— Зарина ханым, тарих тұнған Тараз келбеті көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Тараздың тарихи нысандарын сақтау бойынша қандай шаралар қолға алынды?
— Тараз қаласы – 2000 жылдық тарихы бар тарихи өлке. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп баға беруінің өзі бұл шаһардың өркениет пен мәдениет тоғысқан өлке екенін айқындаса керек. Бүгінде облыста 3500-ге жуық тарихи-мәдени нысан бар. Сондай нысандардың бірі – Ерте ислам дәуірі мешіті (IX-XII ғғ.) және оған қосалқы салынған Керуен сарайы (VIII-XII ғғ.). 2005 -2006 жылдары Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты Қарахан кесенесі маңында Рабад III аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Ерте ислам дәуіріне тиесілі мешіт тапты. Қазба барысында несториандық христиан шіркеуі (VIII-IXғғ.) кейінірек қайта жасақталған мешіт (IX-XІІғғ.) құрылысы табылды. Қирандыны тазалау кезінде бағаналардың тұғыр тастары, шығыс жағында сәкі және батыс жағында – мінәжат ететін михрабтың орыны анықталды. Осындай түбегейлі зерттеу нәтижесінде табылған нысанның VII-XII ғасырда Қазақстан жеріндегі ерте Ислам дәуірі кезінде салынғаны және ғибадатханадан кейін қайта жасақталған мешіт орны екені анықталды. Керуен сарайы – Ерте ислам дәуірі мешітіне қарама-қарсы тұрғызылған ғимарат. Қазба жұмыстарында табылған заттар (тиындар, қыш-құмыра бұйымдары және т.б.) мен құрылыс орнының ерекшеліктері ғимараттың VIII-XII ғасырларда жұмыс істегенін көрсетеді.
Ерте ислам дәуірі мешіті мен оған қосалқы салынған Керуен сарайына 2005-2006 жылдары археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары, 2016 жылы – консервация жұмыстары, 2017 жылы – қалпына келтіру (реставрация) және музейлендіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта аталған археологиялық ескерткіш ашық аспан астындағы музейге айналып, отандық және шетелдік туристер тамашалайтын тарихи орындардың бірі болып отыр. Сондай-ақ, «Ерте ислам дәуірі мешіті» (IX-XІІғғ.) мен қосалқы салынған «Керуен сарайы» (VIII-XII ғғ.) Қазақстанның өңірлік қасиетті орындар тізіміне және Жамбыл облысының туристік бағытындағы 37 тарихи-мәдени ескерткіш қатарына енген. 2011-2014 жылдары Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, мәдениет пен сауданың орталығы болған «Ежелгі Тараз I-XIX ғғ» қалашығында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның нәтижесінде орта ғасырға тән құрылыс орындары ашылып, көптеген бірегей қолөнер туындысы болып саналатын (металдан, қыштан, сүйектен және тастан жасалған) жәдігерлер табылды. Археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарында табылған құрылыс нысандары қалпына келтіріліп, төбесіне темірден жасалған шатыр орнатылып «Көне Тараз» аспанасты музейіне айналды.
2010 жылы Тараздағы «Төрткүл XI-XIII ғғ» керуен-сарайы кешенін аспанасты музейіне айналдыру жұмыстары қолға алынды. Биіктігі 5метр, қалыңдығы 4,6 метр қабырға мен 4 мұнара, оңтүстік және солтүстік жағында 8 метрлік 2 қақпа жасалған болатын. Негізгі қақпаның екі шетінде 4 бөлме бар. 2008-2010 жылдары қазба барысында табылған түрлі қыш ыдыстар, арабша жазуы бар мыс тиындар, жебе ұштары, ат әбзелдері, бөлмедегі қазан ошақтары, сақтау қоймалары ғылыми-зертханалық талдаудан өтіп, облыстық музейдің сақтау қорына өткізілді. Жергілікті тұрғындар мен келушілер үшін тас жолдар жасалып, археолгиялық қазба жүргізілген орындарға тиісінше консервациялық жұмыстар жүргізілді және кешен толықтай қорғауға алынды.
— «Көне Тараз» археологиялық кешені мен «Шахристан» орталығын біріктіретін Қазақстандағы ең ірі туристік орталық қалай салынып жатыр? Туристерді тарту үшін қандай жұмыс жоспарланған?
