Айнұр Ақтөбе облысы, Бөрте ауылында тұрады. Бұл жаққа 2004 жылы қаладан жұмысқа келген екен. Әу баста екі жылдай тәжірибе жинап, қалаға қайтамын деп ойлапты.

Осы ауылдың фермер жігітіне тұрмысқа шығып, қалып қойдым. Қазір басқаларды ауылға шақырып жүрмін, — дейді ол.

Айнұрдың айтуынша, алғашында ауыл өміріне үйрену оңай болмаған. Сиырдан қорқып, қораға кірмей жүріпті.

Айнұр Жакенова
Айнұр Жакенова. Фото жеке архивінен

Басында бес жылдай енем сиыр сауып жүрді. Мен одан қорқып, «Неге жаман көзімен қарайды, аяғын, мүйізін байлап қойыңдар» деп байбалам салатынмын. Қазір жолдасымның өзі «10 сиырды не істейсің, азайтсаңшы» дейді. Мен келіспеймін. 10 сиырым өзімнің құрбым сияқты. Таңертең сиыр сауғанда, тып-тыныш кезде блогыма не жазуға болатынын ойластырып отырамын, — дейді Айнұр Жакенова.

Айнұр Жакенова
Сиыр сауу. Фото жеке архивінен

Ауылға үйренуге, оның жақсы жағын көруге енесі көмектесіпті. Тіпті парақша ашып, блог жүргізгенде де қолдап отырады екен.

Енем — өте керемет адам. Ауылға үйренуіме көмектесті, Әрдайым қолдап отырады. Ешқашан «қолыңнан келмейді» деп айтқан емес, ұрыспайды. «Айнурочка» деп қасымда жүреді. Блог жүргізуді бастағанда атам онша ұнатпады. Сол кезде енем «Ең бастысы келінім бәрін үлгеріп жатыр, блог жүргізгісі келсе, жаза берсін. Ол — қазіргі заманның талабы» деп, қолдады, — дейді Айнұр.

Айнұрдың жолдасы фермер, трактормен жұмыс істейді. Аккаунтының «Тракторшының махаббаты» деп аталуының себебі — осы.

Бір күні таңғы жүгіруден соң шабыттанып келіп, «Менің таңым» деген пост жаздым. Жазғаным туыстарым мен құрбыларыма ұнап, бәрі жақсы пікір айтты. Сонда «Ауылдың шынайы өмірін көрсетсем, біраз адамға қызық болады екен» деп ойладым да, жаза бастадым. 2019-дың көктемі еді. Ал аккаунтым басқа парақшаларға қарағанда ерекше, қызық болсын деген оймен атауын «Тракторшының махаббаты» деп қойдым, — дейді ол.

Айнұр Жакенова
Фото жеке архивінен

Бөрте ауылына интернет биыл жазда қосылды. Оған дейін келіншек үйдегі бір терезенің алдында отырып парақшасын жүргізген. Осылай 300 оқырманды 250 мыңға көбейткен.

Онда да интернет дұрыс ұстамайды, «Е» деп тұрады (E — EDGE дегеннен қысқарған көрсеткіш, 474 Кбит/с жылдамдыққа дейін баратын баяу интернетті білдіреді — ред). Сол жерде отырып, бір жыл бойы пост жазып жүрдім. Ол ұзақ жүктеледі. Интернет жоқ болса да, парақшамды жүргізу, пост жазу маған қызық болды, — дейді келіншек.

Айнұр — мектепте мұғалім. Қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ береді. Үш баласын ата-енесімен бірге аудан орталығына көшіріпті. Себебі ауылда қазақ мектебі жоқ, ал ол балаларының қазақша оқығанын қалапты.

Айнұр Жакенова
Мұғалім Айнұр Жакенова. Фото жеке архивінен

Қазір ауылда жолдасым екеуіміз тұрамыз. Балаларым каникулда келгенде, фото, видеоға түсіріп, көмектеседі. Әсіресе қызым үнемі түсіріп жүреді. Олар жоқта жолдасым көмектеседі, — дейді Айнұр Жакенова.

Әр ауыл әйелінің өмірі сияқты оның да таңы сиыр сауудан басталады. Жазда 4.30-да тұрып, 10 сиырын сауады екен.

Қазір сиырлар суалып қалды, жаздағыдай ерте тұрмаймын. Сауып болған соң сүтті сепаратордан өткізіп, бұзауларға беремін. Сосын таңғы жүгіруге шығамын. Жүгіріп келіп, отбасымызбен таңғы шәйімізді ішеміз. Сосын жұмысыма барамын. Өзіме міндетті түрде уақыт табамын. Кешке бетіме күтім жасап, қосымша шынығамын, жаттығу жасаймын, — дейді Айнұр Жакенова.

Айнұр Жакенова
Фото жеке архивінен

«Тракторшының махаббаты» парақшасын көбіне қыз-келіншектер оқиды. Оның ішінде қалада тұратыны да, ауыл әйелдері де бар. Біразы шабыт алып, алғысын, тілегін жазып жібереді екен.

Оқырманым «Ерінгенде сізге қараймыз, сосын жұмысты да істеп, өзімізге де уақыт бөлеміз. Тракторшының махаббаты бәріне үлгеріп жатыр, неге сондай болмасқа?» деп құлшынады екен. Жолдасы ауылға көшейік дегенде шошыған келіншектер қазір «Сіз насихаттағасын ауылға көштік, мұнда да жақсы өмір бар екен» деп, хат жазады, — дейді ол.

Айнұр Жакенова
Фото жеке архивінен

Айнұр Жакенованы ауылдың үлкендері де қолдайды.

Ауылдағылар да басында жеке парақшамда ауыл өмірін көрсеткенімді түсіне қоймады. Ол кезде интернет те жоқ еді ғой. Қазір ауылдың үлкендері той-жиында мені көрсе, «Ауылымызды жақсы жағынан танытып жатырсың» деп, ризалығын білдіреді.

Айнұр Жакенованың айтуынша, ауылда тұрғысы келмейтін адам көп. Ол үнемі ауылдың жақсы тұсын айтып, басқаларды ауылға шақырып жүреді.

Айнұр Жакенова
Фото жеке архивінен

Ауылда жағдай қаладағыдай емес, газ жоқ, қыстыгүні қар қатты жауса, жол жабылып қалады. Интернет те жақында келді. Осыған қарамастан ауылдың жақсы тұсы да бар. Өмір тыныш. Аянбай еңбек етсең, өте жақсы өмір сүруге болады. Жейтін тағамымыздың бәрі — ет те, сүт те, жұмыртқа да, бақшадағы көкөніс, жемістер де табиғи. Ауылдың адамдары да қарапайым, бір-бірімізге қонаққа барып, шәй ішіп, емін-еркін жүреміз. Ауылдың өмірі ұнайды. «Қойшы, тракторист жігіттерді қолтықтап, қалаға қашпаңыздар» деп үнемі айтамын. Ауылда да жақсы өмір сүруге болады. Осыны үнемі насихаттаймын, — дейді ол.