Бақытнұр Қызырбайқызы, 36 жаста. Қазақстанға көшіп келгеніне 16 жыл.

«Сені ертіп кетемін деп айтса екен» деп тілеп тұратынбыз

1984 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ауданы Алтай аймағында дүниеге келдім. 1-класс оқып жүргенімде радиодан «Қазақстан зайырлы мемлекет атанды» деген хабар жарияланды. Бұл — атажұрт туралы алғаш естуім. Хабарды естіген соң  бәрі қуанып жатты, бала болсам да «Мен сол жаққа кетемін» деген екенмін. Сол 7 жастағы арманымды іштей аңсап жүрдім.

Бұрын «Шалқар» деген журнал болатын. Одан үнемі Мұхтар Әуезов, Тұманбай Молдағалиевтың жазбаларын, Қазақстан туралы мәлімет іздейтінбіз. «Қазақстанға біреу барыпты» дегенді естісек, сол кісі «Ел туралы жақсы нәрсе айтса екен» деп аузына қарап, әңгімесін тыңдағанды ұнататын едік. Бойжетіп, мектепті тәмамдаған соң өнер жолын қуып, Қазақстанға кеткім келді.

Бақытнұр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Күй тыңдау өнер мектебіне қатысатынмын. Сондағы Сағи Қайрасұлы деген ұстазым: «Сен бұл жерде қалма, баратын жағың — атажұртың. Болашағың алда. Біз қартайып, жете алмай отырмыз» деп жол көрсетті. Қарсылық танытқан әке-шешемді де көндірді. Сөйтіп, үлкендердің батасын алып, жалғыз өзім Қазақстанға жол тарттым.

Кластастарымнан «Саяхат» автовокзалын көп еститінмін

Әке-шешем қатты уайымдады, жалғыз жіберуге қорықты. Сонда мен «шекарадан өтсем болды, ары қарай барлығы қазақ емес пе?» дейтінмін. Алматыда оқып жүрген кластастарым да күтіп алатынын айтқан еді. Тәуекелге бел буып, шекарадан өттім. Алматыға жүретін көп такси тұр екен.  Шекарадан өткен адамның бәрі мініп, кетіп жатыр. Соңғы таксист қалды. Орыс адам екен, ал мен орысша білмеймін. Әйтеуір, «Алматы» деп ымдап түсіндіріп жатырмын. Сол кезде Қытайға жиі барып-келіп жүретін бір жақсы адамдар жолықты. Мені өздерімен бірге ертіп алды.

Кластастарымнан «Саяхат» автовокзалы жайлы жиі еститінмін. Бір кезде «Саяхатқа келдік» деді, мен «жоқ, әлі келмедік» деймін. Себебі қиялымдағы Алматы, «Саяхат» зәулім-зәулім үй орналасқан жер еді. Қаланың шеті екенін қайдан білейін?

Бақытнұр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қолымда телефон да жоқ, сол маңды бір аралап шықтым. Құдайдың қалауы шығар, жертөлеге түсе салғанымда алдымнан екі кластасым шыға келді. Осылайша, табысып, бірге пәтер жалдап тұрдым. Алғашқыда қатты қиналдым. Жылап, қайтқым келген уақыт та болды. Бірақ намыстандым, шыдадым.

«Сауатсызсыңдар» деді

Қазақ мемлекеттік қыздар институтынының музыка бөліміне оқуға түстім. Ондағы өмірім қызық әрі қиын сәттерге толы. Бір жақсысы, басқалармен тез тіл табыстым. Ешкім алалап, бөлмейтін. Дегенмен өзім сияқты шетелден қоныс аударған қазақ қыздарды іздеп тұрдым, солармен бірге жүретінмін. Оның себебі, бір жағынан группаластарым менен үш жасқа кіші еді, екінші жағынан көшіп келген қыздармен мәдениетіміз, түсінігіміз ұқсас болатын.

Бақытнұр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сабақты барынша жақсы оқуға тырыстым. Әсіресе, Қазақстан тарихын әңгіме сияқты сүйсініп оқитынмын.  Бірақ мектепте төте жазумен жазғандықтан кириллицаны зорға үйрендім. Жазбаша жұмыстарымда қате көп жіберемін. Тіпті бір мұғалімнің бізге «Сендер сауатссызсыңдар» деген кезі болған.

