Өркениетті елдің дамымаған елден айырмашылығы біреу-ақ. Ол мемлекеттің ұлылығы, қарулы күштерінің қуаты, өткен тарихының өнегелі екендігінде емес. Ол қарапайым азаматтардың бақуаттылығы, хақы мен құқығында. Мемлекеттің дамыған-дамымағаны осыменен өлшенеді.

«Менің жанымды кім түсінеді» деп зарлай беретін әдебиет ескірді.

Жас ұрпақтың әлемдік құндылықтарға бет бұруы енді тоқтамайды. Әлем ашық, интернет бар. Жаңа дәуір еріксіз келеді. Сіз көктемнің келуін тоқтата алмайсыз ғой.

Тарихтан байқасаңыз, Алтын Орданың аясында болған елдердің бәрінде дерлік азаматтық қоғам дамыған жоқ. Моңғол шапқыншылығы Орталық Азия мен Түркістан өркениетінің тамырына балта шапты. Ғылым мен білім өлді. Еркек кіндіктінің бәрі тек жауынгер ретінде қабылданды, ал сарбаз азамат емес. Ол – басшының бұйрығына бағынышты, өзіндік пікірі жоқ бейбақ.

Біз қазір ғылымды идеологияға, мақтаныштың жолына, өтірік бір есеп берудің айласына айналдырып жібердік. Ал, шын мәнінде, ғылым – адамзатты болашақта дамытатын жалғыз-ақ нәрсе.

Ұлтшылдық деген — өте үлкен комплекс және өте үлкен күнә. Бұл – адам бойындағы ең нашар қасиеттердің бірі. Жалпы, өзіңнің ұлтыңды бөліп алып, өзіңнің аяңнан шықпай, жалпыға ортақ додаға түспей өмір сүру бұл өзіңе деген сенімсіздіктен, бәсекеден қорқудан. Бәсекеден қорықсаң, міндетті түрде «Оңбағандар! Неге Қазақстанда басқа ұлттың адамдары жұмыс істеуі керек? Неге қазақтарға бермейді бұл қызметті? Неге үйтіп жатыр, неге бүйтіп жатыр?» деп айтасың.

Үкіметтегілер өзін-өзі сынағаннан мүйіз шықпайды. Қоғамды өзгерту үшін сол үкіметті сынайтын институт болуы керек. Оның аты – БАҚ.

Әлі күнгі мақтанышымыз – «ата-бабамыз аттан түспеген жаугершіл болған» деген дақпырт атақ. Ақындарымыз әлі күнге дейін соны жырлайды. Әлбетте Доспамбет, Махамбет секілді тарихи феномендер болған. Алайда бүгінгі таңда әкімнен алған пәтердің есігін іштен жауып алып, «мен көк бөрімін!» деп өлең жазу маған күлкілі секілді.

Мен танитын, қазақтың белгілі ақындарының бірінің баласы әңгімесін «менің данышпан әкем айтқандай» деп бастайтын. Мен оған күлетінмін. Дегенмен, жасы жетпістен асса да, әкесін айтумен, соны ақтаумен, соған не мектеп, не көше сұраумен келе жатқандар бар емес пе?

Байдың баласы машинамен қағып адам өлтірсе де, сотталмайтын қоғамда халық заңға сенбейді. Түкке тұрмайтын адам жағымпаздық арқылы депутат бола алатын қоғамда адам әділдік бар деп ойламайды.

Парасат біреу ғана. Бұл – адамзаттың озық ойы, ғылым, білім және өркениет. Дарвинның эволюция теориясын жоққа шығаратын ортада парасат жоқ. Дәйексіз соқыр сенім, нанымға негізделген ортада парасат жоқ. Ұлтшылдыққа, идеологияға уланған ортада парасат жоқ.

Бір нәрсені ойлану керек, егер біз самолетпен бір жерге бара алсақ, машинамен жүрсек, тісімізді жұлдырсақ, соқыр ішектен өліп қалмасақ, туберкулезді емдетсек, соның бәрі діннің емес, ғылымның арқасы. Адамзаттың бүкіл жетістігі – ғылымның арқасы.

