Маманның айтуынша, суық түсіп, қыс келісімен бет күтіміне аздаған өзгеріс енгізу керек. Себебі жазда майлы болып жүрген бет қыста құрғауы мүмкін. Мұндайда терінің типі өзгермейді, ол тек мегзілге байланысты түрленеді, анығын айтқанда, құрғайды.

Қыстыгүні бетті суықтан қорғаудың ең әмбебап амалы — теріге сай келетін күндізгі кремді қолдану. Бет қатты құрғап кетсе, өте сезімтал теріге арналған кремге ауысу керек, — дейді дерматокосметолог.

Қыста қолданатын крем қандай болуы керек?

Қыстыгүні ылғалдандыратын кремді шектеу керек. Өйткені оның құрамында су көп болады. Ал ылғалдандыратын кремді жағып, далаға шықсаңыз, оның құрамындағы су қатып, кері әсер етуі мүмкін.

Негізі кез келген кремде белгілі бір мөлшерде су болады. Теріге жаққан соң ағзамыз ол судың қатуына мүмкіндік бермейді. Ағза бірқалыпты температураны ұстап тұрады, яғни кремдегі су терінің температурасымен теңеседі. Ал қыста бет терісі ылғалды жоюға бейім болады. Сондықтан күндізгі кремнің қоректендіретін және қорғайтын қасиеті ылғалдандыратын қабілетінен жоғары болуы керек, — дейді Баян Жүсіпова.

Ылғалдандыратын кремнің екі компоненті болады. Біреуі беттегі ылғал буға айналуын баяулататын компонент болса, екіншісі керісінше сыртқы ортадан ылғалды өзіне сіңіреді. Қазіргі кремдерде осы компоненттің екеуі де болуы мүмкін. Дегенмен маман қыстыгүні ылғалдың булануын баяулататын кремді таңдаған дұрыс екенін айтады.

Себебі аязда теріге ең бірінші қорғаныс керек. Сондықтан ылғалды буландырмайтын кремді қолданған дұрыс. Сосын біз қыста көбіне жылуы бар ғимаратта жүреміз. Ондай жердегі ауаның ылғалы төмен болады, жылу ауаны құрғатады. Мұндайда крем сырттан ылғал ала алмай, ағзаның ылғалын жұмсауы мүмкін. Кейде қыз-келіншектер «Қанша крем жақсам да, бетім құрғап кетеді» деп жатады. Мұндайда күндізгі кремді ауыстыру керек, — дейді косметолог.

Баян Жүсіпова
Баян Жүсіпова. Фото жеке архивінен

Қыста жағатын крем құрамында өсімдік майы болуы керек. Ол бетке жаққан соң пленка сияқты қабат түзеді де, ылғал жоғалтуымызға кедергі болады. Сонымен қатар кремде қоректендіретін дәрумендер болуы қажет. Мысалы, ши және авокадо майы, Е дәрумені болғаны дұрыс.

Қыста қандай кремді пайдаланбау керек?

Нефтехимия өнімдері: минерал май, парафині бар косметика, вазелин және тағы басқаны қолданбаған дұрыс. Бұлар ылғалды жақсы сақтағанымен оны үнемі қолдану терінің компенсациясын жоғалтып жібереді. Әрдайым мұндай кремді қолданған адам онсыз жүре алмайтын жағдайға жетеді.

Кремнен бөлек бетті жуатын, сүртетін құралдарды да өзгертіп тұрған жақсы. Егер қыста мұндай құралдар кері әсер етпесе, қолдана беруге болады. Ал косметика майлы бетке арналып, бірақ сіздің бетіңіз қыста құрғап кетсе, оны ауыстыруға тура келеді.

Жазда бетті күннен, қыста суықтан қорғау керек. Сол мақсатта негізгі креммен бірге макияжға арналған кремді қолданып, үстінен опаны жақсақ, қосымша қорғаныс болады. Жазда кремді үйден шығардан 30 минут бұрын жағу керек. Ал қыста 40-60 минут бұрын жаққан дұрыс. Себебі ылғал бет аязға шыққасын құрғап кетуі мүмкін.

Қыста бетті жақсы күту үшін маска мен сарысуды (сыворотка) жиі қолданған дұрыс. Бұрын аптасына тек бір рет бетке маска жақсаңыз, күн суықта оны екі-үш рет жасауға болады. Ал бетке арналған сарысуды күніне бір рет 14 күн немесе аптасына 2-3 рет бір ай қолданып, сосын бір ай үзіліс жасаған дұрыс. Себебі сарысу пайдалы қоректік затқа толы. Көп жаққан сайын тері де жалқауланып, өз мүмкіндігін пайдаланбайды, — дейді Баян Жүсіпова.

Салонға үнемі барып тұратын қыз-келіншектерге қыста химия пилингі мен массаж жақсы көмектеседі. Терісі ақ, сезімтал адамдар SPF жоғары кремді пайдаланып жүрсе, күн суықта оны азайту керек. Себебі қыста ультракүлгін сәуле азаяды. Соған байланысты күннен тым қорғану ағзадағы D дәруменін азайтады. Салдарынан онсыз да құрғақ тері балбырап кетуі мүмкін.

Бет терісі қыста құрғап кете берсе, ғимараттағы ауа ылғалдылығын бақылаған да дұрыс. Күн суықта ауадағы ылғал 20-30% төмендейді. Содан бет пен шаш қана емес, мұрынның шырышты қабаты да құрғай бастайды да, адам ағзасы жедел респиратор вирус инфекциясының түсуіне бейім болады. Оның алдын алу үшін бөлмені жиі желдетіп тұрған абзал, — дейді дерматокосметолог.