Қызылорда облысында «Бастау» жобасымен 2 мыңнан астам азамат біліктілігін жетілдірді

Онлайн оқудың игілігін көрген жандардың бірі – қызылордалық Салтанат Қылышбекқызы. Ол 10 жылдан бері гүл өсіру, гүлмен әрлеу, көркемдеу саласында еңбек етеді. Бұл бизнесте сұраныстың жоғары екенін байқаған кәсіпкер гүл дүкенін ашу мақсатында Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алған, «Бастау» жобасын онлайн оқып, бизнес біліктілігін арттырған. Осылайша «Еңбек» бағдарламасы аясындағы гранттық конкурсқа қатысып, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізеді.

«Бастау» жобасын онлайн бітіріп алғаннан кейін жобамды гранттық комиссия алдында қорғадым. Осылайша 555 600 теңге болатын грант ұтып алдым. Бұл кезге дейін Қызылорданың орталығында жұмыс істеп келдім. Арманым гүлдер магазинін ашу керек еді. Оқудың арқасында өз бизнесімді аштым. Қазір «Шұғыла» ықшам ауданында аштым. Тұтынушылар риза, қуанышты. Табысым да жақсы, – дейді жас кәсіпкер Салтанат Қылышбекқызы.

Кәсіпкер бүгінде «Бастау» жобасында алған біліктілігін бизнесте қолданып, қызмет көрсету сапасын жетілдіре түсуде. Гүлден түрлі сыйлық түрін жоғары талғаммен жасайды. Бұл жерде оның бейнелеу өнері мамандығы бойынша алған кәсіби білімі де көмектесіп отыр.