Кей туыстарым «Сен аха-ха, охо-хомен-ақ табыс тауып рахатқа батып жүрсің ғой» дейді. Біздің еңбегімізді тым оңай, жеңіл көреді. Әйеліме «Ой, саған күнде тамаша шығар. Құдайбергенің жаныңда. Күлкіден езу жиғызбайтын» дейді. Қайдағы! Менің «Анау жоқ, мынау жоқ» деп күнде ескертумен отырғанымды қайдан білсін.
Бiздiң де бiраз кемшiлiгiмiз болды. Өйткенi халықты жеңiл де жалаң, жыртақай күлкiге үйретiп алдық. Сондықтан ба қайдам, көрермен қауым бiзге сайқымазақ ретiнде қарайды. Бет-пiшiнiмiздi өзгертiп, қолымызды шошайтсақ та күледi. Бұған Лұқпан ағамыздан бастап бəрiмiз кiнəлiмiз.
Үлкен театрларда белгісіз бір жастардың шығармашылық кештерін өткізу үрдіске айналды. Алдымен халыққа еңбегіңді сіңіру керек емес пе? Аянбай тер төксең, даңқтың өзі келмей ме аяңдап?
Шалдың бетінен қақпаған кенжесімін ғой, аздаған асаулығым да бар еді. Мектепте жүргенде «тентек Коля» деген қосымша атым да болған.
«Архитектуралық институтты бекер тастадың, өнердің не керегі бар? Құрығандай үйге бір машина саз түсірер едің» дейді. «Тамашаға» рахаттанып келеді, бірақ балаларын актерлік оқуға жібермейді. Біздің буынның түсінігінде солай еді, қазір де сондай. Бұл – қазақтың менталитеті.
Жақсы мағынасында, төбелеске дайын болып тұру керек. Жан-жағымыз анталаған жау. Ұрпағымыз әлжуаз болмаса дейсің. Өз ұлымды да бөлменің гүліне ұқсатып өсіргім келмейді. Тірліктің ыстық-суығына шыңдалмаса, ғұмыр бойы қиналуға тура келеді.
Көркемөнер көрмелерінің бірде-біреуін бос жібермеймін. Әр суретшінің қойылымында ойланасың, толғанасың, жан дүниең тұна түседі.
Қазақ циркі тұңғыш ашылғанда бір жылап ем. Қуанғаннан жыладым. Қазақтың жігіттері желмен жарыса жүйткіген сәйгүліктердің құлағында ойнап, дүбірлетіп шыға-шыға келгенде қатты толқыдым.
Конферансье жанры қазір жойылып барады. Енді оны мына Т.Жүргенов атындағы Театр және өнер академиясында қолға алып, осы саланың мамандарын дайындау керек. Негізі «Конферансье» жанры «концерт жүргізуші» дегенді білдіреді. Бүгінде концерт жүргізетіндер қолындағы қағазымен шығады да, содан оқып беретінді шығарды. Ал конферансье бүкіл концертті интеллектуалды түрде алып шығуы керек. Арасында импровизатор болып, аяқ асты сөз табатын қасиеті бар сахна мен көрерменді ұштастыратын шебер әрі қиын жанр. Ол көп оқып, білген адамның ғана қолынан келеді.
Боевикті жақсы көремін. Олар өтірік те болса шымыр, әсерлі түсіріледі.
Негiзi, мен – драма актерiмiн. Кез келген рөлдi алып шығарыма сенемiн. Маған басты рөлдер беру керек. Тiптi, маған осы уақытқа дейiн Алдар көсенiң рөлiн де берген емес.
Жасым елуге келіп қалды. Сонда да базбір ағаларым мені әлі бала санайды. Қолбала болып жүре беруім керек сияқты. Олардың тілегімен өмір сүрсем, алпысқа келгенде «молодой специалист» болатын шығармын. Жетпісте «болашағынан үміт бар» атанармыз.
Қырғыз ағайындар бір ғана «Манасты» насихаттай-насихаттай әбден ақжем қылды. Әлі де қалыспай келеді. Алда да ғұмыр бойына айта беретін болар. Бізде Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Қосай, Қамбар батыр… бәрі тың жатыр.