Әттең бүгінгі күнді былықтырып жүрген «тұлғаларымыздың» көбі болашақ ұрпаққа күлкі болатынын түсінбейді.

Есерсоқ басшылар жемқор ортадан шығады. Таныс-тамырлықпен өмір сүруден шығады. Руыңды, жүзіңді бұлдап, жұмысқа тұрудан шығады. Жұмысқа тұрғанда, айналаңа өзіңнің ауылыңнан шыққан, өзіңнің руыңнан шыққан адамдарды алудан шығады. Бәсекенің жоқтығынан шығады.

Менің пікірімше, біздің Қазақстанның телевидениесі өзінің ең басты бір міндеттерін атқармай отыр. Ол – ағартушылық. ТВ-ның ағартушылық міндеті болуы керек. ТВ халықтың, көрерменнің сауатын арттыруы керек. Оның парасат деңгейін көтеруі керек. Біздің ТВ, өкінішке қарай, тек дақпырт, мақтаныш, ермек, күлкіге айналып кеткен.

Ауылды жерде ешқашан ұлт қалыптаспайды. Ұлт қалаға келіп қалыптасады.

Мен «әке» деп атамды айтамын. Төлен Әбдікұлын «папа» деймін. Екеуара әңгімені «дәуір мен дәуірдің тілдесуі» деп бағаламаймын. Әңгімеміз көбіне тұрмыстық мәселелерге байланысты. «Ақшаны қайдан табамыз?» деген секілді.

Тұлғадан «культ» жасау, көсем іздеу, жеке басқа табыну – дамымаған қоғамның бәріне тән.

Егер мен ренжіп жүрсем, мені мұқатқысы, мұңайтқысы келетіндер рахаттанады, қуанады. Олардың бәрібір маған жаны ашымайды. Сондықтан мен ештеңеге қарамастан жігерлі, көңілді өмір сүруге міндеттімін.

Қорқақ адамның барлығы билік басындағы біреудің қара күшін пір тұтады. Біреуге зорлық-зомбылық жасаған адамды керемет көреді.

IX, X, XI ғасырда 200 мың халқы болған Отырар секілді қалалар талқандалмағанда, бүгін қандай қала болар еді? Біз қазір Лондон, Париж, Нью-Йорк деген қалаларға сүйсініп қараймыз. Орталық Азияның өркениеті қазір бүкіл Еуропа, бүкіл әлем сүйсінетін өркениет болар еді.

Біз ұзақ уақыт «дүниенің кілті – орыс тілі» деп ойлап келдік. Бүгінгі таңда олай емес. Глобализация заманында біз бейресми болса да, өркениетке төте жол тартар екінші тілді игеру қажеттігінен бас тарта алмаймыз. Біздің жағдайда ол ағылшын тілі болуы қажет деп ойлаймын.

Дін бар жерде ғылым дамымайды. Ешқашан. Өйткені, ғылым деген – ізденіс. Дін деген – догма. Сондықтан дін бар жерде ғылымның дамуы мүмкін емес.

Қазақ хандығының пайда болуы – бұл небәрі төре тұқымының бір-бірімен таққа таласып, содан кейін бір топтың екінші топқа ренжіп, елін бөліп алып кетуі. Болды. Онда ешқандай басқа негіз жоқ. Таққа таластық.

Адамды шын мәнінде азат ететін бір ғана нәрсе – заңнан басқа ешкімнің алдында басыңды имеу.

Әл-Фараби секілді, Эйнштейн секілді, ибн Синалардың барлығы – дін тарапынан жасалған зорлық-зомбылыққа қарамастан, осы ғылымды дамытқан адамдар. Бәрі – көзі тірі кезінде қуғын-сүргін көрген адамдар. Жордано Брунолар сол үшін отқа жанған. Сондықтан адамзаттың ең үлкен қаһармандары – біз айтатындай, батырлар, басқалар емес, ғалымдар.

Қоғамды бұзатын – Шыңғыс ханды қазақ қылғысы келетін жазушылар, тарихқа араласатын көріпкелсымақ депутаттар мен сенаторлар, руын дәріптеп, азғантай тобырға көсем болғысы келетін алаяқтар.

