Қызылорда облысында көлемі 2,3 миллиард текше метр болатын 6 су қоймасы салынады

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Биыл күріш өсірушілеріміз гектарына 61,8 центнер өнімнен 550 мың тоннадан астам күріш жинап, тағы да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Суармалы суға байланысты суды аз талап ететін дақылдардың егістіктерін кеңейту туралы шешім қабылдадық. Суармалы суға байланысты өзекті мәселелерді азайту үшін көлемі 2,3 миллиард текше метр болатын 6 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, Қызылорда су торабын, Әйтек су торабын қайта жаңғырту, Жиделі су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауданындағы ирригациялық дренаж жүйесін жетілдіру (15 мың гектар) бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстары басталды, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында 143 мың гектар аумақтағы алқаптың ирригациялық және дренаждық жүйесін, 29 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға енгізу жобалары іске асырылады.

Біз қазіргі заманауи суару жүйелеріне ерекше мән береміз. Мысалы, пилот режимінде Жаңақорған ауданында күздік бидай себілген 80 гектар жерге аквагель қолданылды. Бұл гектарынан орта есеппен 18 центнерден өнім жинауға мүмкіндік берді, – деп атап өтті облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.