Оқуымды бітіріп, өнер саласында қызмет ете бастадым. Бір теларнада «Қыз Жібек» жырын көрсетті. Сонда мен Жібектің, жолдасым Ырғын Төлегеннің образын сомдады. Кейін Ғабит Мүсірепов театрында жұмыс істедім.

Бақытнұр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жолдасым Ырғын екеуіміз ауылда бір мектепте оқығанбыз. Ол менен бір жыл бұрын Қазақстанға көшіп келіп, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына түскен. Кейін көңіліміз жарасып, отау құрдық. Қазір өнерде де, өмірде де біргеміз. Ақбаян және Ақкербез есімді екі қызымыз бар.

«Қазақша түсінбейсің бе?»

Алматыда алғаш автобусқа мінгенімде жүргізуші «за проезд» деді. Мен оның не екенін түсінбей тұрып қалдым. Сонда жүргізуші «қазақша түсінбейсің бе не? За проезд деп тұрмын ғой» деп  ұрсып жіберді. Автобустағы адамдар ақша төлеу керек екенімді түсіндірді. Әрине, осындай кішігірім түсініспеушіліктер болды. Бірақ ешкім бізді алалап, кемсітіп, бөлген емес.

Бірақ «оралмандар» деген сөз құлақа түрпідей естілетін. «Оралман» сөзі «келмеңдер» деп естіліп тұратын. Әрине, көңіліңе тиеді. Әйтеуір, «Бізді қойшы, есесіне бұл сөзді болашақта балаларым естімейді. Себебі олар туа сала осы елдің азаматы» дейміз.

Бақытнұр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шыдамай, қайта кетіп қалғандар болды…

2008 жылы Қазақстанда дағдарыс уақыты еді. Сол кезде шыдамай, Қытайға қайта көшіп кеткен талай адамды естідік. Бірақ жолдасым екеуіміз балаларымыздың болашағы үшін бұл дағдарысты жеңуге бел будық.

Аллаға шүкір, өз күшімізбен бүгінімізге жеттік. Осыған дейін мемлекеттен бір тиын көмек те алмадық. Үлкен қызым мектепте оқиды. Ол біз сияқты емес.  Кириллицаны біледі, өз елінде еркін өсіп жатыр. Би, ән, сурет сияқты қалаған кез келген курсына қатыса алады.  Балаларымның болашағы жарқын. Сол себепті Қазақстанға келгеніме өкінбеймін.

Бақытнұр
Фото жеке архивінен
Статистика. Қазақстанға көшіп келгендердің үлесі: Қытайдан —  41,5% (7 326 адам), Өзбекстаннан — 40,1% (7 074 адам), Түркіменстаннан — 6,5% (1 152 адам), Моңғолиядан – 6,2% (1 095 адам), Ресейден – 1,8% (313 адам) және басқа елдерден — 3,9% (701 адам). Бүгінде шетелден қоныс аударған қазақтың көбі Алматы облысында (38%), Маңғыстау облысында (14%), Шымкентте (7%) және Нұр-Сұлтанда (6%) өмір сүріп жатыр.

Нұршуақ Меден, 23 жас. Қазақстанға көшіп келгеніне 3 жыл.

«Музартты» көргім келетін

Атам үнемі «Қазақстанға көшкім келеді» деп айтып отыратын. Бала кезде әңгімесінің парқын түсінбедік. Жылдар өтіп, әкемнің екі бауыры Қазақстанға оқуға түсті. Олар демалысқа келгенде Қазақстан туралы айтып, әншілермен түскен суреттерін көрсететін. Ал біз жақта «Музарт» тобы хит еді. Сол кезде алғаш қызыға бастадым. Кейін мектеп бітіріп, Қытайдағы бір университтің жол полициясы мамандығына түстім. Алғашқы 2 жыл дайындық курсы болды, себебі мен Шыңжаңнан сыртқа шыққан емеспін, қытай тілін дұрыс білмейтінмін.

