Адам неге жалқауланады?

Молекуляр биолог Ирина Якутенокның айтуынша, бізді қызықтырып, ерік-жігерімізден айыратын түрлі дүние көп-ақ. Мәселен, сондай еліктіргіштің бірі — әлеуметтік желілердің пайда болғанына 20 жыл да толған жоқ. Тұлға ретінде ішкі сұранысын қанағаттандыра алмаған адам сол қызыққыш дүниедің соңынан еріп кетеді, өзін басқарудан қалады. Ақыр соңында жалқаулыққа тап болып, еріншекке айналады.

Жалқаулық психологиясы туралы ғылыми мақаласында («Психология лени: постановка проблемы») ғалым жалқаулықты былай сипаттайды:

Жалқаулық — мотивацияның азаюы

Жалқаулық пен еріншектікті әлдебір істі жасағың келмеу деп емес, соны жасамауға деген құштарлық ретінде қарастыруға болады. Оның бірнеше себебі бар: 1) бейсаналы қарсылық: жалқаулық — адамның өзі қаламаған нәрсені істеп жатқанын сезуі. Сол себепті ол қарсыласып, жалқауланады; 2) кері ынталандырудың болмауы: жұмысыңды басқа біреу істеген кезде жалқауланасың, шаруаны басқа адам бітіретініне сенесің. Мұндай нәрсе үй тапсырмасын баласының орнына ата-анасы орындайтын кезде кездеседі. 3) жеке пайданың болмауы: іске қызыққан адам әдетте жалқауланбайды.

Жалқаулық жұмыстың сапалы болуы үшін керек

Кей адамға психологиялық күйзеліске жетіп, ақыр соңында жұмысты сапалы істеу үшін арасында жалқаулану керек.

Жалқаулық түйсік ретінде

Адам ерініп, бір нәрсені істемей қоятын кездер болады, ал соңында ол жұмысты істеу мүлдем қажет емес екені белгілі болады. Демек, жалқаулық кейде уақыт пен қуатты үнемдеуге көмектеседі. Мұндай кезде жалқаулықты позитив жағынан қабылдауға болады.

Жалқаулық — ештеңе істемеуден ләззат алу 

Жұмыстың нәтижесін күтпей, қазір жалқауланып, ештеңе істемеуден ләззат алуға болады. Мысалы, адамға көп жұмыс істеу керек болса, демалатын уақыттың да ауылы алыс деген сөз. Бірақ адам ол уақытты күтіп жатпайды, қазір жалқауланып, қазір ештеңе істемеуден рахаттанып алады. Оған қоса, жалқаулық деген — рахат алмаудан қашу. Ежелгі гректер рахат алу үшін қайғыдан қашу жеткілікті деп білген. Ал қазіргілер жұмыстан немесе оның нәтижесінен рахат алмаудан қашып, жалқауланады.

Жалқау жауапкершіліктен қорқуы мүмкін

Ештеңе істемесең, жауапкершілік те арқаламайсың. Кей адам жауапкершіліктен қорқады. Олар шаруаны көргенде-ақ жауапкершілік деңгейі қандай екенін бағамдап үлгереді де, қорқып, ол істен қашуға тырысады. Мұндай жағдайда оған көмекке жалқаулық келеді.

Жалқаулық — қорғаныш әрекеті

Жалқаулықты тек жамандық деп те ұғуға болмайды. Кейде бұл адамның шамадан тыс ресурс жұмсап жатқанын да білдіреді. Сондықтан көп жұмыс істеп кетсеңіз, алайда соңғы кезде жалқаулық басса, демалатын уақыт келгенін ұғыңыз.

Оған қоса, жалқаулық — кейде психологиялық қорғаныш функциясы. Мысалы, адам қандай да бір іс оған қол емес екенін, ендігі оны басқара алмайтынын түсінгенде, жай ғана шалқасынан түсіп, жатып алады

Жалқау адам істі жылдам бітіруі мүмкін

Жалқаулық пайдалы ма? Кейде, иә. Адам үй сыпыруға ерінгендіктен шаңсорғыш ойлап тапты, жоғарғы қабатқа жаяу көтерілгісі келмей, лифт жасады. Жалқау адам жұмысты бітірудің оңай жолын табуы мүмкін. Солайша, жалқаулық белгілі бір деңгейде адам өмірін жеңілдетіп келеді.

