Экшн жанрында сериал түсіру идеясы режиссер Асхат Мұсабайға бір жыл бұрын келіпті. Оны жүзеге асыру тек биыл бұйырған. Ұрлықшылар ақша да, гауһартас та, тіпті алтын да емес, қылыш ұрлайтыны біраз көрерменге қызық болса керек. Режиссер туындының сюжеті өмірден алынғанын айтады.
Ерекше әрі тарихымызға жақын болсын деп қылыш ұрлауға бел будық. Жошы ханның қылышын музейден ұрлау ойдан шығарылған нәрсе болғанымен шындыққа жақын. Өмірде жәдігерлерді жинайтын адамдар бар. Бір кісінің үйінен Абылайханның шапанын көрген едім. Атын атап, түсін түстей алмасақ та, антиквариаттар қолдан қолға өтетіні белгілі, — дейді ол.
Идея авторының айтуынша, ұрлық тақырыбы, бас кейіпкерлердің тығырыққа тіреліп, одан қалай шығатыны әрдайым көрерменге қызық.
Өзім де ұрлық, төбелес, көлікпен жарысу сахнасы көп фильмдерді ұнатамын. Мұндайды түсіріп, мүмкіндігімді сынап көргім келді. Қазақстанда бұл жанрда фильмдер бар. Енді оны сериалға енгізіп, жаңашылдық қосқым келді. Түсіру оңай болды деп айта алмаймын. Қиын болған сайын қызығы да қатар жүрді. Көрерменнің көңілінен шығып жатыр. Өзімнің де көңілім толды деп айта аламын, — дейді режиссер Асхат Мұсабай.
Басты рольде ойнағандар: Дәулет Өсербай, Әділет Ақанов, Ақарыс Әділжан, Амина Мектепбаева және Әбунасыр Серіков. Актерлар кастинг арқылы таңдалған.
Сериалдың сценариін жазған Ақарыс Әділжан мен Шыңғыс Ермахан. Сонымен қатар Ақарыс сериалда басты рольдің бірін ойнайды. Бірақ сценарий жазу барысында режиссер мен екі сценарист – үшеуі үш қалада болған. Сондықтан олар онлайн ақылдасып, жалпы туындының қаңқасын дайындай берген. Кейін бәрі Нұр-Cұлтанда бас қосып, сценарийді аз уақытта жазып шыққан.
Сценарий жазып жүрген кезде күн тәртібі бұзылып, ұйқы ауысып кетеді. Шыңғыс екеуіміздің мұрнымыз қанаған кездер де болды. Режиссер Асхат Мұсабай бәріне тыңғылықты қарайды. Сценарийді бұлай жүйелейтін режиссерды бірінші рет көруім. Сценарийді ақпанда бастағанымызбен қыркүйекке дейін әрдайым түзетіп отырдық. Себебі Асекеңнің басына кез келген уақытта сап етіп жаңа идея келе қалады. Тіпті түсірілім басталып кетсе де, сценарийді бірнеше рет өзгерттік. Оны жазу фильм түсіріліп болғанша тоқтамады, — дейді ол.
Сериал Алматыда, Қапшағайда, Ұзынағашта және Нұр-Сұлтанда түсірілді. Ақарыс Әділжан басты рольдің бірінде ойнаудан бас тартып та көріпті. Әу баста кейіпкер өзіне ыңғайланып жазылғасын әрі оқу онлайнға ауысқасын оған сериалға түсу қиын болмапты.
Сценарий бойынша 37 қабат ғимараттың шатырында жеңіл киіммен төбелесуіміз керек еді, күн суып кетті. Сонда да құр жейдемен суықта төбелес сахнасын түсірдік. Сол күні Дәулет екеуіміз қатты тоңып, ауырдық, — дейді сценарист.
Фильм отандық туындылардан өзгеше болсын деп әрі елде мұндай жанрда сериал көп түсірмейтіндіктен авторлар оны неғұрлым қиын сахналарды қосып, бірнеше локацияда түсірген.
