Adal партиясының ресми өкілі тағайындалды

Жаңарған Adal саяси партиясының ресми өкілі болу туралы ұсынысты қабылдадым. Шешімім елімнің жаңаруы жолындағы жауапкершіліктің, тым болмағанда бір бөлігін өз мойныма алуға тырысумен және оны абырой биігіне көтеруге деген ұмтылыспен байланысты, — деп жазды Назым Жанғазинова.

Назым Жанғазинова партияда БАҚ-пен байланыс орнату үшін жауап беретінін де айтқан. Сонымен бірге алдағы парламент сайлауы кезінде саяси науқанның ұйымға тиесілі идеялық блогын жүргізетінін, бағдарламаларды және оларды іске асыру бойынша жұмысқа қатысатындығын атап өткен.

Назым Жанғазинова — коммуникация, PR саласының маманы. 1989 жылы Алматы облысында дүниеге келген. «Менеджмент» мамандығы бойынша магистратураны бітірген.

Adal партиясы — Қазақстанда жұмыс істейтін ресми тіркелген саяси ұйым. Партия төрағасы —  Серік Сұлтанғалиев.

5 қарашада партияның cаяси кеңесі отырысында ұйым «Бірлік» атауын «Адал» деп өзгерту туралы шешім қабылданды.