— Бұл бағдарламаны іске асыру үшін 2019 жылы қала орталығында Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешені бой көтерді. Орта Азияда баламасы жоқ алып кешен Тараздың 2000 жылдық тарихын қайта тірілтті деуге болады. Ұлттық құндылығымызды болашақ ұрпаққа жеткізіп, тарихымызды танытуға демеушілер де үлес қосып, құрылысқа қолдау көрсетті. Кешен құрылысы ортағасырлық шығыс стилінде салынды және мұнда 8 нысан бар – «Облыстық тарихи-өлкетану музейі», «Тарихтану және руханият» орталығы, «Шеберлер және туризм орталығы», «Көркемсурет галереясы», «Ретро-фестиваль» амфитеатры, «Көрме» павильоны, «Сағат» стелласы және «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңы.
Кешенде орналасқан Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі – Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі, музей көлемі 4015 шаршы метрді қамтиды. Мұндағы төрт экспозициялық залда Жамбыл облысының ерте темір дәуірінен қазіргі заманға дейінгі тарихы көрсетілген. Залдар түрлі тақырыптарға бөлінген: Табиғат, Палеонтология, Тас, қола, ерте темір дәуірлері, Сақтар, Түркілер, Тараз қаласының тарихы, қазақ этнографиясы, Әулиеата кезеңі, Кеңес үкіметі және Тәуелсіздік жылдары. Музей қоры өте бай, 65 мыңнан асатын мазмұнды, бірегей әрі құнды бұйымдар бар. Олардың қатары жылдан-жылға толығып келеді. Музейде заманауи инновациялық технология, лазермен жасалған суреттерді көрсететін голограмма және LiteBox-та қонақтарға Жамбыл облысының қасиетті жерлері тізіміне енген 27 ескерткіштің тарихы мен макеті 3D форматта көрсетілген. Сонымен бірге, музей жәдігерлеріне келушілердің дербес ақпарат алуына, мектеп аудиторияларына зияткерлік сайыстар өткізуге мүмкіндік беретін QR-кодтар орнатылған.
«Көркемсурет галереясы» – тараздықтар мен қала қонақтарына заманауи бейнелеу өнерін жаңа бағытта таныстыруға мүмкіндік береді. Жаңа ғимарат өңірдегі бейнелеу өнерін дамытуға, насихаттауға және қылқалам иелерінің шығармашылығын дамытуға негізделген. Қазақ және шетелдік суретшілердің туындылары орналасқан галереяда белгілі суретшілердің жеке көрмелері, балалар көрмелері және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ғимараттың жалпы аумағы 3000 шаршы метрден асады. Ғимараттың бірінші қабатында үлкен көрме залы, Брюммер залы, Гобелен сақтау қоры, зертхана орналасқан. Ал екінші қабатында – қалпына келтіру шеберханасы, жұмыс кабинеттері бар.
Келесі бір маңызды нысан – «Тарихтану және руханият орталығы» деп аталады. Бұл орын тарихымызды терең танып білуге, өнеріміз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртатын, рухани орталық болатын бірден-бір мекеме. Мұнда Тарихтану және Шерхантану бөлімдері жұмыс істейді. Ал «Көрме павильонында» мәдени саладағы түрлі көрмелерді өткізуге қолайлы жағдай жасалған. «Шеберлер және туризм ортылығы» — өңірдегі қолөнер шеберлері бас қосып, тың идеяларымен бөлісетін, тәжірибе алмасатын орын. Ғимараттың бірінші қабатында қолөнер шеберлерінің бұйымдары, туристерге арналған анықтама орталығы орналасқан. Ал екінші қабатта – 7 шеберхана, жас қолөнершілерді оқыту сыныбы, «Тараз – Туризм» туристік ақпараттық орталығы бар.
Сонымен бірге, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің екінші кезеңі жалғасын тауып, «Көне Тараз» кешені мен Қарахан баба кесенесін байланыстыратын Арбат-3 жолы, «Анаға тағзым» орталығының макеті әзірленіп жатыр.
— Тараз қаласына жыл сайын қанша турист келеді? Туристер арасында қандай орындар танымал болып отыр?