Қазаққа балаға ұрысқандай ұрсуға қарсымын. Абай секілді қазаққа ақыл айтуға қарсымын. Қазақсың ба, қазақты жақсы көру керек. Болды.

«Театр – тобырдан ұлт қалыптастыратын жер» деген сөз бар. Қалада қалыптасатын, жасалатын мәдениет ұлтты жасайды. Өйткені, ұлтты біріктіретін бір-ақ нәрсе – мәдени орта мен тіл.

Тарихты зерттеу, жоқты түгендеу жұмысы ешқашан тоқтамайды. Тек бұл жұмысты біздегідей жазушылар емес, білікті мамандар, тарихшылар, этнографтар атқаруы керек.

Біздің елде толық еркіндік, сөз бостандығы әлі қалыптасқан жоқ. Өйткені билік БАҚ-ты өзінің қарауындағы, өзіне бағынышты институт деп есептейді.

Бізде қалада туып өскен қазақтілді журналистер жоқтың қасы. Көбі ауылдан келеді. Ауылдан келгеннен кейін әлеуметтік мәселесін шеше алмайды. Ресей мен біздің журналистердің жалақысын салыстырып көріңіз. Жер мен көктей. Әлі күнге дейін әріптестеріміз әлеуметтік жағынан қорғансыз. Қазақтілді азаматтар қалаға келіп, пәтер алып, қорықпай жұмыс істейтін жағдайға жеткенше тығырыққа тіреле береді.

Сен, мысалы, пәтер алу үшін президентті мақтадың не, немесе атақ алу үшін министрді мақтадың не, әкімді мақтадың не – өзіңнің руыңды, ұлтыңды мақтау тура сондай жағымпаздық.

Қазақтың аңызында, фольклорында Шыңғыс хан туралы бірде-бір жағымды сөз жоқ. Оны ойлап тауып жүрген кейінгі сауаты шамалы, комплекстары бар жазушылар.

Руханият деген бұл тек философия мен әдебиетте айтылатын нәрсе емес… Руханият деген сіздің жұмысқа тамыр-таныссыз орналасу мүмкіндігіңіз, сотқа барып әділ шешім табу мүмкіндігіңіз. Ойыңыздағыны ашық айтып, қорықпай өмір сүру хақыңыз.

Біз жабық қоғамнан шығып ашық әлеммен таныстық. Енді кішкентай ұлттарға тән комплекстерден арылып, ашық әлемнің азаматы болған ләзім.

Мен өзім Ғылым академиясында жұмыс істеген адаммын. Сондықтан мен ғылымға жасалып отырған озбырлықтың бәрін өз көзіммен көргенмін. Ол – өте өкінішті нәрсе.

Адамды емес, қоғамды сынауымыз керек. Адамды сынау – Абайдан қалған дәстүр. Оның өлеңдерін оқысаң, барлығына қазақтың өзі кінәлі секілді. Адамды сынау оңай. Ал қоғамды сынау – бұл күреске түсу деген сөз.

Cіздер Шыңғыс ханды дәріптесеңіздер, онда Гитлер де керемет. Онда Наполеон да, Сталин де керемет. Егер Сіздер адамның ұлылығын оның парасатымен, ізгілігімен емес, тек жаулап алу құдыретімен өлшесеңіздер, онда Шыңғыс ханға табынасыздар. Бірақ, Шыңғыс ханға табынған қоғам ешқашан ізгілікті қоғам болмайды.

Жазушыларға «біз халықты тәрбиелейміз, оқырманға ақыл айтамыз» деген ойдан аулақ болған жөн.

Біз әдетте Әл-Фараби мен Авиценнаға, Бируни мен Ұлықбекке ислам әлемінің ғалымдары деген атау тағып қоямыз. Бұл дұрыс емес. Өкінішке қарай, дін мен ғылымның қатар дамуы мүмкін емес. Дін – әрдайым ғылымға салынатын ауыздық.

Алаяқтар ештеңеден қорланбайды. Үндемей өз есебімен күнелтуден де, өтірік мақтау-мадақтаудан да, жалған есеп беруден де арланбайды. Керісінше, олар сол бір айлакерлігін асқан ақылдың, даналықтың белгісі деп санауы мүмкін.

