Басты бетҚоғамПрезидент Алматыда...

Президент Алматыда ағашты заңсыз кескендерді жазалауды тапсырды

Президент Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.

Мемлекет басшысы 2019 жылы 29 қазанда Алматыда қала проблемаларына арналған кеңесте сөйлеген сөзінде мегаполистің экожүйесіне ұқыпты қараудың,  тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін тиісті жағдайлар жасаудың ерекше маңызды екенін мәлім еткен болатын, — деп жазды Берік Уәли.

ағаш кесу
Коллаж: Берік Уәлидің Facebook-парақшасынан

Ал Алматы прокуратурасының баспасөз қызметі аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 340-бабы (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Тергеу барысында тиісті сараптамалар тағайындалады, оның нәтижесі бойынша залал бағаланады.

Еске салайық, бұған дейін алматылықтар Төле би және Әуезов көшелерінің қиылысындағы ағаштардың кесілгеніне наразы болды. Жасыл экономика басқармасының баспасөз қызметі және Sulpak компаниясының өкілдері осы жағдайға қатысты пікір берді. «Arena S» (Sulpak сауда маркасы) өкілдері ағаштар кесілген аумақ компания меншігіне жатпайтынын мәлімдеді.

Кейінірек Алматы әкімдігі өкілдері 13 ағаш (9 емен және 4 қарағай) кесілгенін және мұны істегендер жазаланғанын айтты.