SpaceX компаниясы биыл 30 мамырда Crew Dragon кемесін ұшыру сынағын өткізген еді. Аппарат Халықаралық ғарыш станциясына екі америкалық ғарышкерді апарып тастап, Жерге оралған болатын. Осы сынақтан кейін SpaceX NASA-ның лицензиясына ие болды. Компания алты миссияны жоспарлап отыр. 16 қарашада біріншісін атқару басталды.

SpaceX (Space Exploration Technologies Corporation) — ғарыш техникасын шығаратын америкалық компания. Негізін 2002 жылы Илон Маск қалаған. Мақсаты — ғарышқа ұшу кезіндегі шығындарды азайту және Марсты бағындыруға жол ашу.

Халықаралық ғарыш станциясының суреті. Фото Discovery ғарыш шаттлынан 2011 жылдың 7 наурызында түсірілген. Фото: Wikimedia

Халықаралық ғарыш станциясы дегеніміз не? Бұл сіз фильмдерден көріп жүргендей Марстағы немесе Айдағы орнықты станция емес. ХҒС — сағатына 27 мың шақырым жылдамдықпен Жерді айналып ұшып жүретін қозғалмалы бекет. Мұндай жылдамдық станция ішінде салмақсыздық жағдайын туғызып, астронавтардың өмірін айтарлықтай қиындатады. Мәселен, душқа түсу, бас жуу, тіпті дәретханаға бару қиын. Денені формада ұстау үшін тұрақты түрде спортпен айналысу керек. Дегенмен мұндай орта ғылыми зерттеуге әбден ыңғайлы.

«Купол» модулі иллюминаторы (кеменің дөңгелек терезесі) жанындағы астронавт Трейси Колдуэлл. Фото: NASA

Станция 2000 жылы ашылды. Сол жылдың 2 қарашасында алғашқы экипаж келіп қонды. Олардың мүшесі америкалық Уильям Шепард, ресейлік Сергей Крикалев және украиналық Юрий Гидзенко деген астронавтар еді. Бұл экипаждың миссиясы станцияда өмір сүру жүйесін жасап, станцияны болашақтағы 60 миссияға дайындау болды. Содан бері ХҒС-қа әлемнің 18 елінен 241 астронавт барып-қайтып, адамзат биологиясы мен ғалам туралы түсінігімізді өзгерткен түрлі ғылыми эксперимент жүргізді.

Бұл ақпаратты SpaceX компаниясы мен NASA ұшырған астронавтардың қайда бара жатқаны түсінікті болу үшін айтып өттік. Енді негізгі тақырыпқа оралайық.

Фото: Blogs.nasa.gov

Компанияның Crew Dragon кемесі бортында NASA-ның үш астронавты Майкл Хопкинс (миссия командирі), Виктор Гловер және Шеннон Уокер, Жапонияның JAXA аэроғарыштық барлау агенттігінің астронавты Соити Ногучи бар. Америкалық сынақшы-ұшқыш Виктор Гловер Халықаралық ғарыш станциясының 20 жылдық тарихындағы алғашқы қара нәсілді экипаж мүшесі болып отыр.

Солдан оңға қарай: Соити Ногути, Майкл Хопкинс, Шэннон Уокер және Виктор Гловер. Фото: SpaceX

Астронавтар ғарыш станциясында 6 ай болады. Бұл уақытта команда мынадай шаруа бітіруі керек:

  • ғарыш жағдайының адам денсаулығына әсерін зерттеу. Бұл үшін олар өзінің биологиялық үлгісін жинайды. Зерттеу нәтижесі ғалымдарға адам тамағы ағзаға қалай әсер ететінін білуге көмектеседі.
  • ғарышта көкөніс өсіріп көреді. Ол үшін шалғам өсімдігі таңдалған.
  • астронавтар саңырауқұлақтың астероид жынысын бұза алатын-алмайтынын, осылайша пайдалы металдарды игеруге оның қаншалықты көмектесетінін тексереді. Бұл Жерден басқа аспан денелерінен пайдалы қазба алу үшін керек.
Crew-1 миссиясының эмблемасы. Фото: NASA

