Шардарада мақта түсімі рекордтық көрсеткішке жетті

Шардаралық диқандардың ішінде биыл мақташы қауымның еңбегі жанды. Аудан бойынша егілген 11972 гектар мақталықтан барлығы 32400 тонна ақ ұлпа жиналды. Уақтылы баптап, дұрыс күтім жасағанның арқасында «ақ алтынның» әр гектардан түсімділігі 27,1 центнерді құрады. Айта кетейік, аудан мақташыларының биылғы көрсеткіші өткен жылғыдан 10 центнерге артып отыр.

Мұндай жоғары өнімділікке облыс бойынша шардаралық мақташылардың ғана қолдары жетіп отыр. Соның нәтижесінде кешегі өткен облыстық «Алтын күз» мерекесінде Шардара ауданы «мақта өндіруден озат аудан» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. 76900 гектар алқапқа шитті дән егіп, 203 мың тоннадан астам «ақ алтын» жиған мақтаралдықтар гектар түсімділігі бойынша 26,4 центнермен екінші орынға шықса, 4 мың гектар жерге мақта егіп, 10 мың тонна (гектар түсімділігі — 26,3 центнер) ақ ұлпа жиған Түркістан қаласы үшінші орынды иемденді.

Айта кеткен жөн, Шардара ауданында шитті мақта өсірумен шұғылданатын шаруашылықтар ішінде «Иіржарагро» ЖШС-і алдыңғы орында келеді. Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдер бойынша мақта өсірумен айналысып келе жатқан серіктестік диқандары 190 гектарға шит егіп, әр гектарынан 50 центнерден өнім алды. Ал жеке қожалықтар арасында «Жәнібек» шаруа қожалығы 15 гектар мақта алқабынан гектарына 64,5 центнер түсімділікпен мақта терсе, «Тоқай» шаруа қожалығындағы 8,2 гектар жерден 55,6 центнерден өнім алынды.