Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы «Болашақ» бағдарламасының түлектері, шетелде білім алып келген жас мамандар үздік жұмыс үлгісін көрсетуде. Қалалық қорум кезінде түлектер өз өнімдерін көрсетіп, брендтік тауарларымен таныстырды. Аталмыш көрмеге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те қатысты.
«Елбасының саясатының арқасында жастарымыз көптеген жетістіктерге жетіп келеді. «Болашақ» бағдарламасы құрылған кезде елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту керек болды. Ал бүгін 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіру үшін бәсекеге қабілетті, мықты кәсіпкерлік керек. Тың бастамалардың еліміз үшін берері мол. Ол үшін барлық жағдай жасалған. 10 мыңнан аса «болашақтықтар» мемлекетіміздің қарқынды дамуы үшін өз үлестерін қосу керек», – деді қала басшысы Бауыржан Байбек.
«Болашақты» тәмамдаған түлектер бүгінгі таңда кәдесый, мейрамхана мен құрылыс саласында топ бастап келеді. Бүгінгі шара Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойы аясында қала жастарының арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Айта кетейік, Алматы қаласында «Болашақ» бағдарламасының түлектері өзге де маңызды шаралар ұйымдастыруға жастар ұйымдарымен бірігіп жұмыс істейді. 2015 жылғы мәліметке сүйенсек, қазіргі қалада 45-ке жуық жастар ұйымы бар.