Crew-1 эмблемасында ғарышкерлердің есімі де, елінің туы да жоқ. Эмблема тек миссия экипажына ғана емес, кемені жасаған және оны ұшырған SpaceX және NASA командасына арналған. Төменгі жиегінде АҚШ басқарған Спейс Шаттл, Аполлон, Джемини және Меркурий секілді осыған дейінгі бағдарламалар символикалық түрде белгіленген. Астронавтар миссия ұранында топтық жұмыстың маңызын былай айтады: All for 1, Crew-1 for All (“Барлығы біреу үшін, Crew-1 барлығы үшін”).

Falcon 9 зымыран тасығышы мен Crew Dragon зымыранын ұшу алаңына апарар сәт. Фото: SpaceX

Миссия экипажы Халықаралық ғарыш станциясындағы «Роскосмос» астронавтары Сергей Рыжковқа, Сергей Кудь-Сверчков және америкалық әріптесі Кэтлин Рубинсқа қосылуы керек. Осылайша станция экипажы мүшелерінің саны алғаш рет алты адамнан асып тұр. Бұл — бір адамға ұйықтайтын орын жоқ деген сөз. Өйткені станцияның америкалық сегментінде төрт, ресейлік сегментінде екі жатын орны бар. Сондықтан тағы бір каюта жіберу жоспарланып отыр, ал ол жеткенше экипаждың бір мүшесіне орын тауып, амалдап ұйықтай тұруға тура келеді. Американың «Шаттл» ғарыш кемесі кезінде командирдің басқару кабинасында ұйықтайтын дәстүр болған. Сол дәстүрді ұстанатын кез келген сияқты. Олай болып жатса, Майкл Хопкинс Crew Dragon кемесінде ұйықтайды.

Crew Dragon зымыраны NASA-ның Кеннеди ғарыш орталығынан ұшып бара жатыр. Фото: NASA ©Joel Kowsky

Астронавтардың ғарышқа ұшуын NASA тікелей эфирде кеме көкке көтерілерден 4 сағат бұрын бастап көрсетті. Қазір оның қаралымы 5 миллионға жуықтап қалды.

Коммерциялық экипаждың төрт астронавты (алдыңғы қатарда сол жақта) Шеннон Уокер, Виктор Гловер, Майкл Хопкинс және Соичи Ногучи станцияға жетті. Артқы қатарда сол жақтан бастап: NASA астронавты Кэтлин Рубинс және ғарышкерлер Сергей Рыжиков пен Сергей Куд-Сверчков. Фото: Blogs.nasa.gov

17 қарашадағы ақпарат бойынша, Crew-1 миссиясы ғарышкерлері жерден көтерілген соң 27 сағат бойы ұшып, станцияға аман-есен жетті. Енді олар жақсылап демалады. Сосын миссияға кіріседі. Ал бұған дейін станцияда болған Ресей ғарышкерлері Сергей Рыжиков пен Сергей Куд-Сверчков сәрсенбі, яғни бүгін алғаш рет ашық ғарышқа шығады. Олардың дайындалуына бортинженер Кэтлин Рубинс көмектеседі. Екі ғарышкер станцияның сыртқы жабдығына қызмет етуге және ғылыми эксперименттерге 5,5 сағаттай уақыт жұмсайды. Олардың бірніші міндеті — станцияға 2021 жылы ұшып келіп, «Наука» қысқа ғылыми модулін жасайтын ғарышкерлер үшін станцияның ресейлік сегментін дайындау.

Crew Dragon зымыранын келер көктемде ғарышқа адам апару үшін қайта қолдану жоспарланып отырғанын айта кетейік. Болашақта осындай кемемен ғарышға туристер де жеткізілуі мүмкін.