Майя Санду — Молдованың жаңа президенті

Дүйсенбі күні Молдова орталық сайлау комиссиясы таратқан мәлімет осыны көрсетіп отыр. Осылайша Молдованы алғаш рет әйел басқарайын деп отыр. Мұнда президент мерзімі — 4 жыл.

Сайлау учаскелерінің 99%-інде хаттамалар есептелгеннен кейін Сандуға сайлаушылардың — 57,7%-і, қарсыласы, қазіргі президент Игорь Додонға 42,3%-і дауыс бергені анықталған.

Түпкілікті қорытынды АҚШ пен Канадада дауыс санау толық аяқталғаннан кейін сәл кейінірек жарияланады. Шетелде тұратындардың басым бөлігі Сандуды қолдауға бейім.

Сайлаудың бірінші турындағыдай, Сандуға елдегі ірі қала тұрғындары (Бельцтен басқасы), жастар, Еуропадағы диаспора өкілдері дауыс берген. Игорь Додонды Бельц тұрғындары, ауылдық жерлерде тұратын сайлаушылар қолдаған. Гагаузияда тұрғындардың 95%-і Игорь Додонға дауыс берген.

ОСК-ның алдын ала мәліметі жарияланғаннан кейін Майя Санду сайлаушыларға алғыс айтты. Ол сайлау кезінде бөлініп-жарылған қоғамды біріктіріп, экономика мәселелерін шешуге уәде берді. Бұған қоса, парламентті таратып, кезектен тыс парламент сайлауын өткізетінін де жеткізді.

Қазіргі президент Игорь Додон әзірше жеңілгенін мойындаған жоқ.

Осыған дейін Молдованың қоғамдық саясат институты жүргізген экзитпол қорытындысы Майя Сандудың — 54,7%, Игорь Додонның 45,3% дауыс жинайтынын көрсеткен еді.

15 қараша күнгі сайлауға сайлаушылардың 50%-тен астамы қатысқан. Бірінші турда шамамен 43%-і ғана қатысқан еді.

Кейінгі ақпарат бойынша Молдованың өзінде 1 млн 300 мың адам, шетелде шамамен 250 мың адам дауыс берген.

Майя Санду — еуропашыл «Әрекет және ынтымақ» (PAS) партиясының кандидаты. Бірінші турда ол — 36%, Игорь Додон 32% дауыс жинаған.