, келешек өмірді құрметтеуге деген ынтасы жақсы» деп атап өтеді.
Италья зерттеушісі Гвидо Табеллини (Guido Tabellini) Еуропаның 69 аймағын зерттеп, бастамашыл азаматтары мол, қоғам мүшелері бір-біріне сенетін, заңға деген құрметі басым аймақтардың экономикалық өсімі жоғары екенін байқаған. Табеллинидің айтуынша, 150 жыл бойы бір саяси жүйемен дамыған Италияның қос аймағы – солтүстік пен оңтүстіктің еңбекке деген қарым-қатынасы әр түрлі. Табиғи байлығы жоқ солтүстік өңірдің азаматтары ұйымшыл, еңбекке ынтасы жоғары келсе, табиғи кен орындарға бай оңтүстік аймақтың азаматтары керісінше ыдыраңқы келеді.
Еуропалық эффект
Ағылшын экономисі Джоэль Мокирдің айтуынша, Еуропаның XVIII ғасырдан бастап өндірістік даму жолына түсуіне мәдени құндылықтарын өзгертіп, технология мен экономиканы дамытуға керек қабілеттерді игеруге мән беруі себеп болған.
– Еуропа жұрты XVIII ғасырға дейін кедей, надан боп келді. Алайда өндірістік революция басталғалы Еуропа мәдениеті түбегейлі өзгерді. Білім мен ғылымға оралды. Экономикалық белсенді елге айналды. Еуропа экономикасы неге дамып кетті деген сауалдың жауабын халқының мәдениеті мен білімінен іздеген жөн, – дейді Джоэль Мокир.
Еуропа үш ғасырдан бері мәдениеті мен білімін дамытып келеді. Соның арқасында экономикалық локомативке айналды.
Мокирдің айтуынша, еуропалықтарды мәдениет пен өркениетке жетелеген тағы бір нәрсе – ашықтық. Соның арқасында Еуропа өзге цивилизацияларға жолы ашылып, мәдени идеяларды сіңірді. XV ғасырдан бастап саяхаттап, жаңа елдерді, технологиялар мен білім көздерін ашты. Ұлы географиялық ашылулар еуропалықтардың технологияны игеруіне ғана емес, білім мен ғылым жолына түсуіне де үлкен әсер етті. Үндістаннан мақта түтуді, Қытайдан жібек пен фасфор жасауды, араб елдерінен жел диірмен қолдану мен қағаз жасауды, санауды, есеп-қисапты үйренді.
Қытайдың техникалық өндірісі Еуропаға қарағанда әлдеқайда дамыған болса да, Еуропа сауда-саттық пен саяхатты дамыту арқылы қолөнерді де дамытып, техникалық жетістіктерге жетті. Қозғалтқыш, телескоп, сағат ойлап тапты.
Еуропалықтар Әбу Сина мен Ар-Разидің медициналық іліміне бас қойып, ибн Рушданың философиясын, әл-Хайсаманың астрономиялық білімін игерді. 1613 жылы Нидерландтың Лейден университетінде Еуропада алғаш болып араб тілі мен мәдениетін оқыту бойынша арнайы кафедра ашылды. Голланд шығыстанушысы, сол кездегі кафедра жетекшісі Томас ван Эрпе «араб мәдениеті – дүниенің даналығы, оны үйрену керек» деп мәлімдеді.
Мокирдің тағы бір айтқаны – еуропалықтардың экономикалық дамуына олардың жаңашылдық пен неофилияға бейім келуі себеп болғаны. «Еуропа жұрты жаңашылдықты жақсы көреді, өнер мен ғылымда интеллектуалды идея мен инновация әкелгендерді жоғары бағалайды» дейді экономист. Мәселен, XVIII ғасырда Исаак Ньютон жалпыұлттық қаһарманға айналған. Оның ілімін пір тұтқандар көп болған.
Неофилия дегеніміз – өзгеше ойлау, үлгіден ауық кету. Инноватор болу жалпықоғамдық, кейде адамазаттық көзқарасқа қарсы келумен бірдей. Еуропадағы нонконформисттердің көбі қоғамға қарсы шыққаны үшін қараланған, жаза тартты. Бірақ соның арқасында интеллектуалдық толеранттылыққа қол жеткізіп, кез келген жаңашылдық пен өзгеше ойға түсінікпен қарайтын болды. Мұның әсері экономикалық өсімге әкелді.
ЮНЕСКО-ның ұсынысы
Қазір халықаралық ұйымдар мәдениет пен өнердің жұмыс орындарын ашу мен көбейтуге қарағанда экономикаға әлдеқайда артығырақ үлес қосатынын айтуда. Мәдени және креативті индустрия жұмыс орындарын құруға және халықаралық тұрақты экономикалық дамуға бастайтынын байқағандар бар. Солардың бірі – ЮНЕСКО.
