Қоғамдық сананың жаңа сапалы деңгейге көтерілуі, басқа сөзбен айтқанда, жаңғыруына, бірінші кезекте мемлекет жауапты. Ол оның ішкі саясатындағы идеологиясынан көрініс табуы тиіс. Еліміз бұл үдерісте  ұлттық идеологияға басымдық бергендіктен, қоғамдық сананы жетілдірудің басты бағыты — рухани жаңғыру.

Мемлекеттік деңгейде қабылданған саяси салмағы бар ресми құжат — «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Оның негізін құрайтын әдістемелік әрі тәжірибелік нұсқаулық — ол Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» (2017 ж.) және «Ұлы Даланың жеті қыры» (2019 ж.) атты бағдарламалық мақалалары. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Елордамызда атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың мән-жайы, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігі мен қоғам санасын жаңғырту мәселелері туралы «Рухани Жаңғыру» Жобалық Кеңсесінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша директоры Ақерке Жұманбаевамен сұхбаттасқан едік.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеологиялық түп тамыры жыл сайынғы Жолдаулармен үндестігі бар ма? Бағдарлама мақсат еткен басты қағидалар қандай?

— «Рухани Жаңғыру» бағдарламасына бүгінгі күннің талабы тұрғысынан қарайтын болсақ, онда еліміздің дамуына бағыт-бағдар беретін президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауына жүгінеміз. Сәйкесінше, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауына шолу жасай отыра, ондағы бірқатар басымдылықтарға назар аударамыз. Мемлекеттің алдында тұрған басты мақсат — қоғамдағы  әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау мәселесі. Оны қамтамасыз етудегі маңыздысы — «үндестік» пен «біліктілік» қағидаларын басшылыққа алу міндеттелді. Президент атап өткен «үндестік» пен «біліктіліктің» маңыздылығы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын идеялық жағынан толықтырып тұр.

Біріншіден, Жолдауда бұдан бұрынғы жылдары мемлекетте бекітілген   «Бес институционалдық жоспарды» бағдарға алу міндеттілігіне баса назар аударылған. Онда мемлекеттік саясаттың үндестік принципіне бағынатынын, оның алдағы уақытта да дәстүрлі үдеріс ретінде жалғасатынын көрсетеді. Сонымен қатар, Жолдауда біліктіліктің маңыздылығына үлкен мән беріледі және оның қоғамдық дамудың қазіргі кезеңінде жоғары сұранымға ие екендігіне баса назар аударылады. Бұл жайлы президент «білімсіздік пен популизм – демократияның қас жауы» деп кесіп айтты.

Екіншіден, Жолдауда «Ұлттың жаңа болмысы» деген бөлімінде «жаңарған жұрт жаңа сапаға көшу керек» делінген. Бұл жерде, қоғамдық сананың жаңғыруы мәселесімен үндестік анық көрініс тауып тұр. Жолдауда бұл бағыттағы мәселелерді іске асыру үшін басшылыққа алатын маңызды принциптер ретінде: білім, еңбекке бейімдеу, кәсіби дағды, тәртіп пен жауапкершілік, әділдік пен әділеттілік, адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық көрсетілген.

Мақалада негізгі қаралатын мәселе де сол, Жолдауда көрсетілген үндестікті сақтау принципі рухани жаңғыру үдерісінде кеңінен басшылыққа алу маңызды. Яғни, қоғамдық сананың жаңғыруы деген мағынадағы идеологиялық ұстаным жайлы ойларды ортаға салу, ол қатардағы атқарылатын жұмыстардың  сипатына тоқталу. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаты да сол:  ұлттық руханияттың өзіндік табиғи болмысын сақтау, жаһандық деңгейде өркениеттің  озық үлгілерін игере отырып, алдыңғы қатарлы ұлт дәрежесінде даму. Бүгінгі күні, Үкіметтің қаулысымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты арнайы мекеме ашылды — «Қазақстандық қоғамдық даму институты». Сәйкесінше, еліміздің барлық аймақтарында «Рухани Жаңғыру» Жобалық кеңселері ашылды.

— Жобалық кеңестердің жұмысы жайында айтып өттіңіз. Өзіңіз жетекшілік ететін «Рухани жаңғыру» кеңсесі карантин кезінде қалай жұмыс істеп жатыр? Қандай жаңа жобаларыңыз бар?

— Елордадағы «Рухани Жаңғыру» Жобалық кеңсесі өз жұмысын 2017 жылдан бері атқарып келеді. Жобаның мақсаты: «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оның ішінде: ұлттық мәдени кодты сақтай отыра, әр қазақстандықтың тұлғалық қасиеттерін және тарихи сананы дамытуға бағытталған үрдіске қызмет ету. Сондай-ақ қоғамдық сананы дамыту бағдарламасы интеллигенцияны, жастарды, қоғамның барлық мүшелерін біріктіре отырып, бағдарламадағы мақсатқа қызмет етуге жұмылдыруды көздейді. Белгіленген шараларды іске асыруға Жобалық кеңсе ұжымы ғылыми-сараптамалық қауымдастық өкілдерін, жастарды, педагогтар мен ата-аналарды, қоғамдық бірлестіктер мен қоғамдық пікір көшбасшыларын қызметтік серіктестікке белсенді тартуда.Сонымен бірге, Кеңсе өз жұмысында Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы негізге тезистерді басшылыққа алады. Мәселен, «ұлттық бірегейлікті сақтау» мәселесі.  Жаһандану (глобализация) үдерісіне байланысты қауіп-қатерлердің біздің елге де қатысы бар екені белгілі. Оған төтеп беретін әр ұлттың өзіндік болмысы (менталитет) мықты болуы керек.  «Мақсатқа жету үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс.» — деген Елбасы мақалада.