— Жамбыл облысы өзінің тарихымен ерекшеленеді. Елбасы айтқандай, Жамбыл жері Ұлы Жібек жолы дәуірінен бері барша халық пен мәдениеттерге ашықтығымен, береке-бірлігімен танымал. Еліміздің туристік әлеуеті бар өлкелері ішінде Жамбыл облысы туристерді қызықтыра алатын, көне ескерткіштері мол өлке. Тараз туристері жиі баратын танымал орындар қатарында «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені, «Ақыртас» сарай кешені, «Қарахан» және «Айша бибі» кесенелері тұр. Аталған нысандарға жыл сайын 130 мыңнан астам турист келеді.
Біздің өңірде туризмнің дамуына қажетті барлық алғышарт бар. Қазіргі уақытта 185 қонақ үй, 434 тамақтану орны, 7 шипажай, 15 демалыс орны, 11 балаларды сауықтыру лагері және 47 туристік ұйым жұмыс істейді. Одан кейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі Еуропаға есік ашып тұр. Тағы бір құндылығымыз – Тараз қаласы 160-200-ге жуық ортағасырлық қалашықтар арасында орналасқан. Ал тарихи-мәдени нысандарға келсек, облыста 3 441 нысан бар. Оның ішінде 37 нысан туристік маршрутқа еніп отыр. Биыл оның санын 60-қа жеткіздік. Қазір осы нысандардың тиімділігін, жай-күйін және туристерге қолайлылығын зерттеп жатырмыз.
Жамбыл жеріне отандық және шетелдік туристердің ықыласын туғызып, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету үшін «Ақылды қала» форматын пайдаланып жатырмыз. Ол үшін өңірдегі Тамды, Саудакент, Бектөбе, Аспара, Баркуаб қалашықтарын аспанасты музейіне айналдыруды көздеп отырмыз. Онда келушілерге тарихи орын туралы цифрлық ақпарат беруден бөлек, бір мезгіл демалып, тамақтануы үшін де қолайлы орындар ашқымыз келеді. Бір сөзбен айтқанда, турист керектінің бәрін бір жерден табуы керек. Сонда ғана біз тарихи орнымызды танытып, туристерді көптеп тартамыз. Бұдан бөлек, тарихи орындарды тек туристер үшін жаңғыртпауымыз керек. Бұл орын жергілікті тұрғындарға жұмыс орнын ашып, ауылдың, ауданның экономикалық әлеуетін көтеруі қажет. Біздің қазіргі басты мақсатымыз – осы.
— Осы ретте келесі бір заңды сұрақ туындайды: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аймақтың дамуына қалай әсер етті?
— 2017 жылдан бүгінге дейін бағдарламаның «Туған жер» жобасы аясында көптеген қайырымдылық шаралары атқарылды. Демеушілер мен меценаттар қолдауымен өңірдегі аз қамтылған, көпбалалы 96 отбасы баспаналы болды. Жастарды салауатты өмір салтына тарту үшін 38 спорттық нысан бой көтерді. Аз қамтылған, көпбалалы және жалғызілікті жандарға көмек ретінде 64 әлеуметтік жоба ұйымдастырылған. Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 39 жоба, 10 саябақ, 6 балабақша, 5 мешіт, 2 медициналық бекет, 1 музей салынып, басқа да 56 жоба іске асырылды.
Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков атындағы «Желтоқсан» саябақтары қайта жөнделді. Жастар жылы аясында «Жастар аллеясы» ашылды. Мұнда 15 метрлік «Ұлы дала ұландары» стелласы, 600 адамға арналған амфитеатр – «Білім» алаңы, «Кітап» стелласы, «Жастар» қабілет орталығы жастар игілігіне берілді. «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен құны 6,5 млн теңге болатын инклюзивті ойын алаңы, 57,5 млн теңгеге балалар ойын және спорттық алаңы ашылды. 7 млн теңгеге мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды. Мұнда жалпы 150 балаға қызмет көрсетіледі.
Биылғы маусым айында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларға үй салып беруді көздейтін «Асарлатып үй салу» жобасын ұсынды және бұл ұсынысқа облыс әкімі Б.М.Сапарбаев қолдау көрсетті. Облыс бойынша 123 үйдің кілтін беру жоспарланған. 117 үйдің құрылысы басталып, оның 37-і пайдалануға берілді. Қазір 80 үй салынып жатыр. Сонымен қатар, jambyl-tylek.kz сайтында 19 422 түлек тіркеліп, ағымдағы жылы мектеп түлектері тарапынан 152 мектепке 59 млн 735 мың теңге көлемінде материалдық көмектер көрсетілді.
