Кездесуге Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев, Палата басшылығы, қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов пен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Сыздықова, мейрамхана саласында кәсіп жүргізуші бизнес иелері қатысты.

Өңірлік кеңес төрағасы Қайрат Боранбаев қазір бизнестің қай түрі де қиындықты бастан өткізіп жатқанын айта келіп, әсіресе қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлердің айтарлықтай тығырыққа тірелгенін жеткізді. Наурыз айынан бері жұмысын тоқтатқандығына қарамастан мейрамхана иелері ғимартты күтіп-ұстау, сондай-ақ коммуналдық шығындарды үзбей төлеуде, оның үстіне әр қайсысының төлейтін несиесі де жеткілікті.

Кәсіпкерлердің айтуынша, мәселе облыстың бас санитарының 2 қарашада қабылдаған қаулысынан туындауда. Карантин талаптары жеңілдетілген тұста кафелердің 23.00-ге дейін жұмыс жасау мүмкіндігі болған кәсіпкерлер қызмет көрсету уақытын ұзартады деп күтіп жүргендерінде №25 қаулыда керісінше жұмыс жасау мерзімінің қысқартылғандығын айтуда.

Аймақта эпидемиологиялық жағдай ушығып тұрса, бұл қадамды түсінер едік. Алайда облыс қазір жасыл аймақта. Осыған сәйкес, жұмыс істеу мерзімінің республикалық қаулыда көрсетілген мерзімде қалғанын қалаймыз, – дейді кәсіпкер Ақмарал Әбдіразақова.

Мұнан өзге, сала кәсіпкерлері мониторингтік топқа қатысты да ұсыныстарын ортаға салды.

Қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер санитарлық талаптарды қатаң сақтауға өздері де мүдделі екендіктерін жеткізіп отыр. Тек талаптар нақты, анық болғанын қалайды.

Сонымен кездесу барысында кәсіпкерлер әкімдік өкілдеріне негізгі үш талаптарын жеткізді. Атап айтар болсақ, қоғамдық тамақтану саласының жұмыс істеу уақытын 23.00-ге дейін ұзарту, мониторингтік топ мүшелерінің топ мүшесі екенін дәлелдейтін құжаттарының болуы, жан-жақтан жеке ұялы телефондарға түсірмеуді талап етті.

Кездесу қорытындысымен қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов жұмыс уақытына қатысты ұсынысты комиссияда қарастыратынын, ал мониторингтік топтың жұмысын қайтадан қарастыратынын айтты.

Мұнан өзге, кәсіпкерлердің ұсыныстарының барлығы облыстық штабта қайта қаралады. Нәтижесі бойынша тиісті қаулы қабылданады деп жоспарланды.

Айта кетейік, 17 қараша күні республикалық ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырыста «Атамекеннің» бұған дейін кәсіпкерлерге қызметіне қатысты берген бірқатар ұсынысы қолдау тапты. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша қабылданған шешімде карантин талаптарына қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылды.