Министрлік кітапханашылардың жалақысын көтеруді қарастырып жатыр

Біз кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қайта қарастырып жатырмыз. Оларды педагогика кадрлары санатына енгізу бойынша бастаманы көтердік, — деп жазды ведомство басшысы Facebook-тегі парақшасында.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазір көп мектеп кітапханасының жұмыс форматы ешқандай сын көтермейді. Алдағы уақытта көркем әдебиеттің электрон нұсқалары интернет және мобайл қосымшалар арқылы қолжетімді болады.

Қазіргі жастардың көбі ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескере отырып, біз алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты, көркем әдебиеттің электрон нұсқаларын интернет және мобайл қосымшалар арқылы қолжетімді ету қажет. Мұндай жобалар қазірдің өзінде бар. Олардың авторларымен бірігіп жұмыс істемекпіз. Сонымен бірге біз геймификация элементтерін қолдануды жоспарлап отырмыз, — деп жазды министр.