«Рухани жаңғыру» аясында ЖОО-ларда 14 ғылыми жинақ, 14 монография, 4 ғылыми-танымдық еңбек, 2 оқу құралы жарық көрді. Осы орайда белгілі қайраткердің өмір жолы мен шығармашылығы жан-жақты көрсетілген «Мұмамед Хайдар Дулати Қазақстан ғалымдарының зерттеулерінде» ғылыми жинағы, облыстың киелі орындары туралы құнды мағлұматтар жинақталған «Киелі Әулиеата келбеті» кітабы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобаларындағы мәліметтер туралы «Ұлы дала халқы мәдениетіндегі қоршаған орта» кітабын айтуға болады.
— Бағдарлама аясында 3,5 жылда қандай маңызды жетістіктер болды?
— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданған сәттен бері облыс бойынша 504 жоба және 10 949 іс-шара өткізілді, онда миллионға жуық адам қамтылды. «Туған жер» жобасы аясында 2019 жылы «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіровтің демеуімен мектеп оқушылары арасында «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы өтті. Бұл шара елімізде алғаш рет біздің облыста бастау алып, республикалық үздік жобалар жинағына енді. Кейінірек ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсетіп, еліміздің барлық облыстарында өткізуді ұсынды. «Әулиеата бояулары» атты І халық шығармашылығы фестивалі өтіп, ең үздік 60 сурет, 100 фотосурет және 15 қолөнер бұйымы «Шахристан» кешеніндегі көрме залына қойылды. Инновациялық технологиялар арқылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде анимациялық фильмдер әзірлейтін «BILIM анимация» жобасы ұйымдастырылып, оқушылар мен колледж студенттері әзірлеген фильмдер әлеуметтік желі арқылы таңдалды және 95 үздік фильм мектептерге таратылды. Балалардың кітап оқуға қызығушылығын ояту үшін «Оқы, тап!» байқауы өткізілді. Оқушыларды қоғамдық өмірге белсенді қатыстыру мақсатында «BILIM FM мектеп радиосы» жобасы ұйымдастырылды. Облыстағы 237 мектепте радиоторап орнатылды.
«Төрткүл» керуен-сарайында «Көне Тараз шеберлері» жобасы жүзеге асты. Бұл жерде қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, түрлі бұйымдарды жасап көруге, сатып алуға жағдай жасалған. Шараға барлығы 5 565 адам қатысса, оның 500-ден астамы – шетелдік туристер (Германия, Италия, Жаңа Зеландия, Жапония, Болгария, Қырғыстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен) және еліміздің басқа облыстарынан 2 мыңға жуық турист қатысқан. Биылғы наурыз айында «КӨРПЕ FEST» мегафестивалі өтті. Оған 1000 адам қатысып, көрпе, құрақ құрау және өзге де қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын үйренді. Жеңімпаздар тігін машиналары мен басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге, облыс көлемінде «Ғибратты керуен» жобасы ұйымдастырылды. Керуен барысында зиялы қауым өкілдері келелі басқосулар жасап, мәдениет саласының майталмандары шеберлік сағаттарын өткізді. Өзге этнос өкілдеріне тіл үйрену курстары ашық аспан астында ұйымдастырылды.
2020 жылы «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарына арналған 3-томы таныстырылды. Бұл жинаққа Жамбыл облысындағы 82 тарихи-мәдени нысан енгізілді. Әулиеатаның киелі жерлеріне қатысты барлық ақпараттық материал қолжетімді болуы үшін qasietti-taraz.kz сайты ашылды. Меркі тауында орналасқан Көккөл, Астаукөл, Сасықкөл көлдерінің қасиеті мен киесін, Сандық жайлау, балбал тастардың тарихын насихаттау, туристік кластерді дамыту мақсатында 3 күндік «Меркі-Көккөл-Сандық» республикалық тарихи-ғылыми тәжірибелік экспедициясы өтті. Экспедицияда Батыс түрік қағанатының ғибадатханасы атанған, әлі де құпиясы толық ашылмаған Сандық жайлауында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта аталған аймақтың инфрақұрылымын жүргізіп, ішкі туризмді дамыту жоспарлануда.