Осы арақкештік, шылымқорлық қазаққа аса жараса қоймайтын әдеттер-ау…
«Тамашаны» ең алғаш «Республика» сарайына алып шыққан кезде, концертке бiрде-бiр пенде келмейтiн. Сосын билеттi тегiн тарататынбыз. Соның өзiнде халық əзер келетiн.
Тегінде, масыл адамдар да қоғамның белгілі бір әлеуметтік тобы ғой. Паразитизм – табиғи биологиялық құбылыс болса, арамызда қамсыз-мұңсыз, арамтамақ ағайындардың жүруі де өмір заңдылығы сияқты.
Мені 1995-1999 жылдары ҚР Парламентінің депутаты болған кезімде «үндемейтін депутат» деп жазғырушылар көп болды. Бірақ, мен өзімнің туған жерімнің алдындағы парызымды өтедім деп ойлаймын. Қансырап жатқан Аралыма қанатыммен су септім.
Маңқа жігіттер мен сақау қыздардың аяғының астына «кірпіш» төсеп, «орындық» қойып, басты геройларды қолдан жасап жатқанда қалай күйінбессің.
Адамның ішінде ешкімге көрсете алмайтын мұң, шері болады. Менде де бар мұндай нәрсе. Оны тек театрға келіп, рөлге енген кезде шығара аламын. Іштегі жанайқайды сахнада сыртқа шығарып, жеңілдеп қаламын.
Театр деген – таза дүние. Мұнда тек таза адамдар, таза өнер ғана келуі керек. Бізде қазір бәрі былғаныш болып кетті.
Кейде қиналамын: белгілі бизнесмендер, коммерсанттар презентация, анау-мынау отырыстарына шақырады. Барсам, әзер барамын. Өйткені, олар менің көрерменім емес. Дүниетанымы халық тынысынан бөлек, тойған, асқан-тасқан адамдар. Біз болсақ дархан кеңістікке, кең түсіністікке, жанды қауышуға, риясыз, қарапайым ара-қатынасқа дағдыланғанбыз. Шіріген бай болғым келсе, әлгіндей іскерлерге қызмет етуім керек шығар. Жоқ, бұл маған қол емес.
Біз «Қыз Жібекті» түсіргенде нөкер болып массовкаға қатыстық. Маған қасқа маңдай бір ат тиді … Кеудемізде – сауыт, арқада садақ, бір жамбаста қорамсақ, бір жамбаста қылыш, аяқта қайқы саптама етік … Қызық болды бірде. Күні бойы шабылып, ымырт үйірілген соң түсірілімнен шығып келе жатқанбыз. Күн тымырсық, бес-алты жігіт шөлдеп, сусын іше кетпекке ниеттеніп, бұрылыста отырған малшылардың қорасына бұрылдық. Үстіде сауыт-сайман, найза-садағымызды шошаңдатып, «Ассалау-у-мағалейкум!» деп әлгі үйге кіріп барғанда бейғам отырған екі әйел «Көтек, көтек!» деп шалқалап, кәдімгідей талып-талып түсті. Үйдің отағасы еңбектеген бойда көзі бағжаңдап, кереуеттің астына кіріп барады. Алаң-көбең, беймезгіл уақыт. «Ойбай, не болып қалды?!» деп беттеріне кезек-кезек су бүркіп біз жүрміз. Сөйтсек, бұ кісілер соның алдында ғана ата-бабалары туралы сөз қылып отыр екен. Біз сау ете түскенде сол әруақтар кіріп келгендей шошыпты. Кино түсіріліп жатқандығы туралы білмеген. Талмағанда қайтеді енді.
Депутаттардың бәрі әртіс, соның ішінде профессиональный әртіс – жалғыз мен.
Бейғам уақыт кетті ғой. Көңілді болайын деп орынсыз және ыржалаңдай бермейсің. Бұрын да аса жайраңдай қоймаушы ем.
Менің осы күнге дейін не жеке афишам, не открыткам жоқ екен… Бәрінен бұрын ішкі мүмкіндігіңді, жарқын ойларыңды сахнаға бүкпесіз шығаратын театрың болмаса… Біреулердің нұсқауымен, қақпақылмен қашанғы жүресің.
Мәдениеті гүлденген бай мемлекетте тұрсаң сен де байсың. Ол үшін халықтың жан дүниесі де сұлулана түсуі керек.
