Ең төменгі күнкөріс деңгейі

Ең төменгі күнкөріс деңгейі ең төменгі тұтыну қоржынының құнына тең, яғни бұл — бір адамға қажет ең төменгі ақшалай кіріс.

Тұтыну қоржыны дегеніміз – лайық өмір сүруге жеткілікті тауарлар мен қызметтердің ең аз жиынтығы. Онда азық-түлік, коммуналдық қызметтер, көлік, медицина, білім беру тауарлары мен қызметтерін қамтитын 12 негізгі бөлім бар. Тауарлар мен қызметтер дәрігерлердің, әлеуметтанушылардың және басқа ғалымдардың ұсыныстарын ескере отырып іріктеледі. Оған қоса, денсаулықты және әлеуметтік өмірді сақтау үшін калорияның, ақуыздың, көмірсудың, май мен витаминнің орташа қажет саны ескеріледі.

Яғни, ең төменгі күнкөріс деңгейі – осы тұтыну қоржынының құнын жабатын белгілі бір сома. Биыл сәуір айында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға түзетулер енгізілді. Онда ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңге деп көрсетілген. Бұған дейін 31 183 теңге еді.

Ең төменгі жалақы

Адам атқарған еңбегі үшін ең аз дегенде күнкөріс минимумын (жоғары сөз болған 32 668 теңге) жабатын мөлшерде ақы алуы керек. Ең төменгі жалақы дегеніміз — осы.

Дегенмен экономистер бұл көрсеткішті қолдайтындар және қолдамайтындар болып екіге бөлінеді. Қарсы пікірдегілер былай дейді: бұл еңбекақы минимумынан аз ақыға жұмыс істеуге дайын азаматтар бар. Бірақ заң жұмыс берушілерге бекітілгеннен төмен жалақы төлеуге рұқсат етпейді. Нәтижесінде, белгіленген минимумнан төмен жалақы үшін жұмыс істеуге келіскен барлық жұмыс күші көлеңкелі табыс түріне кетеді.

Ал осы минимумды белгілеуді қолдайтындар ең төменгі жалақының жұмыс берушілердің монопсониялық күшке ие болуына жол бермейтінін айтады. Монопсония дегеніміз — нарықта жалғыз жұмыс беруші болып, қол астындағыларға кез келген еңбекақы мөлшерін бекіте алуы.

Демек, халықты әділетсіз қанаудан қорғау үшін ең төменгі жалақы мөлшерін енгізу қажет. Қазақстан — халықты қолдауға міндеттеме алған әлеуметтік мемлекет. Ең төменгі жалақыны белгілеу әлеуметті қолдауға бағытталған саясатқа жатады.

Қорытындылай келе, ең төменгі жалақы – ең жеңіл (қарапайым) жұмыстарды орындайтын және өмір сүруге керек әртүрлі тауар, қызмет және басқа да игіліктер жиынтығының ең аз мөлшеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін ақшалай төлемдер мөлшерін айқындайтын әлеуметтік норматив. Ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз етіліп белгіленбейді. Алайда Қазақстанда ұзақ жыл бойы ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленіп келді. Тек 2019 жылы ең төменгі жалақы мөлшері (42 500 теңге) ең төменгі күнкөріс деңгейінен (ол кезде 29 698 теңге) біршама жоғары болды. 2020 жылы ең төменгі жалақы мөлшері сол күйі сақталды.

Айлық есептік көрсеткіш

Айыппұлсыз заң болмайды. Азамат заңды аттап басса, ол арнайы жазаланумен қатар, айыппұл төлеуі керек. Дегенмен айыппұл мөлшерін теңгемен көрсетуге болмайды. Олай болған жағдайда штраф көлемін жыл сайын инфляцияға байланысты өзгертіп отыруға тура келер еді. Сәйкесінше, қаптаған заңға да түзету енгізіп отыру керек. Бұл — күрделі, қисынға келмейтін іс. Сол үшін мемлекет айыппұл деңгейін теңгемен емес, шартты бірлікпен бір рет бекітіп қояды. Ол бірліктің көлемі қанша өзгерсе де, заңдағы көрсеткіш сол қалпы қалады. Яғни айыппұлдары бар әр заңдағы мәтінді жыл сайын өзгертпейміз, шағын қаулымен осы шартты бірліктің көлемін ғана белгілеп отыру жеткілікті.

Айлық есептік көрсеткіш – заңдарды, актілер мен ережелерді қайта-қайта басып шығару және түзету шығындарын болдырмау үшін құрылған шартты бірлік. 2020 жылдың сәуіріндегі түзетулер бойынша, елде айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2 778 теңге болды.