Басты бетҚоғамГүлшара Әбдіқалықова...

Гүлшара Әбдіқалықова ауыл шаруашылығына инвестиция тарту туралы меморандумға қол қойды

Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары Б.Жаханов, Н.Тілешев, облыс әкімі аппаратының басшысы Е.Райғаниев, облыстық басқарма басшылары, Жаңақорған және Шиелі ауданы әкімдері және инвесторлар мен шаруашылық басшылары қатысты.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына Жолдауында ауыл тұрғындардың табысын тұрақты өсіру мен АӨК өнімдерінің экспортың екі есе арттыру бойынша берілген тапсырмаларын алға тартып, бірінші кезекте салаға тартылатын инвестиция көлемі мен жаңа технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдері нарығын және экспорттық әлеуетін арттыру қажеттігін айтып өтті.

Мәжіліс барысында «Жаңақорған ауданы Бесарық ауылында тамшылатып суару әдісімен 3000 гектар жерге өндірістік қызанақ дақылын өсіру» және «Шиелі ауданында жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа егу» инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралды.

Бірінші жоба бойынша Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Ф.Махмудов мырза Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында тамшылатып суару әдісімен 3000 гектар жерге өндірістік қызанақ дақылын өсіру жобасымен таныстырып өтті. Жобаны жүзеге асыру келесі жылдан бастап жоспарланып отыр. Басты мақсат — ашық топырақта қызанақ өсіріп, томат пастасын шығару. Жалпы 300, маусымдық кезеңде 500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Екінші, Қызылорда облысы Шиелі ауданында экспортқа бағытталған «Жоңышқа өсіру және жоңышқа шөбін өндейтін зауыт құрылысын салу» жобасы бойынша инвестор «Тин Орис» ЖШС-нің атқарушы директоры Т.Сұлтан баяндады.

Негізінен егіншілік саласын әртараптандыру бағытында жоңышқа дақылының егіс көлемін арттырудың маңызы зор. Сондай-ақ жоңышқа — көпжылдық өсімдік, 4-7 жыл қатарынан 3-6 рет өнім жинауға болады жер құнарлығын арттыратын дақыл.

Бұл жоба бойынша Шиелі ауданының өндірістік аймағынан 10 гектар жер зауыт салуға және 6000 гектар жер жоңышқа өсіруге бөлінетін болады. Жоба құны 10,6 миллион доллар, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Жобаны іске қосуды 2021 жылдан бастап, 2023 жылға қарай кооперативтер құру арқылы жоңышқаның егіс көлемін қосымша 10 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Бұл компаниялар Қазақстанда бірнеше салаға инвестиция салуда жетекші орындарды иеленеді және ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол.

Сонымен қатар еліміздің бір қатар аймағыда суарудың жаңа технологияларын енгізіп жүрген «Ирригатор-Казахстан» ЖШС өкілі А.Байдаулетов мырза қатысып, осы жобаларды тамшылатып және жанбырлатып суару жүйесімен қамтамасыз ететінін айтты.

Жалпы айтқанда, бұл жобалар Қызылорда өңірінің агроөнеркәсіп саласына инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ өндеу кәсіпорнын іске қосуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Осы ретте, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова инвестициялық жобалардың маңызын ескере келе, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне қолдау көрсетіп, тиісті жұмыстары жүргізу бойынша тапсырмалар берді.

Мәжіліс қорытындысы бойынша, инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.