Орталық Азияның ірі технопаркі Astana Hub Қазақстан стартап-экожүйесінің бірыңғай алаңы — TechHub.kz платформасын әзірлеу бойынша цифрлық конкурстың жеңімпаздарын анықтады. Бас жүлде — 55 миллион теңге сомасындағы келісімшарт AnyDev командасына бұйырса, екінші орынды greetgo! командасы және үшінші орынды E Cloud командасы жеңіп алды.
Цифрлық байқаудың финалы биылғы 31 қазанда онлайн-форматта өтті. Байқаудың тікелей көрсетілімінің жазбасын Технопарктің YouTube-тегі ресми парақшасынан таба аласыздар.
Цифрлық конкурсқа қатысу үшін Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінен барлығы 68 өтінім келіп түсті. Қорытынды бойынша 11 команда іріктелді: greetgo!; Алатау системс; Somatic; Digital Agency Nidge; Smart Technologies Solutions; Aloteq (Беларусь, Минск); SiteLine; D-vision technologies; AnyDev; E-CLOUD; Man & Technologies Lab (Ресей, Мәскеу).
Қатысушы командалар 2 апта ішінде қызмет көрсету, өтінімдерді өңдеу және экожүйенің деректерін талдау мүмкіндігі бар Қазақстан стартап-экожүйесінің бірыңғай алаңы — TechHub.kz платформасының MVP нұсқасын әзірлеуі керек болды. Байқау жеңімпаздарымен келісімшарт жасалып, платформаны толық іске асыруға және пысықтауға тағы 3 ай беріледі. Сонымен қатар бұл сомаға 12 айға кепілдік қызметі кіреді. Екінші және үшінші орындар үшін берілген сыйлықтар — байқауға 2 апта бойы қатысқан командалар үшін жақсы бонус, — деп хабарлады Astana Hub технопаркінің баспасөз қызметі.
Цифрлық байқау қатысушыларын тәуелсіз қазылар алқасы — IT саласының мамандары бағалады:
- Алибек Датбаев, Engineering Manager Booking.com;
- Ильяс Оспанов, «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ президенті”;
- Александр Дорошенко, Wooppay.com негізін қалаушы;
- Айбек Альмухаметов, «TechGarden» ДКҚ бас директорының орынбасары”;
- Арман Тосканбаев, кәсіпкер, OTAN сағаттарын жасаушы.
Қазылар алқасының шешімі бойынша AnyDev командасы Astana Hub цифрлық байқауының жеңімпазы атанды. Платформаны әзірлеу үшін бас жүлде ретінде 55 миллион теңгеге келісімшарт жасалады. Екінші орынды greetgo! командасы, үшінші орынды E Cloud командасы жеңіп алды. Екінші және үшінші орын иелеріне тиісінше 1 миллион теңге және 500 мың теңге беріледі.
Біздің команда қабілеттерімізді көрсетуге мүмкіндік бергені үшін Astana Hub, оның барлық ұйымдастырушысы мен қазылар алқасы мүшелеріне алғысын білдіреді. Байқау жөнінде Facebook парақшасында тіркеу аяқталуға 2 күн қалғанда ғана білдік. Біз үшін бұл үлкен challenge болды, студенттік жылдарымызға қайта оралып, ұйқысыз өткен 2 апта бойы жобаның MVP нұсқасын жасау үшін тер төктік. Ақтық мәреге дейін жеткен барлық 11 команда өте жақсы нәтиже көрсеткенін және әркімнің өз өніміне деген көзқарасы болғанын атап өткім келеді. Байқаудың барысын бақылауда ұйымдастырушылардың күн сайын барлық жаңалық туралы хабардар етіп, Тelegram-да сұрақтарға жауап беріп отыруы көмек болды. Әсіресе, байқаудың соңғы күнінде өткізілген алдын ала қорғау бізге жұмысымыздың тұсаукесеріне дайындалу үшін көп жұмыс істеу керек екенімізді түсінуге көмектесті. Бірлесіп TechHub аталатын керемет платформа жасап шығарамыз деген үміттенемін, — дейді цифрлық байқаудың жеңімпазы Айбек Пренов.
Any Dev 2017 жылы құрылған, жоба командасының қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын төлеу жүйесін, лидогенерация және лидтерді өңдеу платформасын құруда тәжірибесі бар. Сонымен қатар Any Dev Кремний алқабындағы қалдықсыз тамақтануды қамтамасыз етуге арналған стартап-жобамен жұмыс істеген. Idocs.kz; consumeraffairs.com; dukender.kz; 1fit.app; voxball.com; level8.kz; getcontact; egov.kz және fckairat.com жобаларын құруға қатысқан.
greetgo! 2008 жылы құрылған. Компания бизнесті автоматтандыру шешімдерін, интеграциялық шешімдерді, HighLoad міндеттерін және корпоратив сегментке арналған ML шешімдерін әзірлеуге мамандандырылған. Компанияның портфолиосы негізінен қаржы институттары, қор және тауар биржалары мен брокерлерге арналған шешімдерден тұрады.
E-CLOUD 2017 жылы құрылған. Компания бизнес-процестерді аутсорсинг қағидаты бойынша автоматтандыру және SaaS моделінің қағидаты бойынша ақпараттандырудың сервистік моделі қызметтерін ұсынады.
TechHub.kz платформасын әзірлеу байқауына 11 мықты команда қатысты, олардың екеуі шетелдік: біреуі Минсктен, екіншісі Мәскеуден. Қазылар алқасының мүшелеріне таңдау жасау өте қиын болды. Төрешілер арасында Алибек Датбаев, Александр Дорошенко, Айбек Алмухаметов және Арман Токсанбаев сияқты тәжірибелі әзірлеушілер, IT-мамандар және кәсіпкерлер болды. Тәуелсіз қазылар алқасының арқасында біз байқаудың техникалық тапсырмасын орындауда барлық аспекті мен тармақтардың жұмысқа қабілеттілігін тексере алдық, — дейді «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ президенті Ильяс Оспанов.