Басты бетЖаңалықтарЖелтоқсанның соңында...

Желтоқсанның соңында аяз күшейеді

Қазгидрометтің желтоқсан айына жасаған болжамына сәйкес осы айдағы ауаның орташа температурасы Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Ақтөбе мен Қостанай облыстарының көп бөлігінде нормадан 1 °С төмен, республиканың қалған аумағында — нормаға жуық болады деп күтілуде.

Жауын-шашынның айлық мөлшері: Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облысының кей жерлерінде — нормадан төмен; Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Ақтөбе мен Қостанай облыстарының көп бөлігінде, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктері аудандарында — нормадан жоғары; қалған аумақта — нормаға жуық болады.

«Желтоқсандағы құбылмалы ауа-райы белсенді циклондардың жиі өтуімен және оларға қатысты болатын атмосфералық фронттармен байланысты болып, еліміздің солтүстік жартысында қар жауып, жел күшейіп, бұрқасын тұрады, оңтүстік жартысында тұман басып, көктайғақ құбылыстары орын алады. Ал желтоқсанның 5-8, 10, 13-16 кезеңіндегі суық антициклонның таралуымен — ашық бірқалыпты аязды ауа-райы күтіледі», делінген хабарламада.

Алдын ала болжам бойынша Тәуелсіздік күні мерекесінде ауа температурасының едәуір төмендеуі күтілуде, сол кезде термометр бағаны: батыста 13-14 желтоқсанда түнде 23…28-ге дейін, күндіз 17…22-ге дейін аязды; еліміздің солтүстігінде, орталығында және шығысында 14-16 желтоқсанда түнде 25…33-ке дейін, күндіз 20…25-ке дейін аязды; оңтүстік пен оңтүстік-шығыста 15-16 желтоқсанда түнде 13…20 дейін, күндіз 8…13-ке дейін суытады.

«Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес айдың үшінші он күндігінде ауа температурасының төмендеуі: солтүстік жартысында түнде 30…38-ге дейін аяз, күндіз 23…28-ге дейін аяз; оңтүстік жартысында түнде 20…25-ге дейін аяз, күндіз 13…18-ге дейін аяз күтілуде», деп хабарлады «Қазгидромет» РМК-і.

ДереккөзҚазАқпарат