Анықталған 779 карантин талаптарын бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-тің 425-бабының 1-бөлігімен жалпы сомасы 36 350 130 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.
Карантин талаптарын бұзушылықтың басым бөлігі үй жағдайында көпшілік жиын ұйымдастыруға қатысты және қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік сауда орындарына қатысты анықталған. Оның ішінде жеке кәсіпкерлікке қатысты — 14, нысандарға қатысы бар жеке тұлғаларға — 365, ал нысандарға қатысы жоқ жеке тұлғаларға қатысты 400 әкімшілік хаттама толтырылған.
Халыққа қызмет көрсету орындарындағы карантин талаптарын бұзушылықтың басым бөлігі санитария талаптарының сақталмауына қатысты анықталған, яғни қызметкерлер маскасыз, қорғаныш қолғаптарынсыз халыққа қызмет көрсеткен, сонымен қатар шекті уақыттан асырып жұмысын жалғастырған нысандар да бар.
Атап айтқанда, 276 дерек маска тағу ережесін бұзуға және әлеуметтік арақашықтықты сақтамауға қатысты, жұмыс жасау уақытының шектелуін бұзу бойынша — 60, тыйым салынған нысандардың қызмет көрсетуі бойынша — 29, залалсыздандыру талаптарының сақталмауы бойынша– 14 талап бұзушылық орын алды.
Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 11 карантин талабын бұзушылық анықталды. Оның ішінде екі дерек қорғаныш құралдарынсыз қызмет көрссеткен жеке тұлғаларға қатысты болса, 9 дерек жеке тұрғын үйде көпшілік шаралар жасаған жеке тұлғаларға қатысты анықталды. Нәтижесінде 11 жеке тұлғаға 458 370 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Атап айтқанда: Қазалы ауданында екі жеке тұлғаға 83 340 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Себебі 2 тұлға да жеке тұрғын үйде үйлену, қыз ұзату тойларын өткізген.
Қармақшы ауданында «Ерке» мейрамханасында екі рет той өткенін мониторинг тобы анықтады. Нәтижесінде екі жеке тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, 83 340 теңгеге айыппұл салынды.
Сырдария ауданында 7 карантин талабын бұзу фактісі анықталды. Жұмысшы топ Шіркейлі ауылында екі той (үйлену, қыз ұзату), А.Тоқмағанбетов ауылында бір той (үйлену), Қ. Ахун ауылында бір той, Тереңөзек кентінде бір туған күн өтіп жатқандығы анықталды.
Сонымен қатар Н. Ілиясов ауылында орналасқан «Масаты» дүкені мен Шіркейлі ауылында орналасқан «Алишер» дүкенінде сатушылар халыққа бетперде мен қолғапсыз қызмет көрсеткен. Нәтижесінде 7 тұлғаға 291 690 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.