— «Рухани жаңғырудың өзегі – сана жаңғыруы». Сіздің ойыңызша, сана жаңғыруына қажет басты талаптар қандай? Қазіргі қоғам «сананы жаңғыртуға» қаншалықты дайын?

— Бүгінгі қазақ қоғамы дамуындағы басты мақсатты Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев былай көрсетеді:  «…ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс». Демек, қазақстандық қоғам ұлттың ұлы мұратын сақтай отырып, болашақтағы өзінің орнын айқындап алу жолында дамуы керек. Мақалада қазақстандықтардың санасын жаңғыртудың (рухани жаңғыру) алты бағыты көрсетілген: бәсекеге қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Бұл ретте  тарихи сананы жаңғырту мәселесі маңызды орында. Оның ең ұтымды жолдарының бірі – қазақ тілін меңгеру. Қазақстан қоғамын жете білу, оның арғы-бергі тарихымен таныс болуда қазақ тілін үйренудің маңызы зор. Бұл қағида «Рухани жаңғыру» Бағдарламасында «ұлттық код» түсінігі арқылы негізгі шарттардың бірі болып қарастырылған. Оның шеңберінде «намыс», «ұлттық сана», «ұлтжандылық», «ар-ождан» сияқты түсініктерді игеру, оларды тәрбиенің негізі етіп алу мәселелеріне назар аударамыз. Осы орайда, «…барлығымыз қазақ тілінде сөйлесек, қазақы қуатты орта пайда болады, барлық мәселе өзінен-өзі шешіледі», — деп жазады  Н.Назарбаев.

– «Сананы жаңғырту» мәселесі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да айтылады.  Мақала «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндес  еңбек. Осы жайында ой өрбіте отырсақ.

– Тұңғыш президент «Ұлы Даланың жеті қыры» атты еңбегінде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесін әрі қарай тәжірибелік сұрақтармен негіздейді. Мақаланың өзегі – ұлт руханияты жетістіктерімен мақтану, оны дәріптеу және еселеп арттыру. Ұлы Даланың бүгінгі мұрагері Қазақ елі екендігін бүкіл әлем мойындап отырғаны;  Ұлы Далада бүгінгі өркениеттің талай үлгілері алғаш рет пайда болып, кейіннен осы жерден барлық өзге елдер мен құрлықтарға тарағандығы; XVI ғасырдың ортасына дейін түркі тілдес халықтардың ортақ тілі болып келген қыпшақ тілінің мұрагері  қазақ тілі болып қалғандығы  («Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы», Н.Назарбаев); бүгінгі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі екендігі; «мен Қазақ елі азаматымын» деп мақтанышпен айтуға мүдделі көптеген этнос өкілдері сыйласымдық жағдайында бейбіт өмір кешіп жатқандары. Сондықтан, Қазақстан халқы өзінің ұлылығын көрсетуі — табиғи құбылыс, бұлтартпасыз ақиқат. Елбасының мақалада айтқан мақтануға негіз болатын ақиқаттың мән-мағынасы да осында.

— Сұхбатымызды қорытындылай келе, жаңғыру үрдісінің жаңа замандағы жемісті жүзеге асырылуына не түрткі болатынын айта кетсеңіз.

— Қазіргі қоғамның рухани жаңғыруындағы тарихи сананы дамытудың маңызы зор. Тарихты түсіну, оны құрметтеу арқылы қоғамдағы өзге этникалық топтар өкілдеріне де отансүйгіштік, мемлекетшілдік, патриоттық сезімдердің дамуына ұйтқы болуға сара жол ашылады. Қазақстан қоғамындағы ортақ тағдыр, ортақ келешекті мұрат еткен әрбір азамат қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен жетістіктерін тану, оларды санасына сіңіру арқылы ортақ мақсаттарға бірге жетпек. Этносаралық және конфессияаралық үйлесімділікті жетілдіре отырып, қазіргі қазақ қоғамында Ұлттық бірегейлікті сақтау үрдісін белсенді жолға қою қажеттілігі туындайды. Елбасының аталмыш екі еңбегінде  көрсетілген негізгі идеологиялық бағдар да, маңызды басымдықтардың мәні де осында. Оларды халық арасында наихаттау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өз мәнінде жүргізу, зияткерлік мазмұндағы тарихи зердені дамытатын шараларды жолға қою, сол бағытта жүйелі жұмыс атқару «Рухани Жаңғыру» Бағдарламасының негізін құрайды.

Осыған орай, Президент Қ.Тоқаев Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевты қабылдау барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қоғам үшін өзектілігіне баса назар аударды. Бағдарламаның орындалу барысына баға бере отырып, оның шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарды алдағы жылдары да жалғастыруды тапсырды.  Бұл  тапсырма «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  қоғамдағы бүгінгі жағымды үрдіске айналғанын көрсетеді.

— Әңгімеңізге рақмет!