«Әліппе» 2021 жылдан мектеп бағдарламасына қайта енеді

«Әліппе» оқу бағдарламасы бекітілді. Білім және ғылым министрлігің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бағдарламаны ғалымдар, әдебиеттанушылар, әдіскерлер мен педагогтар әзірледі, сонымен бірге бұл жұмысқа өткен жылдардағы «Әліппе» бағдарламалары мен оқулықтарының авторлары да тартылды. Оқу бағдарламасын дайындағанда қазақ халқының белгілі ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізге алынды.

«Әліппе» оқу бағдарламасының басты мақсаты —  1-класс оқушысын оқу, жазу, ауызша және жазбаша сөйлемдер құрастыруға үйрету. Оқу бағдарламасында әріптер мен дыбыстар реті, буындағы дыбыстар мен әріптерді қолдану жиілігі, балалардың жас ерекшеліктері ескерілген. Сараптамадан өткен оқулықтар 2021-2022 жаңа оқу жылында оқу процесіне енгізіледі.

Жұмыс тобы ғалымдармен бірлесіп 20-дан астам отырыс өткізді. Процестің әр кезеңін министр өзі қадағалап отырды. Ендігі кезекте «Әліппе» оқу бағдарламасы бекітілді. Оқулықтар дайындалғаннан кейін қосымша сараптама жүргізіледі. Біз апробация жүргізілетін мектептердің тізімін анықтадық. Жалпы барлық мектепте жаңа оқу жылынан бастап 1-класс оқушылары «Әліппені» оқиды, — деді білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.

Ал орыс тілінде білім алатын 1-класс оқушылары жаңа оқу жылынан бастап алғашқы екі тоқсанда «Букварь», ал үшінші және төртінші тоқсанда «Обучение грамоте» пәндерін оқиды.

«Букварь» оқулығын әзірлеу жөніндегі топ та жұмысын аяқтап, оқу бағдарламасы бекітілді. Енді бұл оқулық бойынша да апробация жүргізіледі.