Қазiргi барлық əзiл-оспақ отауы бiз шиырлап кеткен жолды, жауыр болған тақырыпты қайталаумен келедi. Ешқайсысының өзiндiк өнерi, өрнегi жоқ. Көрермен қауым ескiнi көруден, естуден жалықты.
Қазақта «Iнгенiмдi iздеймiн деп мiнгенiмнен айрылдым» деген сөз бар. Сол айтқандай, 1999 жылдан берi жұмыссыз жүрмiн. Мен үлкен қызмет сұрап жүрген жоқпын. Баспанасы бар бiр өнер ордасын берулерiне болады емес пе?! Мен сол жерден Сатира театрын ашар едiм.
Сұлтанбайдың әкелері аса кедей болмаған дейтін. Бірақ олар тастап кеткен мұра жоқ менде.
Әріптес аға буынды біздің тағдырымыз аса көп толғандырған жоқ. «Менен кейін топан су қаптаса да мейлі» деген түсінік олардікі. Шығатын биіктеріне өздері шығып алса болды емес пе! Несіне қайғырады…
Кейбір құрдасым «Ой, сенен бай адам жоқ! Шұлыққа тығып жатырсың бәрін» деп айтады. Олай емес. Төрт бөлмелі үйге жақында ғана кірдім.
«Тамашаның» режиссері мені кейінгі кездері шақырмайтын болды. Шақырмағаннан кейін қайда барасың?
Рөлдерді бір сарында ойнайтын қатты актерлер кездеседі. Олар бас пайдасын, өзінің тар деңгейлі жұмысын ғана білгендіктен, белгілі шеңберден шыға алмай, шынайылыққа жете алмай жатады. Есі шығып қуанғанын, рахаттанып күлгенін де көрмейсің өздерінің.
Жаман әдет, тозық дәстүр өміршең, өлермен келеді.
Мені өнерге талпынып өсіп келе жатқан жастардың тағдыры көп алаңдатады. Нағыз қиындықты солар көре бастады ма деп ойлаймын. Жас әдебиетшілерге, артистерге, суретшілерге, сазгерлерге арналып қор ашылса деймін. Өйтпесек, өнердің ертеңгі күні не болады.
Ұлттық әдет-ғұрыптарымыз айшықтана түссе, экономикасы дамыған өркениетті мемлекеттер қатарына қосылсақ, тыныштық сақталса, сырт елдер мойындап тұрмай ма?
Творчество заңдылығы сол – өнердегі жеке мәнеріңді, айшықты қолтаңбаңды қалдыруың керек.
Театр – үлкен мектеп … Оған ұжымдық енбек тән. Онда жұлдыз дегендер болмайды. Бірыңғай бояудан жалыққан көптеген актерлер кетіп те жатады. Ол ордада сенен де өткен арыстандар мен жолбарыстар қаптап жүр. Өз театрым болса, түренді тыңнан салсам, соңыма өзгеше мәнерлі із тастасам деп толғанатының содан.
«Комик» дегендерге жатып кеп өкпелеймiн. Мен комик емеспiн.
Тегінде, жыламайтын актер актер емес. Біз де кішігірім экстрасенспіз. Кейде рөліңе ішкі қобалжуды, бастан өткен жағдайды саласың. Жан әлемің неғұрлым таза болса, соғұрлым тез толқисың, көзіңе жас тез кептеледі.
Менің байлығым – бағаланған еңбегім. Сол – дәулет.
Совет театрында берік ірге қалаған жайдақ судай жалпақшешейлік әлі мызғымай келеді. Көптеген қисынсыздықты көре-көре, ағынға қарсы жүзгің келеді. Арманда кеткен Шәмші, Мұқағали, Әбілахат, Оспанхан, Асқарлар ойға оралғанда қамығасың. Олар қолдарында бола тұрып, сәулелі ақыл-ой, тегеурінді таланттары жете тұрып, көп нәрсеге үлгірмей кетті. Солардың қателіктерін қайталаудан тартынасың.
Неге біз тұлғалардың тек бала кезін ғана түсіреміз?! Өйткені, режиссердің одан артық дүние жасауға дәрмені, өресі жетпейді.
Өкініштісі, сөйтіп жүргенде уақыт та зымырап жатыпты.
* * *
Материал «Жас қазақ», «Розатайдың блогы», Әсет Ақмолданың парақшасы, El.kz, Dalanews.kz, «Түркістан» ресурстарында жарияланған материалдар негізінде әзірленді.