Мен этникалық ұлтшылдықты жек көремін. Бұл – фашизмнің алдыңғы сатысы. Ұлт дегеніміз этнос емес, бұл – қандай да бір тілдің, мәдениеттің, қоғамдық құндылықтардың негізінде қалыптасқан орта. Ал өзін ұлтшыл-патриотпыз деп жүргендердің ішінде әр кезде де, әр елде де алаяқтар басым болады.

Діндар емес, зайырлы, ұлтшыл емес, толерантты, патриоттарынан либералдары басым, сол дәуірдің озық технологияларына қол жеткізген, ғылымы мен өнері жетілген қазақ тілді қоғам көргім келеді.

Мен онша атаққа қызықпаймын, одан да ақшаны таңдар едім. Өйткені ақша өмірдегі көптеген арманымды орындауға мүмкіндік берер еді.

Әл-Фарабидің «Ізгі қаланың тұрғындары туралы» еңбегі бар. Ізгі қала – ізгілікті қоғамның үлгісі. Міне, осы еңбегінде ол қала басшысына қажетті бірнеше қасиетті тізіп айтады. Сосын бұл қасиеттің бәрі бір адамның бойынан табылмауы мүмкін, ондай жағдайда қалаға бірін-бірі толықтыратын бірнеше адам басшылық етуі тиіс дейді. Парламенттік басқару емей не?

Ең үлкен қателік – жалған көсемдердің сөзіне еру. Өйткені олар жарға жығады.

Мен арабтардың бай мемлекет екенін мойындаймын. Бірақ оларды дамыған мемлекет деп есептемеймін. Дамыған қоғам деп есептемеймін. Өйткені, дамудың алдыңғы шарты – демократия, сөз бостандығы, ғылымның дамуы. Бұлардың ешқайсы араб әлемінде жоқ. Сондықтан олар керемет сүйсінетін ел емес.

Өзінің халқын керемет жақсы көрген, өзінің халқының сүйегі өзгелерден асыл деп ойлаған, сол үшін өзінің өмірін құрбан еткен, ешқашан қазынадан ұрламаған, ешқашан жемқор болмаған, таза өмір сүріп, елдің экономикасын дамытып, жұмыссыздықты жойып, өзінің өмірін халқының жолында сарп еткен бір адам бар тарихта. Кім? Ол – Адольф Гитлер.

Біздің әдебиетімізде әлемдік құндылық жоқ. Ол – ұлттық емес, рулық құндылықтар. Әркім өзінің руынан шыққан бір батырды мақтап роман жазады. Содан соң өзінің руынан шыққан бір комерсанттар: «Ой, аға, біздің руымыздың мәртебесін асырдыңыз. Ой, рахмет!» деп қолына он мың доллар ұстатып кетеді. Жылда соғымын әкеп тұрады. Ауылына барған кезде ауданның әкімі: «Біздің керемет көсеміміз келді» деп соған ат шаптырып, той жасайды. Сол ма әлемдік құндылық деген? Сол ма руханият деген?

Авторитарлы жүйеде ғылым ешқашан дамымайды. Өйткені ғылымның дамуының алдыңғы шарты – ой еркіндігі.

Владимир Жириновскийге қараңызшы. Орыстың ұлтшыл патриоты. Ұнай ма? Жоқ. Ұлтшылдық риторикасын пайдаланатын кез келген адамның шынайы келбеті дәл сондай.

Біз өзімізді рухани бай халықпыз деп мақтағанды жақсы көреміз. Батыс елдерін рухани азғын дейміз. Алайда жемқорлықтың көкесі оларда емес, бізде.

Өмірдің кез келген саласына бойлап, пікірімді айтуға хақым бар деп ойлаймын. Оны қаншалықты сапалы, әрі білікті айта алам – ол басқа мәселе. Адамның өз пікірін ашық, әрі еркін айтуы өркениетті, азаматтық қоғамның алдыңғы шарттарының бірі емес пе?

* * *

Материал qazaqadebieti.kz, qamshy.kz, abai.kz, kerey.kz, jasqazaq.kz, Жетісу телеарнасы ресурстарында жарияланған материалдар негізінде әзірленді.

Бас сурет: arasha.kz