Бір жыл оқып, демалыста ауылға қайтқанымда, сол университетті бітірген бірнеше танысымды кездестірдім. Сонда бір құрбым: «Шуақ, әрине, оқығаның жақсы. Дегенмен ертең жұмыс табу қиын. Қалада бір жұмыс орнына 100 адам таласады. Түбінде мен сияқты ауылға қайтасың. Ал ауылда мамандығыңа сәйкес жұмыс жоқ» деді. Осы сөз жүрегіме қатты батты. Оның үстіне, Қытай емес, Қазақстанға қызмет еткім келетінін түсіндім.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ата-анама Қазақстанға кетуге нақты шешім қабылдағанымды жеткіздім. Оқудан шығып, құжат жинай бастадым. Оған бір жыл кетті. Үйде бос жатпау үшін ауылдағы асханаларда даяшы болып жұмыс істедім. Сол кезде мені көп адам сынады. «Мына қыз не істеп жүр? Оқуынан шығып кетті. Қайдағы Қазақстан?» деп айтқандар болды.  Сөйтіп 2017 жылы туыстарға ілесіп, Қазақстанға кеттім.

Қазір азаматтық алу қиын

Негізі мемлекет азаматтық алуды жеңілдетіп жатыр деп естиміз. Бірақ маған азаматтық алу қиынға соқты. Азаматтық алу үшін қалада тіркеуде болу керек екен. Аға-жеңгемнің үйіне тіркелмекші болдым. Сөйтсек, тіркеудегі адам санын үйдің шаршы метрімен есептейді. Болмады. Қазақстанда туысымыз жоқтың қасы. Осы мәселемен біраз әбігерлендік. Әйтеуір, бір таныстың танысын тауып жатып, әрең шештім.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Құжат жинаған кезде қалада өзім жалғыз жүріп, үйрене бастадым. Таксимен 500 теңгеге баратын жерге, 2000-3000 теңгеге барғаным есімде. Бәрі білместіктен ғой.

Орысша білмегеннен жұмыс табу қиын

Бірден оқуға түсе алмадым, себебі кириллицаны білмеймін. Аға-жеңгемнің қызы 1-класта оқитын. Сонымен біге әріп танып, жазып үйрендім. Соның тапсырмаларын орындадым. Шын ниеттенген адам бәрін үйренеді екен.

Кейін IT университетіне грантқа оқуға түстім. Өте тұйық едім, ешкіммен араласа алмадым. Тобымда кішкентайында қоныс аударған қыз бар екен. Сол жаныма келіп, қолдау көрсетті. Топтың старостасына «Шуақ, ұялып жүр. Көмектесейік, араласайық» депті. Содан топтағы қыздар мені өздеріне жақын тарта бастады. Бірге сабақ оқып, бірге тамақтануға барып жүрдім.

Қатарластарыма қарағанда үлкендерден алалаушылық байқап қалдым. Бірде бір пәннен сабақ айттым. Апай менің сөзімді басқаларға түсіндіріп жатты. Сол кезде байқаусызда сөзін бөліп жіберіппін. Мұғалім ашуланып: «Шуақ, қойшы. Сен өз сөзіңді өзің түсінесің бе?» деп қалды. Сөзіне мән бермеуге тырыстым, бірақ не айтқысы келгенін түсіндім.

Қазір оқу онлайн болған соң қосымша жұмысқа орналасқым келді. Бірақ орысша білмейтінім үлкен кедергі болып тұр. Бірнеше жұмыс тек орысша білмегенім үшін қабылдамады. Орыс тілі көп мүмкіндігімді шектейді. Кейде кинотеатрға барғанда аудармасын оқып отыруға тура келеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жылап аламын…

Әке-шешемді көрмегеніме 3 жыл болды. Кейде олар хабарласқанда «бәрі жақсы» деймін де, телефонды қойған соң сағыныштан жылап аламын. Сіңлім мен інім бар. Олардың біреуі ЖАНЫМА келгенін қалаймын…

Статистика. Шетелден Қазақстанға қоныс аударғандардың 62,7%-і (11 082 адам) еңбекке қабілетті азаматтар, балалар – 30,7% (5 420 адам), зейнеткерлер – 6,6% (1 159 адам). Еңбекке қабілетті адамдардың 13,60%-інің жоғары білімі бар, 5,2%–і орта білімді азаматтар, 46,7%-і жалпы орта білім алған. Ал қалған 14,5%-інің білімі жоқ.