«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасында 2017 жылы Жамбыл облыстық филармониясының «Ақкербез» би ансамблі Нью-Делиге, облыстық орыс драма театры Сербия Республикасында, қазақ драма театры Румынияда өткен халықаралық фестивальдерге қатысты, «Әдемі-ау» бишілер ұжымы мен «Меркі әуендері» ансамблі гастрольдік сапармен Түркияға барып келді. 2018 жылы «Балауса» циркінің әртістері Доха қаласында өткен «MAGIC FESTIVAL — 2018» қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Облыстық орыс драма театры Македонияда өткен «Стоби-2018» антика драмасы фестиваліне қатысып, театрдың артисі Бекназар Ізбасаров «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алды. Нео-фольклор стиліндегі ұлттық киімдерді насихаттау үшін халықаралық «ASPARA FASHION WEEK» онлайн сән-апталығы өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен 100 дизайнері қатысқан шарада Меркі жерінің тарихы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі таныстырылды.
«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында биыл «Үлгілі ауыл» жобасы іске асырылды. Жобаның негізгі мазмұны – ауыл тұрғындарының белсенділігін арттырып, еңбек етуші қоғам қалыптастыру еді. Ауылдарға қойылатын басты талаптардың бірі – дүкендерде ішімдіктің сатылмауы, қылмыстың болмауы, әлеуметтік көмек алушылар санының аз болуы, ардагерлер кеңесінің белсенді болуы. Байқау шарты бойынша жеңімпаз ауылға 5 млн теңге қаражат өзекті мәселелерін шешу үшін беріледі. Нәтижесінде 1 орынды Қордай ауданының Кенен ауылы, 2 орынды – Байзақ ауданының Мәдімар ауылы мен Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылы жеңіп алса, 3 орын – Жуалы ауданының Қарабастау ауылы мен Меркі ауданының Сұрат ауылы және ынталандыру үшін Шу ауданының Қонаев ауылы мен Талас ауданының Қасқабұлақ ауылдарына берілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы болған «Біз біргеміз» акциясына Жамбыл облысы да белсене атсалысты. Облыстағы көмекке мұқтаж отбасыларға 27 млн теңгеден астам қаражатқа азық-түлік және керекті санитарлық заттар таратылды. Демеушілер мен меценаттар 50 млн теңгеге 40 оттегі баллонын, 35 оттегі концентратын, 1 өкпені жасанды желдету құрылғысын алып берді.
Пандемияға байланысты «Қымызмұрындық» жобасы ұйымдастырылып, ауруханадағы науқастарға күніне 100 литр қымыз жеткізіліп отырды. Осылайша, жалпы көлемі 1,5 тоннадан астам қымыз ауруханаларға тегін үлестірілді. Бұл жоба Тараз қаласы мен Жуалы, Жамбыл, Талас, Сарысу, Байзақ, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында жалғасын тапты. Облыстық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің бастамасымен жамбылдық жас келіндер мен аналардың ас мәзірлері әлеуметтік желілерге жарияланып, оқырман назарына ұсынылды. «Өрме төстік», «Үлпершек», «Қарын бүрме», «Ми палау», «Балғын сүр ет», «Қымыз», «Құрт», «Ірімшік», «Талқан» сияқты ұлттық тағамдардың құрамы мен жасалу жолдары түсіндірілді. Жоба аясында «Дәстүрді дәріптейік!» акциясы басталып, облыстағы 300-ден астам қоғамдық орында ұмыт болған ұлттық тағамдар, ұлттық киімдер, ұлттық зергерлік бұйымдар, салт-дәстүрлер туралы көрнекі құралдар ілінді.
Жамбыл облысы – Қызғалдақтың отаны. 2019 жылы осы бағытта ғылыми дәлелденген фактіні жаңғырту, оны халықаралық деңгейде танымал ету, экологиялық туризмді дамыту мақсатында «Қызғалдақ – Жамбыл облысының табиғи мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда экологиялық туризмді дамыту жолдары мен мүмкіндіктері талқыланып, 6 маңызды меморандумға қол қойылды.
Мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, құжаттарды тиімді сақтау мақсатында «Электронды архив» жобасы қолға алынды. Бүгінде облыстық мұрағат қорындағы 13 млн 943 мың 103 парақ электрондық форматқа көшірілді. Бұл сақтауда тұрған құжаттың 15,4%-ын құрайды. Ұлы Даланың жеті қырындағы әр жобаға жете тоқталу үшін «7 QYR» мобильді платформасы құрастырылды. Онда «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы мәліметтер жазбаша, аудио және видео нұсқада салынған.