Өзім біраз сериалдың түсірілімінде авторлардың жұмысты барынша жеңілдетуге тырысатынын байқаймын. Түсіретін орын, көлік, үй, актерлардың киіміне дейін азайтып, үнемдейді. Ал біз «Ұрлаудан басқа амал жоққа» ештеңені аямадық. Музей керек болғанда елдегі бас музейді сұрап алдық, төбелесті де жай жерде емес, биікте түсіргіміз келді. Сериал сонысымен ерекше. Қазақ сериалдары өзара бәсекелес болса екен деп, басқа ұжымдарға ой тастадық, — дейді Ақарыс Әділжан.
Ал Әділет Ақанов сериалда томпақ Самғаттың ролін ойнайды. Бұл рольге ол 2000 адамның арасынан таңдалыпты.
Самғаттың ролінде трансформация бар. Ол сериалдың басында аңғал болғанымен фильмнің шешуші сәтінде батырлық танытып, қылышты ұрлайды. Өзім киноға алғаш рет түскесін маған барлық процесс қызық болды. Нұр-Сұлтанның суығы бөлек әңгіме. Сосын менің терезеден секіретін сахнам бар. Қорқынышым адреналинге ұласып, 3-қабаттан қалай 8 рет секіргенімді білмей қалдым, — дейді актер.
Актерлардың айтуынша, «Ұрлаудан басқа амал жоқ» сериалы жанрымен де ерекше. Елімізде мұндай жанрда туындылар жоқтың қасы. Олар актерлық құрам да жақсы таңдалған деп есептейді.
Сериалды барлық жастағы көрерменге ұсынар едім. Әсіресе, біз қатарлы жастарға Рауанның қайсарлығы, Самғаттың намысқа тырысатын қабілеті, Ақарыстың алғырлығы ұнайды деп ойлаймын. Мәселе ұрлықта емес, достық пен жанашырлықта, — дейді Әділет Ақанов.
Дәулет Өсербай – ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы. Сериалда «шумахер» жігіт болып ойнайды. Өзінің айтуынша, бұл рольді басынан ұнатып, түсуге бірден келісіпті.
Бірақ дайындығым аздау болды, мәтінді де тез жаттауға тура келді. Ең қызық сахна – биік ғимараттың шатырындағы төбелес. Қар жауайын деп тұрды, бірақ біз сценарий бойынша жеңіл жүрдік. Түсірілімге пандемия әсер ете қоймады. Дегенмен кей ғимаратқа бір топ адамды кіргізбей қойды. «Ұрлаудан басқа амал жоқтың» сценариі маған ұнайды, көрерменге де қызық деп ойлаймын. Біздің ұрлаудан басқа амалымыз болмаса, халықтың да сериалды көруден басқа амалы жоқ, — дейді Дәулет Өсербай.
Әр туынды қыз бен жігіттің махаббатынсыз түсірілмейді. Экшнға кішкене романтика беріп жүретін басты рольдегі Айару мен Рауанның қарым-қатынасы. Айару ролінде жас актриса Амина Мектепбаева ойнады.
Дайындық кезінде Kazakh Union каскадерлар тобымен жаттықтық. Төбелес сахнасы менде де бар. Ол маған ерекше тәжірибе болды. Экшн режиссерымыздың айтуынша, қыздардың мұндай төбелес сахнасы Қазақстанда ешбір кинода қойылмаған. Сериалда экшн да, боевик те, комедия да бар. Туынды өз аудиториясын тауып үлгерді деп есептеймін. Себебі көрерменнің пікірін, лебізін естіп жатырмыз. Ондай болса, жалғасына да дайынбыз, — дейді Әмина Мектепбаева.
«Ұрлаудан басқа амал жоқ» телехикаясының соңғы сериялары 27 қараша, яғни бүгін КТК арнасында сағат 17.00-де көрсетіледі. Сериал көптің жүрегіне жол тауып жатса, авторлар екінші маусымға да кіріскелі отыр.