Жалқаулықтан қалай құтылуға болады?

Жоғарыда аталған бірді-екілі оң сипатына қарамастан жалқаулық адамның дамуын тежеп, өмір сүру сапасына кері әсер етіп келеді. Бүгін бітетін істі ертеңге қалдыру адамның энергиясын тауысады. Сондықтан мүмкін болса, жалқаулыққа жол бермеуге тырысқан жөн. Еріншек болмау үшін тәртіпке бағыну керек, күн жоспарын бекіту керек дегенімізбен, одан нәтиже шамалы.

Балалар ғылымы туралы жазатын Александр Толмачёв жалқаулықты жеңу үшін басқаға шын көңілден көмектесу ережесін ұстануға кеңе береді. Әуелі, ең жақындарымызға, сосын басқаларға жәрдемдесемін деуді тәртіпке айналдыру керек. Өзгеге жәрдем берудің сан алуан жолы бар: үйдегілердің киім сөресін жинап беру, шай ішкен үстелді жинау, еден жуу, офистегі үстелдердің шаңын сүрту және тағы басқа. Тіпті біліктілікті арттыру курстарына барудың өзі ұйымға көмек ретінде қабылдануы мүмкін. Өйткені көп білетін, қолынан көп нәрсе келетін адам — таптырмас маман.

Тағы бір әдіс — сүйікті ісіңмен көбірек айналысып, дәл сол істен нәтиже шығару. Бұл өзі жалқау болып, онысына бүкіл әлемді кінәлаудан жақсы. Адамды ылғи жалқаулық басып тұрса, демек ол сүйікті ісін әлі тапқан жоқ деуге болады. Мүмкін, ешқашан іздемеген де болар? Әлде іздеуге ерінді ме екен?

Жалқаулықтан құтылудың мынадай жолдарын ұсынамыз:

1. Мақсат қою және оған жеткеніңіз үшін өзіңізді марапаттау

Мақсатыңыз қазір болып жатқан жағдайдың бәрінен бірінші тұруы керек. Мақсатқа жетем деп жүргенде ерінуді ұмытасыз. Өмірлік емес, кәдімгі күнделікті жұмыстағы мақсатты айтып отырмыз. Мысалы, бүгін онлайн курс берген үй тапсырмасын орындауыңыз керек. Өзіңізге дедлайн қойыңыз да, «осы мақсатқа жетсем, өзіме тәтті сатып аламын» деген сияқты кішігірім сыйлық ұйымдастырыңыз.

2. Осыған дейін өзіңізді ынталандырған дүниелерді еске түсіріңіз

Бұрын сізді қамшылаған дүние қазір де қажетке жарауы әбден мүмкін. Мысалы, университетке грантқа түссем, ата-анамды қуантамын немесе жаңа адамдармен танысамын деп ойлаған шығарсыз. Ал бүгінгі істі бітіруге қандай мотивация ойлап табуға болады?

3. Ынталандыратын музыка тыңдаңыз

Тек тыныштықта жұмыс істеп үйренбесеңіз, өзіңізге ұнайтын музыканы қосып қойыңыз. Ол сізді жігерлендіретін, тезірек жұмысты бітіріп, мақсатқа жетуге ынталандыратын болсын.

4. Өзіңізге дұрыс сұрақ қойыңыз

Істен жалыға бастағанда өзіңізге жөні түзу сұрақ қойып үйреніңіз: «Мынаны істемесем не болады, істесем не болады?», «Жұмысты аяқтаған соң мені не күтіп тұр?» және тағы басқа. Иә, сұраққа жауап таынталандыруы мүмкін.

5. Бұл жұмысты не үшін істеп жатқаныңызды аракідік есіңізге салып отырыңыз

Мүмкін бұл жұмыстың ақысы қомақты шығар? Жұмыс нәтижесі басшыңызға ұнап, арқаңыздан қағатын болар? Әлде біреуге көмектесіп, оның ризашылығын аларсыз?! Не де болса мотивацияңыз азайып бара жатқанда бұл жұмысты не үшін істеп жатқаныңызды өз есіңізге салып отырыңыз. Бұл іске ынталандыруға әсер етіп, жалқаулықты жеңуге көмектеседі.