2015 жылы ЮНЕСКО мемлекеттердің мәдениет индустриясына құйған экономикалық үлесін статистикалық деректер арқылы бағалау жайлы ұсыныс айтты. ЮНЕСКО-ның есебінде мәдениет пен креативті индустрияның 11 секторына сараптама жасалған: олар – жарнама, сәулет, кітап, баспа ісі, фильм, музыка, телевидение, көркем сурет, радио, орындаушы өнер түрлері.
Аталмыш есепте елдің мәдениет пен өнер саласына қаржы бөлудің экономикалық эффектісі бары жайлы нақты деректер мен негізді мәліметтер берілген. Мәселен, АҚШ-қа өнер мен мәдениет саласы жылына 800 млрд доллар пайда әкелетін көрінеді әрі 29,5 млн адамды жұмысқа орналастырған. Мәдениет саласынан түскен табыс ЖІӨ-нің 4%-ын құрайды.
ЮНЕСКО мамандарының айтуынша, әсіресе дамушы мемлекеттердің мәдениет пен өнерге қаржы құюы маңызды. Мәселен, 2014 жылы Оңтүстік Африка Республикада мәдениет пен креативті индустрияның экономикаға қатынасы жайлы алғаш картографиялық зерттеу жасалып, мәдениет саласының қаржы құюдың бір жылда бұл салада 200 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жалпы ішкі өнім 2,9% артқан. Оған дейін ОАР-сында жастар арасында жаппай жұмыссыздық жайлаған еді, мәдениет саласына көңіл бөлудің арқасында 18 жасқа дейінгі жастардың 22%-ы, 19-24 жастағылардың 18%-ы, 25-30 жастағылардың 19%-ы жұмысқа орналасқан.
Қазақстанның мәдениет саласына көңіл бөлуі
Қазақстан елі тәуелсіздік алған жылдардан бастап мәдениет саласына көңіл бөлуде. 1992 жылы Қазақстанның мәдениет министрлігі құрылып, әлеуметтік мәдени даму тұжырымдамасы, кейін елдің мәдени саясат концепциясы қабылданды. 1996 жылы жетоқсанда ҚР «Мәдениет туралы» заңы қабылданды.
Ал Конституцияның 24-ші және 27-ші баптарында ел азаматтарының кез келгені көркемдік, ғылыми, техникалық шығармашылықпен шұғылдануға еркі бар жайында кепілдік берілген. 2014 жылы Елбасының «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауы жарияланып, соның негізінде елдің мәдени кластерін дамыту мақсатында ұзақмерзімді мәдени саясат тұжырымдамасы жасалды.
2004 жылы елдің мәдениет саласындағы саясатын жүйелеу мен нақты қадамдарға бастама жасау үшін «Мәдени мұра», 2017 жылы бүкіл елдің мәдени және рухани саласына серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске қосылды. 2004-2011 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасының бірінші және екінші кезеңдері жүзеге асырылып, Түркия, Қытай, Моңғолия, Ресей, АҚШ, Жапония мен Мысырдан ғылыми экспедициялары ұйымдастырылып, 5 мыңнан аса құнды мұрағат құжаттары елге әкелінді. Археологиялық зерттеулер жолға қойылып, мәдени инфрақұрылым дамытуға көңіл бөлінуде. Тәуелсіздік жылдарынан бері мәдениет саласында 70-тен аса құқықтық-нормативтік құжат қабылданды. «Мәдени мұра» бағдарламасы әлі жалғасуда.
Дамыған елдерде мәдениет саласын бюджеттік қаржыландырудың орта есеппен 1,2%-ін құрайды. Қазақстан осы көрсеткішке кезең-кезеңімен жетуді көздеп отыр. 2030 жылы Еуразияның мәдени орталығы болу жоспары тұр.
Қазақстанда қазір мәдени саясатты дамыту бағыты бәсекеге қабілетті мәдени орта құру мен кәсіпкерліктің мәдени құндылықтарын жетілдіру, азаматтардың адами капиталын қалыптастыруға ойысуда. Ал мәдениет саласын толық қаржыландырудың ел үкіметі өз қолына алған. Бұл Австралия мен Францияның қаржыландыру жүйесіне ұқсас. Жаңа заманауи инновациялар да мемлекеттік қаржыландырумен жүзеге асыруға көшті.
P.S.: Мәдениет саласы, бір қарағанда, өнімі мен технологиясы көзге көрінбейтін сала болуы мүмкін. Алайда жаратылыстану ғылымдары сынды мәдениет пен өнер өнімдері де үлкен бір технологияның кірпіші болып қаланып, жанама әсері болып негізге алынады. Оған құйылған қаржы жоқ боп кетпейді, уақыт еншісімен бірге шынайы өнімге айналады.