Премьер-министр Асқар Мамин Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.
Барлық өңірде COVID-19 жұқтыру дерегі көбейген. Республика бойынша ифекцияның репродуктив индексі — 1,2, төсек орындарының толтырылуы — 21%, реанимация төсек орындарының жүктемелігі — 17%.
Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары қызыл аймаққа енді, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары сары аймақта.
Премьер-министр қызыл және сары аймақтардағы өңір әкімдеріне жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шара қабылдап, мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігіне:
- Барлық медицина қызметінің орталық және өңірлік деңгейде сырқаттанушылықтың ықтимал өсу жағдайына толық дайындығын қамтамасыз ету;
- Халыққа шектеу шараларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу;
- Шекара қызметімен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, шетелдіктерге Қазақстанға кіру үшін берілетін денсаулық сақтау ұйымдарының шақыру құжаттарына бақылауды күшейту;
- Әділет министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, ҚР аумағында емделу үшін шетел азаматтарына шақыру беруге уәкілетті, өңірлердегі денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесін айқындау тапсырылды.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 117 мыңға жуықтады. Кейінгі тәулікте 610 адамнан инфекция анықталды.