Мұхит детокс-тәжірибеге дейін күніне 6-7 сағат Instagram-ды пайдаланып келген. Өзі жүргізіп, пост салып отыратын 3-4 парақшаның жұмысынан бөлек біраз уақытын достарының өмірін бақылап, түрлі сторис көрумен өткізген. Уақытын тиімсіз, пайдасыз іспен өткізіп жүргенін байқап, бір ай челлендж жасап көргісі келеді.

Жүргізіп жүрген парақшаларым ешқандай ақша әкелмейді. Оның үстіне өзгенің өмірін көріп отырудан бөлек өзімнің күнде істеген ісімді әдемі етіп көрсету иллюзиясында жүргенімді түсіндім. Содан «Бір ай осы желіге кірмесем, не болар екен?» деген ой келді. Эксперимент жасап көргім келіп, жақын достарыма «Осы бір айда Instagram-ға кіріп қойсам, бірінші байқаған адамға 100 мың теңге беремін» деп хабарладым. Қолданбаны смартфоннан өшірдім, — дейді студент.

Челлендждің алғашқы күндерінде Мұхит смартфонын алып, автомат түрде бірден Instagram-ды іздей беріпті. Ол бастапқыда 2-3 күн үйренісе алмай жүргенін, кейін мұндай сезім қала бастағанын айтады.

Челлендждің алғашқы аптасының соңында өзімді тәуелсіз адамдай сезіндім, іздемейтін болдым. Сол кезде Көлсай, Қайыңды көлдеріне барып қайттым. Қасымдағылар жолды, табиғатты видеоға түсіріп жүрді. Кейін соны жинап, видео жасап, желіге сала алмай, сеть іздеді. Мен де қасымдағылар сияқты бәрін фотоға, видеоға түсірейін десем, оны бәрібір ешқайда жариялай алмаймын. Сондықтан бұрынғыдай әдемі сәттерді камераға қағып алуды, фотоға түсуді ойламадым. Сонда өзімнің бұл ісіме таңғалдым. Табиғатта тек демалдым деуге болады. Бұл сапардан түйгенім: әдемі фотоға түсудің орнына назарыңды табиғатқа бұрып, жақсылап демалған дұрыс. Ал естелік үшін 4-5 фото-видео да жетеді, — дейді Мұхит.

Екінші аптада студент Instagram адам уақытын көп алатынын шын байқайды. Дегенмен арасында керек кезі де болады екен.

Сағат сатып алғымыз келсе, Instagram-нан іздейміз. Табиғатта қыдыруды жоспарласақ, басқалар сол жерде қалай фотоға түскенін іздеп, идея аламыз. Кейде біреудің нөмірі болмайды, сол кезде оны әлеуметтік желіден іздеймін. Осы сияқты оқиғаларда Instagram керек болды. Челлендждың ең ыңғайсыз тұсы осында, — дейді ол.

Мұхит мұндай эксперимент бастамай тұрғанда Instagram-нан бас тартсам, көп нәрсеге үлгеремін, өнімді жұмыс істеймін деп ойламағанын айтады. Ертең достары «Бір ай желіге кірмегеннен өміріңде не өзгерді?» деп сұрайтынын да біліп отыр. Студенттің бұған жауабы дайын екен.

Instagram адамның назарын ғана емес, қызығушылығы мен идеясын да тұмшалап тастайтын сияқты. Біріншіден, әлеуметтік желіде біраз отырғасын сабақ оқуға, қосымша жұмысыңды істеуге ынтаң болмай қалады. Екіншіден, желіде басқаның өмірі өзіңдікінен қызығырақ көрінеді, бәрі бақытты деп ойлай бастайсың. Бұл адамды басады. Ешкімнің өмірін көрмей, өзіңнін тіршілігіңді біреудікімен салыстыруды доғарсаң, бәрі жеңілдей түседі екен. Адам желідегі өзгенің бақытын қызғанбаса да, оны тіпті ойламаса да, мида ол ақпарат болып тұрады, жинала береді. Бір күні сол ақпараттың бәрі «Басқалар жетістікке жетіп жатыр, ал сен әлі жүрсің» деген негатив ойға, өз еңбегіңді көрмеуге себеп болуы мүмкін, — дейді Мұхит.

Студенттің айтуынша, ол осы бір ай өз ойымен оңаша қалғандай әсер алған. Сабаққа да зейіні ашылып, жұмысқа ынтамен кірісіп жүріпті. Жақында аралық бақылаудың қорытындысы шыққанда барлық сабақтан 90-нан жоғары балл алды. Тіпті үнемі 75-ке әрең ілінетін сабақтан да бес алған.

Желіге құртқан уақытымды оқуға арнап жүрдім. Ал оның нәтижесі жақсы болып шыққанда оқуға, мамандығымды игеруге деген ынтам арта түсті, — дейді ол.

Мұхиттың сөзінше, бұрын әлеуметтік желіде көп отыратын кезде біраз дүниеге зауқы болмапты. Жоба болса, оны дедлайн тақалғанда істеп, әйтеуір өткізіп, ілініп-cалынып жүретін.

Қазір әр ісімнің маған беретін пайдасын, сосын өзгелерге көмектесетін жағын ойлап, бәрін саралап істейтін болдым. Смартфонды көп қолданбаудан бөлек Instagram-ға кірмегеннің тағы бір пайдасы көп ойлануға мүмкіндік беретінінде. Өзгенің өмірі мен жетістігін көрмеген соң, миың тынығып, жаңа ойға, идеяға жол ашады. Интернеті жоқ жерде жүргенде немесе тариф бітіп қалғанда, «Маған кім жазды екен?» деп елеңдейтініміз бар емес пе? Ал желіге тәуелді болмасаң, бұл сезім мүлдем жойылады. Оның орнына өз өміріңмен әуреленесің. Біраз нәрсеге кеңінен, еш шектеусіз қарайсың, — дейді ол.

Мұхит Instagram-ға кірмеген дұрыс деген шешімге келді. Қазір күніне максимум бір сағат кіріп, тек керек нәрсеге қолданамын деп отыр.

Бүгін, яғни 23 қараша Instagram қолданбасын қайта жүктеп алып, кірдім. Аса ешкім іздемеген екен. Өзім де көп хат келмесе екен деп, жауап беруге ерініп отыр едім. Тәжірибем өзім ойлағаннан жақсы өткен сияқты, — дейді Мұхит Асқарұлы.

Ал сіз, құрметті оқырман, уақытыңыздың біраз бөлігін алатын әлеуметтік желіден бас тартар ма едіңіз?